Хабар телеарнасы

«Хабар» телеарнасы «Ережесіз әңгіме» бағдарламасын ұсынады

Тосын сұраққа толы жобаның қатысушылары тек ер азаматтар болмақ.

«Хабар» телеарнасының эфирі тағы бір тың жобамен толығады. Халыққа танымал 17 азаматты таңдап алған жоба авторлары оларды тың сұрақтармен тығырыққа тірейді. Бағдарлама «Ережесіз әңгіме» деп аталғандықтан қонақтың өнеріне, өміріне, отбасына, тіптен біліміне қатысты кез келген сұрақ қойылады. Бағдарлама қонақтарының бірі танымал актер Жанболат Найзабеков мынадай пікірде.

Жанболат Найзабеков, «Өнер қырандары» театрының актері:

- «Ережесіз әңгіме». Атының өзі қызық болғаннан кейін маған да қызық болып тұр. Қандай сұрақ, қалай болатынын, бұйырғанын көреміз. Меніңше біреуге қызық, біреуге қызық емес оның өмірі. Өйткені халыққа бірдей жағу мүмкін емес қой.

Бағдарламаны әнші Ерке Есмахан мен журналист Айнұр Асанберді жүргізеді. Жоба тізгіншілерінің айтуынша, студия қонағының отбасына қатысты жауабы жақындарының сұхбатымен салыстырылады. Ал өнердегі жұмысы әріптестерінің көзімен бағаланады. Ой-өрісі тексеріліп, ойындар да ойнатылады.

Айнұр Асанберді, «Ережесіз әңгіме» бағдарламасының жүргізушісі:

- Жігіттердің бәрі қайсар, батыл екен. Ешқайсысы тосылып жатқан жоқ. Өздерінің ой-өрістерінің, білімдерінің қаншалықты жоғары екенін көрсетіп жатыр. Өте тамаша.

Қазір «Ережесіз әңгіме» бағдарламасының түсірілім жұмыстары жүріп жатыр. Жоба наурыздың соңынан бастап көрсетіле бастайды. Танымал азаматтардың өнерден бөлек келбеті мен білім деңгейін көргілеріңіз келсе, «Хабар» телеарнасынан жаңа бағдарламаны қалт жібермеңіздер.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов