Хабар телеарнасы

Біз туралы

«Хабар» Агенттігі өзінің тарихын 1995 жылы Қазақ ТВ ақпараттық қызметінің базасында «Хабар» Ұлттық телевизиялық ақпараттық агенттігі құрылған кезден бастайды. Басқару органы – құрамында 7 мүшесі бар Директорлар кеңесі, оның 3-уі тәуелсіз директорлар болып табылады. Атқарушы орган – Басқарма.

Орташа тәуліктік хабар тарату: «Хабар» – 20 сағат, «24KZ» – 24 сағат спутниктік хабар тарату және аналогты сигнал тарату, «El arna» – 24 сағат. Бізді Қазақстанның кез келген жерінен көруге болады, спутниктік хабар таратуда телеаудиторияны қамту 100%, ЦЭХТ 93.14% құрайды.

Бүгінгі медиакеңістіктегі «Хабар» телеарнасы саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтар мен дәстүр көпірі іспетті. 28 жылдық тарихында мемлекеттік ақпарат саясатының ең сенімді қайнаркөзі атауына ие болды. «Хабар» арнасы қазақ және орыс тілінде ондаған телехикаялар ұсынуда. Ортатәуліктік эфир тізбегінде арнаның өз өнімдерімен қатар серіктестерінің дайындаған жобалары, көркем және деректі фильмдер бар. «Хабар» арнасы дәстүрлі түрде Олимпиада ойындары, Әлем Чемпионаттары және т.б. әлемдік деңгейдегі спорт шараларының тікелей көрсетілімдерін ұйымдастырады. Ал техникалық және шығармашылық қордың арқасында еліміздің әр өңірінен маңызды саяси, мәдени және спорттық шараларды көрсетуге мүмкіндігі бар.

«Хабар» телеарнасы маңызды оқиғалар, атаулы күндер, сондай-ақ баға жетпес еңбегі қазақ халқының өмірінде орасан зор рөл атқарған тұлғалар туралы деректі фильмдер түсіреді. Мысалы, «Абайдың соңғы күндері» деректі фильмінің түсірілім тобының сапасы мен кәсібилігін «Тұмар» республикалық сыйлығының қазылар алқасының кәсіби құрамы жоғары бағалады. Арна жыл сайын отбасы ішінде үйлесімді қарым-қатынас орнату, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтау, патриотизм, ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас және басқа да жалпыадамзаттық құндылықтар сияқты қызықты тақырыптарды көтеретін әртүрлі жанрдағы сериалдар шығарумен айналысады. «Келінжан» телехикаясы көрермендердің қызығушылығын тудырды, бұған YouTube-тегі көпмилионды қаралым мен пікір айтулар дәлел. Нәтижесінде Қазақстанның барлық кинотеатрларында, сондай-ақ Қырғызстан аумағында прокатта сериал негізінде түсірілген «Келінжан» толықметражды фильмі көрсетілді. 2023 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен алғаш рет «Наурыз-2023» отандық сериалдар сыйлығы өтті, онда «Келінжан» сериалы бірнеше номинация бойынша үздік деп танылды.

2012 жылы 1 қыркүйекте Қазақстандағы тәулік бойы жұмыс істейтін тұңғыш ақпараттық арна – «24KZ» өз жұмысын бастады, ал 2016 жылдың 1 қыркүйегінен ол «Хабар 24» деген жаңа атаумен эфирге шықты. Құрылғанынан бастап «Хабар» Агенттігі» АҚ құрамындағы «24KZ» арнасының атын ауыстыру – Агенттікті қайта жаңғырту аясындағы шаралардың бірі. Арна эфирінде сапалы сараптамалық бағдарламалардың қатары ұлғайып, репортаж жанрындағы бағдарламалардың үлесі артты, сондай-ақ аймақтардың тыныс-тіршілігі туралы жобалар көбейді. Жаңалықтардың жаршысы болып табылатын арнаның дәстүрлі айдарлары: экономикалық, спорттық және халықаралық шолулар, баспасөзге шолу, арнайы авторлық репортаждар мен көптеген басқа да салалардың саны артты.

Арна Қазақстандағы ақпараттық арналардың ішінде аймақтық және халықаралық тілшілер қосынының көптігімен ерекшеленеді. «24KZ» телеарнасының эфирінде 100% отандық өндірушілердің жобасы көрсетіледі, оның ішінде, ақпараттық-танымдық және сараптамалықтар бағдарламалар көп. Телеарна аудиториясын 25 жастан асқан көрермендер құрайды. «Хабар» агенттігі «24KZ» арнасымен бірге Euronews Network-тің серіктесі болып табылады. Бұл екеуара жаңалықтар контентімен алмасып, еуропалық әріптестердің шеберлік сыныптарына қатысуға мүмкіндік береді. Агенттіктің ел өңірлері мен жақын және алыс шетелде дамыған тілшілер желісі бар. АҚШ, Ресей, Бельгия, Оңтүстік Корея, Қытай, Германия, Өзбекстан, Франция мен Түркияда өкілдіктер ашылған.

«El arna» телеарнасының басты миссиясы – қазіргі қоғамның тілінде сөйлейтін, заманауи тақырыптар төңірегінде ой қозғайтын, жастардың сұранысына жауап беретін, сондай-ақ ойлы әрі көңілді көрермен қалыптастыратын контент ұсыну. Күн сайын тәулігіне 24 сағат хабар тарататын арна эфирінде әртүрлі жанр мен форматтағы фильмдер, телехикаялар көрсетіледі. Олардың қатарында қысқаметражды ленталар бар. Аталмыш санаттағы туындылар арнаның шығармашылық тобы түсірген жұмыстармен толығып отыр. «El arna» телеарнасы 2017 жылдың 27 наурызында іске қосылған. Республика аумағында міндетті түрде таралуы тиіс теле және радиоарналардың тізіміне кіреді. Арналар таратудың эфирлік торларына жаңалықтар, сериалдар, көркем, деректі фильмдер және ең талапшыл аудитория сұраныстарын қанағаттандыра алатын бағдарламалар кіреді. Орташа тәуліктік хабар таратудың кемінде 50% мемлекеттік тілде жүзеге асырылады.

28 жылдық шығармашылық жұмысы Агенттікке мемлекеттік, халықаралық және кәсіби марапаттар әкелді. Журналистер жұмыстары беделді EMMY телевизиялық сыйлығына ұсынылды, ал репортаждардың бірі Ресейдегі «Золотой глагол» байқауында Гран-при алды.

Еуразиялық телевидение және радио академиясының (Ресей) байқауларында жеңістер де бар, Еуразияның ақпараттық-мәдени кеңістігін дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін «Петр Великий» медалі бар.

Спорттық редакция қызметкерлері жоғары халықаралық кәсіби марапаттарға ие болды. «Город будущего» жастар бағдарламасының бірі Жапониядағы халықаралық фестивалінде әлемнің үздік бағдарламаларының ондығына кірді. Севастопольдегі халықаралық фестивалінде «Хабар» Агенттігінің бастамасымен түсірілген «Бауыржан Момышұлы» тарихи таспасы лауреат атанды.

Агенттік халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс жүргізуде. Азия-Тынық мұхит хабар тарату одағының (ABU) толық құқықты мүшесі және Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдастырылған мүшесі. Бұл жыл сайынғы негізде түрлі конкурстарға, тренингтерге, шығармашылық жобаларға қатысуға мүмкіндік береді.