Хабар телеарнасы

Алматыда дәстүрлі халықаралық «Бастау» кинофестивалі аяқталды

Осымен 8-ші рет өткізілген студенттік және дебюттік кинофестивальге биыл қысқаметражды картиналармен қатар, алыс-жақын шетелдерден толықметражды дебюттік фильмдер де қатысты.

«Бастау» халықаралық фестивалінің ауқымы жылдан жылға кеңейіп келеді. Биылғы қысқаметражды фильмдер байқауына әлемнің 44 елінен 360 кинотуынды келіп түскен. Қысқаметражды фильмдер арасында отандасымыз Самғар Рақым «Дипломмен ауылға» киносымен қазылардың арнайы жүлдесін жеңіп алды.

Сергей Азимов, халықаралық «Бастау» кинофестивалінің президенті:

- Осы фестивальдің ерекшелігі біз биыл бірінші рет толықметражды фильмдердің конкурсын жасадық. 5 күн бойы Bekmambetov Cinema орталығында 40-тан астам фильм көрсетілді. Оның ішінде деректі фильмдер, анимация, көркем суретті фильмдер, қысқаметражды және толықметражды кинолардың сапалары өте жоғары.

Бір аптаға созылған байқау қорытындысы бойынша «Бастау» дебют конкурсында гран-при, яғни бас жүлде оңтүстіккореялық режиссер Чон Сын түсірген «Қабірді қозғау» фильміне бұйырды. «Үздік режиссер» аталымы бойынша үндістандық Доминик Сангма жеңімпаз атанып, қазылар алқасының арнайы жүлдесін «Мәриям» фильмінің режиссері Шәрипа Оразбаева иеленді.

Шәрипа Оразбаева, режиссер:

- Өзімнің туындымды қазақ халқы көрсе екен деген арманым бар еді. Сол арманым орындалып, осы фестивальдің аясында көрсетілді және оның үстіне жүлде алып жатырмын. Мен ол үшін қуаныштымын.

Фестиваль аясында киносаладағы жаңашылдық төңірегінде шеберлік сағаттары өтті. Сондай-ақ байқауға арнайы келген шетелдік өнер майталмандарымен кездесулер ұйымдастырылды.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобнов