Өзекті

«Әнші балапан» телевизиялық жобасы енді «Хабар» арнасында көрсетіледі

Anshi balapan Anshi balapan

90-шы жылдардың басында өнерлі жастарды халыққа танытып, біразының танымал болуына жол ашқан халықаралық балалар фестиваліне 30 жыл толады.

«Хабар» Агенттігі тележобаны қайта жаңғыртып, айтулы мерекеге дайындықты түсіруді бастады.

Музыка, шынайы дауыс, үкілеген үміт және киелі сахна! Бәрі де осыдан 30 жыл бұрынғыдай. Бірақ бүгінде технология дамып, музыка жанры да өзгерді. «Алайда балалардың музыкаға деген құштарлығы төмендеген жоқ», – дейді «Әнші балапан» жобасының продюсері Ерлан Көкеев.

Ерлан Көкеев, «Әнші балапан» жобасының продюсері:

- «Әнші балапан» телевизиялық жобасы әлі халықтың есінде және бұл халықаралық байқау ұлттық брендке айналды.

«Әнші балапан» жобасының бұл жолғы байқауына 45 бала іріктеліп алыныпты. Жас өнерпаздар қазылар алдында вокалдық мүмкіндіктерін көрсетуде. Бір кездері «Әнші балапан» бағдарламасын қызыға қарап, тіпті оған қатысуды армандаған  жеткіншектер қазір ата-ана болды. Енді олар бұл сайысқа өздерінің балаларын алып келіп отыр.

Меруерт Түсіпбаева, қазылар алқасының мүшесі:

- Бұл – ешқашан өшпейтін үлкен жоба. Мұны дамытып, қайтадан өркендетіп, көрерменге қайта беріп жатқанына мен өзім қатты қуанып тұрмын. Осы балалардың ішінен басым көпшілігі біздің Қазақстан өнерінің майталмандары, жұлдыздары, жарық бейнесі болады деп мен айта аламын.

Бір кездері «Әнші балапан» бағдарламасында алғаш ән айтып, сахнаға шыққан Мәдина Сәдуақасова, Өмірқұл Айниязов, Жанар Дұғалова, Қарина Абдуллина, Алмас Кішкенбаев секілді көптеген жас өнерпаз бүгінде халыққа танымал әнші болды. Оған қатысушылардың көп болғаны соншалық 1998 жылғы байқаудың іріктеу кезеңіне еліміздің әр түкпірінен бес бірдей Қанат Ахметов есімді бала келіпті. Ал 1990 жылдың 6 мамырында ең алғашқы бағдарламаны таспаға түсірген телеоператор Қанат Қалматаев орталық камераны басқарып тұр. «Әнші балапан» әнінің авторы Марат Омаров араға біраз жыл салып, оны қайта шырқады.

Марат Омаров, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:

- Бұл киелі сахнаға жай адам келмейді. Сондықтан да оларға әрі қарай жол сілтеу керек, өткір, өжет қайсар болып, көзі жанып тұрған балаға бағдар, қолдау көрсеткім келеді. Сондықтан да өнерпаз болсаң, талантыңды көрсет деген шарт қоямын. Сені бүкіл әлем таниды.

Сонымен қайта жаңғырған «Әнші балапан» бағдарламасы жуырда «Хабар» арнасынан көрсетілетін болады.

Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев