Хабар телеарнасы

Ержан Максим Junior Eurovision 2019 байқауына қатысады

Қазақ һәм Ресей эстрадасын бағындырған дарынды өнерпаз өреніміз енді кезекті байқауда озықтардың ішінен озып шығуға барын салмақ. Жас талант өнер сайысына «Хабар» Агенттігінің қолдауымен аттанбақ.

Динара Абакаева, «Хабар» Агенттігі» АҚ Халықаралық қатынастар департаментінің директоры:

- «Хабар» Агенттігі 2016 жылдан бастап Еуропалық хабар тарату орталығының мүшесі болып тағайындалды. Бұл мүшелік бізге Junior Eurovision конкурсына қатысуға мүмкіндік береді. «Хабар» Агенттігі осы жылы Ержан Максим атты Қазақстанның жаңа жұлдызын аталған байқауға үміткер ретінде апарады.

Бұл жолы мұнда 19 мемлекеттің әнші балапандары бабы мен бағын сынамақ. Junior Eurovision биыл Польшаның Гливице қаласында өтеді.

Динара Абакаева, «Хабар» Агенттігі» АҚ Халықаралық қатынастар департаментінің директоры:

- Негізгі талаптары: ән жаңадан жазылуы тиіс және 50% қазақша, 50% ағылшынша болуы керек. Ержан қазіргі таңда демалыста жүр. Ән әлі таңдалған жоқ. Алайда 24 қарашаға дейін уақыт бар.

Авторлары: Ж.Біркенов, Ә.Төлеміс