Өзекті

«Хабарда қызмет еткім келеді» байқауының финалы өтті

Khabar kasting Khabar kasting

500 адам. Бұл – «Хабарда қызмет еткім келеді» байқауына қатысып, тележүргізуші болудан үмітті болғандардың қатары.

Кастинг қорытындысы қазан айының соңында белгілі болады. Қатысушылар ең әуелі «Неліктен дәл сізді таңдауға тиіспіз?» деген сауалға бейнежазба әзірлеп, кейін өзекті мәселе жайлы бейнематериал түсірді. Еңбектерін «Хабарда қызмет еткім келеді» деген хэштег арқылы әлеуметтік желілерге жүктеді.

Әр үйдің төріне теледидардан жаңалық жаршысы болып келуді аңсаған талай жан бақ сынауда. Қыркүйектің орта шенінен 500 адам «Хабар» арнасында тележүргізуші болудан үміттеніп, сынға түсті. Міне, соңғы тур. 17 адамның қайсысының асығы алшысынан түсер екен?

Қатысушы біткен өзін таныстырып креативті бейнероликтер әзірледі. Әлеуметтік желілерде «Хабарда қызмет еткім келеді» хештегімен жариялады.

Іріктейтін көркемдік кеңес мүшелері тележүргізушінің тұнық әрі анық дикциясын ғана емес, алғырлық, тез ойлап пайымдау қабілетін де бағаламақ.

Айгүл Мүкей, «Хабар» арнасының тележүргізушісі:

- Өте үлкен сайыс болған, бізге, яғни төрешілерге жеңімпазды таңдап алу өте қиын. Қазір 7 адам Нұр-Сұлтаннан, тағы 10 адам басқа өңірлерден келеді. Таңдалған адам ақылды болу керек, репортажды өзі жаза білу, сондай-ақ міндетті түрде саясатты білу керек.

Қатысушылардың сахнада көрнекі сөйлегені ғана емес, шұғыл ақпарат келіп түсетін сәттерде жаңылмай, мүдірмей оқып шығу мүмкіндіктері сыналды.

Әділет Ахметов, «Хабарда қызмет еткім келеді» жобасына қатысушы:

- Мұндай мүмкіндік берген «Хабар» арнасына алғысым шексіз. Әрине, толқу болады. Жақсы нәрсе ойласаң толқу да кетеді. Жексенбі күні таңертең велосипедке отырып, ауыл маңын аралап шығып, қаймақпен тәтті шайды ішкенді елестеткен болатынмын.

«Хабар» телеарнасы бұған дейін бірде-бір арна көрсетпеген айрықша жобалар әзірлеуде. Әзірге «Әкімдер» деген атаумен өңделіп жатқан саяси-әлеуметтік бағдарламаға жүргізуші қажет. Польшада Ержан Максимнің қатысуымен өтетін «Junior Eurovision 2019» байқауын тізгіндейтін кәсіби маман керек.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Бұл «Хабар» телеарнасының жаңалықтар студиясы. Көрерменге ақпарат тарату үшін ажарлы, өңді болу аз. Біліктілік, тәжірибе бұл сөз жоқ маңызды. Мұнда интонацияның өзі ақпарат. Бірақ көрермен жасандылықты емес, шынайылықты бағалайды.

Тақырыптың мазмұнына терең бойлап, әр сөйлемді дауыс ырғағы, үн тынысына сай жеткізетін тележүргізуші іздеген «Хабар» арнасына кім қызметке алынатыны 23 қазанда белгілі болады.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аян Сәрсенбаев