Хабар телеарнасы

Президент Берлин еуразиялық клубының отырысына қатысты

Сыртқы нарыққа экспорттық өнім шығарса, субсидия алып, шаруасын ширатуы тиіс. Есесіне германиялық технология отандық өндірістің барлық саласына енгізіледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия астанасында өткен Берлин еуразиялық клубының отырысында айтты.

Берлин еуразиялық клубы 2012 жылы құрылды. Содан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Дәл осы сәттерде 28-отырысы басталғалы тұр. Бір ерекшелігі: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен алғаш рет өтеді.

Берлин төріндегі бұл ғимарат бір күнге болса да, қазақстандық делегациясының штаб-пәтеріне айналды. Басқосуға германиялық қана емес, еуропалық бизнес қауымдастықтың өкілдері жиылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тұрақты саяси жағдайымыз көрші елдермен байланысты жандандыруға септігін тигізеді. Бізбен көрші аймақтарда 500 млн-дық нарық бар. Алдағы уақытта Қытай мен Еуропа арасындағы сауда-саттықтың 10% Қазақстан арқылы өтеді деп жоспарлап отырмыз.

Осыдан бір күн бұрын Германия канцлері және президентімен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі бағдарын кәсіпкерлерге бұрды. Президент саясат пен экономикада таразы басын тең ұстайтынын аңғартты. «Бұдан былай қазақ-герман қарым-қатынасына Премьер-Министрдің орынбасары мен Сыртқы істер министрі тікелей жауапты болады», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанға тікелей инвестиция тарту қоры мен «Kazakh Invest» компаниясына арнайы германиялық кеңсе ашуды тапсырдым. Ол осы елдің инвесторларымен тікелей жұмыс істейді. Қызметкерлер Германияда біліктіліктерін арттырып, тығыз әріптестік орнатуға дайын болады. Ал «Бәйтерек» пен «Қазақстан даму банкіне» еліміздегі германиялық бизнеске несие берудің ерекше тәсілін ойлап табуды ұсынамын. Бұл ретте қаржы тек теңгеде берілуі тиіс.

Елімізде салықтық жеңілдік ұсынылатын арнайы экономикалық аймақтар бар. Игілігін тек отандық емес, неміс компаниялары да көре алады. Қазақстан нарығына инвестиция әкелсе, жан-жақты қолдау, құқықтық және қаржылық көмек те көрсетіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бәйтерек холдингі үшінші елдерге экспортпен айналысатын германиялық компанияларға субсидия бөлу, қосымша қолдау көрсету жайын қарастыратын болады. Бұл – бұрын-соңды қолға алынбаған шара. Бірде-бір елге мұндай қолдау көрсеткен емеспіз.

Анығында немістің шағын және орта бизнесі де қуатты. Біздің елде қарапайым заттар экономикасын дамытуға септігін тигізуі мүмкін. Бірақ басты мәселе – Қазақстан нарығын жетік біле бермеуінде.

Кристиан Гроссе, Орта бизнес директорлары федералды кеңесінің мүшесі:

- Сіздердің елде негізінен ірі компаниялар жұмыс істейді. Орта деңгейлі кәсіпорындар көп емес. Олар Қазақстанның кең ауқымды мүмкіндіктерін білмейді. Жеке-жеке салаларда жайлы жағдай барын түсіндіру керек.

Герман инвесторлары үшін Қазақстан бұдан былай тәуекелді аймақ емес. Неміс үкіметі енді біздің елдегі кәсіпкерлердің шаруасы шатқаяқтап қалса, сақтандыру қаржысын төлейді.

Тимур Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары:

- 10 жыл бойы еліміздегі германиялық инвестиция сақтандырылмай келді. Көпшілігі тәуекелге баруға ұмтылған жоқ. Президент сапарының қарсаңында осы мәселе де шешімін тапты. Енді германиялық тарап инвесторлардың қаржысын сақтандырады. Алдағы уақытта елімізге қомақты қаржы капиталы келуі мүмкін.

Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін де таныстырды. Құқықтық жүйесі бірегей құрылыммен жұмыс істеуге шақырды. Ал қаржы орталығының басшылығы германиялық тараппен ынтымақтастық жөнінде меморандум бекітті. Түпкілікті мақсат – әлемдегі төртінші экономикамен стратегиялық серіктестікті нығайту.

Ресми сапар қорытындысы – екіжақты құжаттар. Олардың саны 30-ға жуық. Ал жалпы құны 2 млрд АҚШ долларынан асады. Басым бөлігі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталып отыр. Нәтижесі алдағы жылдары белгілі болады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов, Асхат Әзіретханов