Хабар телеарнасы

Ержан Максимнің «Junior Eurovision-2019» байқауында киетін киім үлгісі көрсетілді

Байқауға қатысатын таланттардың жанкүйерлері де бұл күнді асыға күтіп жүр. Олар үшін байқау туралы кез келген ақпарат қызықты.

Junior Eurovision – бұл ең алдымен ән байқауы. Дегенмен қатысушылар әннің мағынасын ашатын образ бен қойылымға да үлкен мән беруде. Ержан Максимнің командасы оның киім үлгісінің қандай болатынын жария етті. Әлемнің бірнеше елі тамашалайтын ауқымды жобада Ержан екі костюм киіп шығады.

Александр Фломбойм, режиссёр:

- Костюмнің дизайнын Киевтік суретші-дизайнер жасады. Бір қиындығы сахналық киім Алматыда тігіліп жатыр. Себебі өлшемдер алу үшін Ержанға Алматыға келу тиімді. Дегенмен дизайнер бізге үлгісін жіберіп, өзі қашықта болса да, киімнің қалай тігіліп жатқанын қадағалап отыр.

Бір біріне ұқсамайтын екі образды Ержан трансформер костюм арқылы көрсетеді. Бірінші образ ресми үлгіде болады. «Барқыт, атлас, бәтес сияқты сапалы маталардан тігілген костюм сахнада ерекше құлпырады», – дейді шеберлер.

Татьяна Мацуцина, ателье директоры:

- Екінші костюм – ерекше үлгіде тігілген барқыт қамзол. Дмитрий оны аздап «рококо» стилінде жасаған, яғни кестеленген. Алайда ән ұлттық емес, сондықтан кестені аздап қостық. Қамзолдың түсі мемлекетіміздің туымен түстес. Бұл өз елімізге деген құрметті, мақтанышты бідіреді.

Сахнада Ержанның айналасында қыздар билеп жүреді. Олардың костюмдерінде де ұлттық нышандар бар. Дегенмен көрермен назары басты кейіпкер мен ол орындайтын шығармада болады. Халықаралық байқауда Ержан Максимнің орындауындағы «Арманыңнан қалма» деп аталатын әнді көрермен 24 қараша күні «Хабар» телеарнасынан көре алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Валентин Лобанов, Эдуард Кон