Өзекті

«Central Asia’s Got Talent» жобасы 15 қыркүйектен бастап көрсетілетін болады

«Central Asia’s Got Talent» жобасы 15 қыркүйектен бастап көрсетілетін болады

Орталық Азияда дарындарды тауып, өнерлерін елге танытуды мақсат еткен жаңа жоба «Central Asia’s Got Talent» жақында «Хабар» арнасынан көрсетіледі.

Бірнеше айға ұласқан түсіру жұмыстары Қазақстан аумағымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанда жүргізілді. Дарынды өнерпаздарды анықтауды мақсат еткен бірегей жобаның телевизиялық нұсқасы дайын. Оны көрермендер 15 қыркүйектен бастап көре алады.

«Central Asia’s Got Talent» телевизиялық жобаның аумағы ауқымды. Бірден 4 мемлекеттің өнерлі жандарының есімін анықтайды. Бастамашыл болған Қазақстанды Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттері қолдады. Өйткені жоба «Got Talent» атты халықаралық үлгінің франшизасы болып табылады.

Айкүміс Сексенбаева, «Хабар» арнасы бағдарламалар бөлімінің директоры:

- Жобаға жалпы 200-ден астам қатысушы қатысты. Біздің төрешілер ең үздіктерін таңдады. Байқауға би билеп, ән айтатын басқа да иллюзионист дарындар келді. Біз ең басты мақсатымыз – осы жоба арқылы дарынды ұл-қыздарды анықтау, жаңа жұлдыздарға жол ашу.

Жоба 5 кезеңнен тұрады: іріктеу, ашық тыңдау, ширек финал, жартылай финал және қорытынды сын. Бірінші кезеңде жобаға қатысушылардың өтініштері қабылданып, әрі қарай төрт елде іріктеу кезеңі өткізілді. Жобаның бас жүлдесінен бөлек төрт елден төрт жеңімпаз анықталып, оларға  ақшалай сыйлықтар беріледі.  

Нұрлан Абдуллин, қазылар алқасының мүшесі:

- Мен, әрине, енді Қазақстаннан болған соң қатысушылар қатары аз бола ма деп уайымдадым. Біздің халықтың бойында дарынды қасиет баршылық қой. Бұл жоба тек таланттарды анықтайтын байқау емес, ертеңгі күні мұны Орталық Азия елдері көреді.

«Central Asia’s Got Talent» шоуының түсірілімі аяқталды. Енді шоу бағдарлама көрермендерге жол тартады. «Хабар» арнасы біздің елде бұрын-соңды болмаған бірегей жобаны 15 қыркүйектен бастап көрсететін болады.

Авторлары: Индира Оразалинова, Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

 

Жарнама орналастыру жөніндегі сауалдар бойынша байланыс телефон нөмірлері: 8/7172/ 757 554, 757 556