Хабар телеарнасы

Америкалық агробизнес лидерлері Қазақстанға инвестиция салады

Американың әйгілі компаниялары еліміздің ауылшаруашылық саласына инвестиция салмақ. Премьер-Министр Асқар Маминнің АҚШ-қа жасаған жұмыс сапары аясында америкалық агробизнес  өкілдерімен ет өңдеу кәсіпорындарын және суару жүйелері өндірісін ашу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Атап айтқанда, «Tyson Foods» және «Valmont Industries» компанияларымен арада әріптестік орнады.

Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығы сан-саланы қамтиды. Агросаладағы серіктестік – маңызды бағыттардың бірі. Үкімет басшысы Асқар Мамин АҚШ-тың ірі ет өнімдерін өндіруші «Tyson Foods» компаниясының басшылығымен кездесіп, елімізде заманауи агро-мультипротеин индустриясын дамыту бағдарламасын іске асыру туралы келісім жасады.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- «Tyson Foods» компаниясы Қазақстанда 3 зауыт салмақ. Алғашқысының қуаттылығы тәулігіне 2 мыңдай мал басын құрайды. Зауыттар орталық, оңтүстік және солтүстік өңірлерде болады. Әр зауытқа құйылатын инвестиция көлемі 1 млрд 250 млн долларды құрайды. 100 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. Қазақстан үздік ет экспорттаушылардың біріне айналады.

Америкалық компанияның құрылғанына ғасырға жуық уақыт болды. Агробизнес саласында көш бастап тұр. Онда 141 мың адам жұмыс істейді. Жылдық айналымы 42,4 млрд доллар. Бірлескен жоба іске асқанда ауыл шаруашылығы саласының кірісі 1 млрд доллардан асуы тиіс. Ірі кешен айналасында өзге де қызмет түрлері көрсетіледі. «Tyson Foods» қазақстандық «Kusto Group» компаниясымен ортақ жобаны жүзеге асырмақ. Фермерлерге «Экстеншн» қызметінің үлгісімен ақпараттық кеңес көрсетіліп, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру және кәсіптік-техникалық оқыту қарастырылған.

Стив Стоуффер, «Tyson Fresh meats» тобының президенті:

- Бұл бір күндік жұмыс емес. Барлық істі бір ізге түсіру үшін көп еңбек керек. Ірі қара мал санын көбейтуіміз керек. Тиісті инфрақұрылым керек. Технологиялық процесті тиімді қалыптастыруымыз қажет. Жалпы Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел. Сырттан баратын инвесторлар оны тиімді пайдалана білуі тиіс.

Үкімет басшысы Арканзас штатындағы Спрингдейл және Небраска штатындағы Дакота-Сити қалаларына барып, «Tyson Foods» компаниясының технологиялық процесімен және ғылыми-зерттеу жобаларымен танысты. Ал Омаха қаласында суару жүйелерін жасауда көшбасшы атанған «Valmont Industries» компаниясының өкілдерімен кездесті. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Kusto Group» аталған компаниямен елімізде үнемді суару мен ауыл шаруашылығындағы өнімділікті жақсарту қағидаттары туралы келісімге қол қойды.

Стив Каневски, «Valmont Industries» компаниясының бас директоры:

- Қазақстан – бизнес жүргізу үшін тамаша ел. Қазақстанда фермерлік шаруашылық жақсы дамыған. Сондықтан жүгері, соя дақылдарын өсіру үшін суару мәселесінің шешімін табамыз деп ойлаймын. Біздің Қазақстанды таңдауымыз бекер емес.

Келісім бойынша 2022 жылы Қазақстанда қуаттылығы бір мың фронталды және айналма суаруға жететін «Valley» ирригациялық жүйелерін шығаратын зауыт салынады. Бұл құрылғы өнімділікті арттырып, су шығынын 50% дейін үнемдейді. Елімізде алдағы екі жылда суармалы жерлер көлемін 1,4 млн-нан 2 млн гектарға дейін жеткізілмек. Ал 2030 жылға қарай 3 млн гектар алқапта суармалы технология қолданылмақ.

Авторы: Меруерт Жақан