Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігінің тележобалары халықаралық көрмеге ұсынылды

Францияның Канн қаласында өтіп жатқан көрмеде Агенттік арналарында жарыққа шыққан фильмдер, телехикаялар мен бағдарламалар ұсынылды. Телеиндустрия саласында салмағы бар компаниялардың басын қосқан айтулы шараға әлемнің әр қиырынан 13 мыңнан астам маман жиналды. Отандық туындылар шетелдік нарықта қаншалықты сұранысқа ие?

Халықаралық көрмеде ұсынылған «Хабар» Агенттігінің стендіне сұраныс жоғары. Себебі бұл – Мade in Kazakhstan туындылары қойылған жалғыз бұрыш. Отандық телехикая, бағдарлама және фильмдерге шетелдік қатысушылар аса қызығушылық танытуда. Кейбірі Агенттік арналарында жарыққа шыққан дүниемен алғаш рет танысып жатса, енді бірі қазақстандық контенттің жоғары сапалы екенін айтады.

Дэнни Дайш, Oranda компаниясының директоры:

- Менің ойымша дәл осы Орталық Азиядағы контент ерекше әрі бірегей болып келеді. Халықаралық нарықта сұранысқа ие болған талай туындыны көрдік. Мәселен, түркиялық өнімдер Азия нарығында өте танымал. Қазақстандық телехикаялардың да сапасы жоғары. Көрерменнің көңілінен шығары сөзсіз.

MIPCOM – бұл теле және киноиндустрияның бірнеше мың компания өкілдіктері бас қосатын кең көлемдегі бизнес алаң. Яғни осы жерде келер жылы әлем бойынша көрермендерге қандай туындылар жол тартатыны анықталады. «Хабар» Агенттігі елімізге шытырман оқиғалы шетелдік телехикалар мен фильмдер әкелмек. Ал көрме қатысушылары «Хабардың» «Бекзат» биографиялық драмасы мен «Степные ястребы» телехикаясына қызығушылық танытты.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:

- Біздің мақсатымыз – отандық көрермендерге қызықты болатын өнімді табу. Сонымен қатар Агенттік өндірген туындыларды әлемге таныту, паш ету. Қуантатыны, халықаралық нарықта біздің өнімге сұраныс жоғары. Танып, біліп жатқандар аз емес. Одан бөлек, бірнеше телекомпания біздің Агенттіктен өз конттентерін таратуға көмек көрсетуімізді сұрап келді.

«Хабар» Агенттігінің туындылары арқылы әлемдік дистрибьютерлер замануи Қазақстан жайлы танып, білгісі келеді. Сондықтан болса керек, Kazakh TV арнасында жарыққа шыққан еліміздің мәдениеті, тарихы, тұмса табиғаты туралы деректі фильмдерге ерекше сұраныс болды. Жалпы MIPCOM-ға қатысу арқылы Агенттік эфир уақытын барынша қызықты етуге телеөнімдер жанрын дамыта түсуге ынталанып отыр. Яғни алдағы жылы арна көрермендерін түрлі тосынсыйлар күтіп тұрғаны анық.

Авторлары: Жансұлу Дүйсенәлі, Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев