Хабар телеарнасы

«Хабар» телеарнасы: «Мәдениет үйі» комедиялық телехикаясы көрерменге жол тартады

«Мәдениет үйі» комедиялық телехикаясын түсіруге екі ай кетсе, дайындық жұмыстарына аттай алты ай уақыт жұмсалды», – дейді шығармашылық топ мүшелері.

Бұл оқиға Төртбұлақта өрбиді. Өнер ордасын тәмамдаған Шұғыла есімді бойжеткен осы ауылдың мәдениет үйіне жолдама алады. Жас маман мәдениет үйін жандандыруға бел буады. Өнерпаздар жинау үшін ауыл ішіне кастинг жариялайды. Алайда Шұғыланы ауылдағы өнердің жай-күйі қатты қапаландырады.

Ботакөз Кенішбай, «Мәдениет үйі» телехикаясының режиссері:

- Алдын ала режиссерлық жобамызды жасадық. Түсірілім алаңына келіп импровизация жасау деген болған жоқ. Біз бір ай қоюшы оператормен дайындалып, жоспарды жасадық. Тіпті өзіміздің салған эскиздеріміз де бар. Сондай үлкен ауқымды жоба болғандықтан, барынша жауапкершілікпен дайындалдық.

Актерлік құрам өте бай. Айдос Бектемір, Бекжан Тұрыс, Сафуан Шаймерден, Шынар Асқарова сынды аға буын мен орта буын өкілдері түскен. Көрермендерге таныла бастаған жастар да өз кейіпкерлерін жақсы аша білген.

Толқын Сейдоллақызы, «Мәдениет үйі» телехикаясының продюсері:

- Сериалдың мақсаты – туған жерге, елге деген махаббатты ояту, қазақы бір әдемі дүниені көрерменнің санасына сіңіру. Ауызбіршілігі жарасқан, сыйластығы жарасқан ауыл халқының тыныс-тіршілігін насихаттау.

Мұнда тек қана адамдардың арасындағы қарым-қатынас емес, махаббат тақырыбы да әртүрлі бағытта өрбиді. Әкім мен жұбайының арасындағы керемет сыйластық, Зейнолла ақсақал мен Клара апа ортасындағы құрмет, Сәулебек пен Шұғыланың адал сезімдері көрерменге ой салады.

Ақниет Беласар, Шұғыла рөлінде:

- Маған бұл телесериал үлкен тәжірибе болды. Алаңдағы адамдардың әсері де жақсы тиді. Өте көңілімнен шықты. Телехикая жақсы шықты деген үміттемін.

Дастан Қасымшал, Сәулебектің рөлінде:

- Ақниет көбінесе қалада жүрген қыз ғой. Біз ауылдан шыққан бала болғандықтан, ауыл бізге жақын болды. Тәжірибе демекші өмірімде бірінші рет мотоцикл айдап үйрендім.

25 бөлімнен тұратын «Мәдениет үйі» телехикаясын «Хабар» телеарнасынан өткізіп алмаңыздар!

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов