Хабар телеарнасы

200 қазақстандық томотерапиямен ем алды

Ең сорақысы, қауіпті дертке душар болғандардың саны жыл өткен сайын көбейіп барады. Сондықтан дәрігерлер аты жаман аурумен күресу үшін тың әдістерді меңгеруге көшкен. Соның бірі – томотерапия. Қазір 200 отандасымыз осы ем түрін қабылдап үлгерген екен. Мұндай кезде қателесуге болмайды. Сондықтан Қуандық Қосназаров үшін бұл – жауапты сәт. Білікті дәрігер емделушінің кім екенін айтпады. Құпия. Бір анығы әлгі науқас ми ісігіне шалдыққан.

Қуандық Қосназаров, Томотерапия және ядролық медицина орталығының операторы:

- Науқасқа құрылғыны кигіземіз. Басы қимылдамауы үшін жан-жағынан мықтап бекітеміз. Әрбір науқасқа бөлек маска қарастырылған. Олар мұны ем алып біткенше қолданады.

Бұл әдіс «томотерапия» деп аталады. Оның химиотерапиядан ерекшелігі көп. Жаңа тәсіл бұрынғыдай сау жасушаларды жоймайды. Тек ісік пайда болған жерді ғана емдейді. Әзірге Орталық Азия аумағы бойынша тек біздің елде ғана қолданылып жатыр. Қазірдің өзінде 200 отандасымыз осы әдіс арқылы ем қабылдап үлгерген. Көбі квотамен емделіпті. Осы процедурадан кейін науқастардың біразы өздерін жақсы сезініпті. Бірақ құлан-таза айығып кетті деуге болмайды.

Борис Цой, Томотерапия және ядролық медицина орталығының рентгенолог-дәрігері:

- Науқастардың барлығы осы әдістен кейін жазылып кетті деп айта алмаймыз. Әртүрлі жағдай болады. Томотерапия қатерлік ісікті сәуле арқылы жояды. Сол арқылы адамның өмір сүру ұзақтығы артады, жағдайы анағұрлым жақсарады.

Ал алматылық дәрігерлер қатерлі ісікпен күресу үшін таргентті терапияны қолданып жатыр. Мамандар адам генетикасын зерттеу арқылы ісіктің құрылымын анықтайды. Сөйтіп әрбір жасушаны қалпына келтіретін препараттарды қолданады.

Диляра Қайдарова, Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры:

- Таргентті терапия адамның өмір сүруін ұзартады. Қатерлі ісік басқа ағзаларға тез тарап кетеді. Соны болдырмау үшін арнайы препараттар қолданамыз. Ондай дәрілердің барлығы біздің орталықта бар.

Осы екі әдісті қолданысқа енгізу үшін ел қазынасынан 340 млн теңге жұмсалды. Қомақты қаражатқа ғылыми зерттеулер жасалды, қажет дәрілер сатып алынды. Кейбір препараттың құны 3 млн теңгеден асады. Қымбат екені анық. Бірақ адам өмірі одан да қымбат. Қазір елімізде қатерлік ісікке шалдыққандар саны 180 мыңнан асты. Ең өкініштісі, солардың қатары бірте-бірте көбейіп жатыр.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Камилла Тастанбекова, Жандос Сұлтанғазы