Өзекті

«Topjarǵan» музыкалық шоуы көрерменге жол тартты

Topjarǵan Topjarǵan

«Topjarǵan» жобасы тағы да эфирге жол тартты.

Былтыр талай таланттың жұлдызын жаққан музыкалық байқау кезекті маусымын бастайды. Іріктеуден сүрінбей өтіп, келесі кезеңге жолдама алғандар бәсекесін 4 қазаннан бастап «Хабар» арнасынан көруге болады.

Ерекше дауыс пен дарын иесі. Бұл – «Topjarǵan» тобын жаратын таланттан талап етілетін қасиеттер. Көрерменнің ықыласына бөленген музыкалық байқаудың ІІ маусымына іріктеу Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өтті. Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушылар финалға өту үшін үздік төрттікке енуі тиіс.

Данагүл Әлғожина, «Topjarǵan» жобасының менеджері:

- Біздің басқа музыкалық жобалардан ерекшелігіміз – бірінші бағдарламадан бастап 4 үздік финалисттің болуы. Яғни оларды кастинг уақытында анықтап аламыз. Оларға қойылатын басты талап халықаралық дәрежедегі байқаулардың жеңімпаздары болуы керек. Біздің кастингке мыңдаған адам қатысты.

II маусым талантты өнерпаздарға толы. Музыкалық конкурстың ауқымы да кеңейген. Байқауда бағын сынаушылардың арасында бергісі Қырғызстан, арғысы Италиядан келгендер бар. Жобаның тағы бір ерекшелігі – үздікті кәсіби қазылармен қатар көрермендердің де таңдауы. Ал жеңімпаз ән жазып, оған клип түсіруге мүмкіндік алады.

Мәди Сыздықов, жобаға қатысушы:

- Төрешілер алдына барып, өз өнерімді көрсеттім. Бір өлең айттым. Маған бір айдан кейін өздері хабарласты. Әрине қуандым. Дайындығым өте күшті. Мен өз-өзіме сенімдімін. Өйткені осы жобаға бір жыл бойы дайындалдым. Енді алдағы уақытта өз өнерімді көрсетемін деген үміттемін.

Жоба бұған дейін АҚШ, Ресей және өзге де мемлекеттерде эфирге шыққан. Халықаралық музыкалық байқау елімізде 4 қазанда басталады. Ал шешуші финалдық сын жаңа жыл қарсаңында өтеді деп жоспарланып отыр. «Хабар» арнасы көрермендерінің назарына ұсынылатын телешоу қызыққа толы болмақ.

Авторлары: Меруерт Жақан, Серік Қоңырбаев