Хабар телеарнасы

Жеті күн. 16.01.2016

Сюжеты
1 Депутаттар Мәжіліс және мәслихат сайлауын өткізуді ұсынды 2 Елбасы Украина Президенті Петр Порошенкомен телефон арқылы сөйлесті 3 Елбасы Түркия Президенті мен Германия канцлеріне көңіл айту жеделхатын жолдады
4 Депутаттар Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуге байланысты Үндеу жариялады 5 Сайлау өткізуге қатытсты ғалымдардың, зиялылардың және сарапшылардың пікірі 6 Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіровтің "Жеті күн" бағдарламасына берген сұхбаты
7 Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жаңа өзгерістер 8 Үкіметтің дағдарысқа қарсы жаңа бағдарламасы қабылданбақ 9 Автонесиелендірудің екінші кезеңі жалғасуда
   
10 Транзит тынысы кеңейеді    

1 Депутаттар Мәжіліс және мәслихат сайлауын өткізуді ұсынды

«Бүгін – кейінге қалдырмайтын жедел шаралар уақыты». Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу жөніндегі Үндеуге ең әуелі осы ой арқау болған.


Осы ойдан бастамашылар үш мәселені тарқатады. Партиялардың сайлаушылардың жаңа сенім мандатын алуы маңызды. Қоғамдық бірігу қажет және қос науқанды қатар ұйымдастыру мерзімді созбауға, шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Сайлау өткізуге қатысты шешімнің тоқетерін Елбасы айтады.

2016 жыл әлемдік экономика үшін оңайға соқпайды. Күні кеше ғана Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты биыл болатын негізгі деген мәселелерге шолу жасады. Соның ішінде ең алдымен экономикалық екпіннің бәсеңдеуі сөз болды. Санкциялардың сақталуы. Сұраныстан ұсыныстың басым түсуі. Федералды резерв жүйесінің монетарлық саясатының өзгеруі. Иран экспортының ұлғаюы, міне, осындай факторлар Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға әсер етпей қоймайды. 

Демек, Үкімет бекер қам жасап отырған жоқ. Ендеше, дағдарысқа қарсы бағдарлама түзіп, реформаларды күшейткен тұста бәрібір биыл болуы тиіс Парламент сайлауын ерте өткізіп алып, сосын алаңсыз жұмысқа кірісудің еш ағаттығы жоқ. Әрі бұған Конституция шектеу қоймайды. Бастаманы қызу талқылап жатқан көпшілік осыны алға тартады.

2 Елбасы Украина Президенті Петр Порошенкомен телефон арқылы сөйлесті

Өзара сауданың баламалы жолдарын пайдалану. Қазақстан мен Украина Президенттері екеуара телефон арқылы әңгіме кезінде ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ Украинаның оңтүстік-шығысындағы ахуал жөнінде пікір алмасты. Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Украина арасындағы шиеленісті шешу ісінде мәмілеге келуге шақырды. Ал, Петр Порошенко Қазақстанға өзінің ресми сапары кезінде жылышырайлы қабылдау мен келіссөздер үшін алғыс айтты.

3 Елбасы Түркия Президенті мен Германия канцлеріне көңіл айту жеделхатын жолдады

Түркия басшысына жолданған хат мәтінінде: «Бүгінде терроризм бүкіл адамзатқа үлкен қатер төндіріп отыр. Бұл зұлымдықты тек күш-жігер жұмылдыру арқылы ғана жеңуге болады», – делінген. 

Ал германиялық әріптесіне жіберген хатында Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін айыптайды және бүкіл халықаралық қоғамдастықтың оған қарсы күресін қолдайды», – деп жазады. 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және өзінің атынан қайғылы оқиғадан қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірген. 

Естеріңізге сала кетейік, жойқын жарылыс сейсенбі күні Ыстамбұлдағы Сұлтанахмет алаңы маңында болды. Салдарынан 10 адам оқиға орнында қаза тауып, тағы бірнеше азамат ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Кейін олардың біреуі өмірден озды. Қайғылы оқиға кезінде опат болғандардың басым көпшілігі – германиялық туристер.

Ыстамбұлдағы лаңның шуы басылмай жатып, елдің Диярбакыр қаласында да дүрбелең туды. Аптаның ортасында шаһардағы полиция учаскесінің маңында жарылыс болды. 5 адам ажал құшып, 36 азамат түрлі деңгейдегі жарақат алды. Куәгерлердің айтуынша, бомба қойылған жеңіл көлік жарылған. Қазір екі оқиға бойынша арнайы штаб құрылып, мамандар тергеу жүргізіп жатыр. Ел аумағында ұйымдастырылған ауқымды рейд барысында күні бүгінге дейін бірнеше ондаған азаматтар қолға түсті. Олардың «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымымен байланысы болуы бек мүмкін. Жат пиғылы бар деген күдікпен 124 елдің 36 мың азаматына елге кіруге тиым салынды.

4 Депутаттар Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізуге байланысты Үндеу жариялады

Сәрсенбінің сәтінде төменгі палата депутаттары Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастама көтерді. Расы керек, сайлау өтеді екен деген әңгіме былтырдан бері қоғамда әлсін-әлсін айтылып қалатын.

«Қазір «Ұлт жоспарының» практикалық кезеңге аяқ басқан сәті. Қоңыр күзге көзделген сайлауды ерте көктемде өткізсек, уақыт ұтамыз»,- дейді сарапшылар. Оның үстіне жаһанды жайлаған қаржы дағдарысы күн санап күш алуда. Болжам бойынша шарықтау шегі жыл соңына тұспа-тұс келеді. Бұл үш парламенттік фракцияның үндеуінен кейінгі қоғам қайраткерлерінің пікірі.

Қалай болған да қапы қалмау үшін Мәжілісті қазір жасақтап, 100 қадамды орындауға кірісудің дұрыстығын көпшілік қолдайды. 

Бұл жолы апта басы әдеттегідей басталғанымен, орта шеніне жеткенде депутаттар дүйім жұртты елең еткізген бастама көтерді. Жыл бойы «Мәжіліс тарауы мүмкін» деп әлсін-әлсін айтылып жүрген әңгімелерге ақыры нүкте қойылды. Шұғыл жиын өтті. Үш бірдей саяси партияның атынан сайланған депутаттар тілшілер алдына шығып, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөнінде Елбасына Үндеу жолдады. 

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Қазірден бастап жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге дағдарысқа қарсы тиімді жүзеге асыру үшін біз 5-ші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату және Парламентке жаңа сайлау тағайындау туралы бастама көтереміз.

Парламенттегі үш саяси партияның депутаттары бұл бастаманы бір ауыздан қолдады. «Ақ жолдық» Азат Перуашев болса: «созбалаңға сала бермей сайлауды қысқа мерзімде өткізейік», – деді.  

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Жыл бойы сайлау науқанына алаңдамай Парламенттің сайлауын неғұрлым қысқа мерзімде өткізген жөн деп санаймыз. Давайте спросим у народа. Каким партиям он доверяет в это не простое время. Какие партии должны работать дальше в Парламенте?

Владислав Косарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Мәжіліс өз міндетін орындады. «Ұлт жоспарына» қажетті заңдарды уақытында қабылдады. Енді оларды тиімді жүзеге асыру керек. Қазір жаңа кезеңге аяқ басқалы тұрмыз. Осы тұста сайлаушылардың өз таңдауын жасауына мүмкіндік беруіміз қажет.

Бұл қалай болғаны? Өкілеттіліктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы бастаманы депутаттардың өздері ұсынып отыр. Тілшілердің көкейіндегі сан сауал. Мәжіліс неліктен мұндай қадамға барды?

Еліміз Тәуелсіздік алғалы Парламент Мәжілісіне бес мәрте депутаттар шақырылған екен. Соның біреуі ғана мерзімі аяқталғанша мандаттарында отырған. Ал қалған төртеуінде халық қалаулылары сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы бастаманы өздері ұсыныпты. Себебі «Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслиxаттардың сайлауын бірге өткізу экономикалық тұрғыдан тиімді» дейді депутаттар. Осылайша бюджеттің бірталай қаржысын үнемдеп қалуға болады екен.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Қазіргі болып жатқан жағдайлардың темпі өте жоғары. Ол тек қана біздің елге байланысты емес. Сондықтан қазіргі атқарып жатқан жұмыстарды бұрынғыға қарағанда белсенді түрде жылдам орындауымыз қажет. Елбасының жариялаған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жолды» орындау ешқандай кедергіні күтіп отырмайды. Уақыт күттірмейді. Сондықтан оны барынша жылдамдатып іске асыруымыз қажет.

Десе де депутаттардың біразы сайлаудан кейін Мәжіліске қайта келуді қалайтындарын айтып қалды. Бірақ мұны әрине партиялардың ұсыныстары мен халықтың дауысы шешеді. 

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Егерде біздің еңбегіміз ел үшін керек болатын болса, біз әрқашанда оған дайын болуымыз керек. Ал егер жоқ болатын болса, онда біз өзіміз жұмыс тауып, әрі қарай жұмысымызды істейміз. Өмір деген бір орында тұрған жоқ қой. Бір жерге келу бар, кету бар. Сондықтанда бәріне біз түсіністікпен қарап, біз ел болашағы үшін жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. 

«Күзде өтер сайлауды көктемде неге өткізбеске» деген ұйғарымға келген депутаттар өздерінің бесінші шақырылымда атқарған жұмыстарын жақсыға бағалап отыр. «Тарихи миссиямызды орындадық»- дейді.

Мейрам Бегентаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Мен жақсы жұмыс істедік деп ойлаймын. Неге десеңіз өзіңіз білесіз, қаншама заңды шығардық. Елбасымыздың тапсырмасын жерге тастамай, біз 80-нен астам заңды шығардық. 

Қош. Саяси партиялар атынан сайланған мәжілісмендердің мерзімінен бұрын өкілеттілігі тоқтауы мүмкін. Сайлаудың өтуін сұрауда. Бұл халық дауысын жинай алмаған кей депутаттардың Мәжілістен кетуіне әкелсе, өзге партияларға Парламентке өтуге жаңа мүмкіндік береді. Демек төменгі палата жаңа партиялармен де толығуы мүмкін.  

Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Келуі мүмкін. Өйткені бізде басқа партиялар бар біздің Парламентке кірмеген. Барлық партиялар Парламентке кіргісі келеді. Оған жұмыс істеп жатыр. Өйткені партияны не үшін жасайды? Сол Парламентқа кіріп, халықтың сұрақтарын шешуге. Ойлаймын қазір жаңа партиялар келсе, біздің Парламент жаман болмайды деп. 

Мәжілісмендердің бұл ұсынысын естіген Ауыл, Бірлік, Коммунистер мен Ақ жол партияларының өкілдері де үн қатты. Барлығы кезекпен тілшілерді жинап, баспасөз мәслихатын өткізді. «Әлемдік экономикалық ахуал сан құбылған шақта, мұндай шешім дұрыс. Бұл - тұрақтылықты сақтап, табысымызды арттыруға мүмкіндік береді», – дейді олар. 

Төлеген Қуанышев, «Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасары

-Депутаттардың Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастамасын толығыменен қолдаймыз. 

Әли Бектаев, «Ауыл» партиясының төрағасы 

-Бүгінгі таңда барлық қазақстандықтардың алдында маңызды міндеттер тұр. Ол бес институционалдық реформаны жүзеге асыру және мынау дағдарысқа қарсы мемлекетіміздің стратегиясын жүзеге асыру мәселелері. 

Тұрғын Сыздықов, ҚКХП жауапты хатшысы

-Елбасының айтқан бағдарламасын орындап, соны сапамен жақсы орындап, біраз жерге экономикамызды көтеріп осы дағдарыстан шығу – ең бірінші мақсат. 

Талғат Ерғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Осы сайлауларды бірге өткізгенді дұрыс деп ойлаймын. Өйткені қазіргі уақытта ақша қаражатты үнемдеп дұрыс жұмсау керек.  

Талғат Уәли, тілші

-Апта барысында елді елең еткізген мәжілісмендердің бұл ұсынысы енді Ақордада қаралмақ. Егер Елбасы оны жөн деп тапса, Ата Заңымызға сәйкес екі айдың ішінде Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтуі тиіс.

Авторлары: Талғат Уәли, Ержан Қанапияұлы

5 Сайлау өткізуге қатытсты ғалымдардың, зиялылардың және сарапшылардың пікірі

Еуразия ықпалдастық институты мамандары арнайы зерттеу жүргізді. Нәтижесінде қазақстандықтардың 93,6 пайызы саяси науқанды мерзімінен бұрын өткізу бастамасын қолдайтындықтарын анықтаған.

Демократия институты да дербес сауалнама өткізді. Сұрастырылғандар құқықтық сауаты жоғары, ой-пайымы ерек – саясаттанушылар, заңгерлер, ғалымдар мен әлеуметтанушылар. Олар да сайлауға қолдау танытты. 94 пайыздан астамы сайлау жаңа партияларға өз күштерін сынап көруге мүмкіндік береді деп есептейді.

Жергілікті билік басындағылар халықпен ақылдасып істеген жұмыс анағұрлым жемісті болады. Бос ұран мен пікірталастарды қойып, нақты жұмысқа кіріскенде, дағдарысқа тегеурінді тойтарыс береміз. Белгілі саясаттанушылар осыны айтып отыр.

Ерлан Қарин, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры

-Жаңа сайлау қоғамдық саяси процестерге жаңа бір түрткі, серпіліс, серпін бере алатын сияқты. Және де тек қана саяси партиялық процестерге ғана емес, сонымен қатар, саяси қоғамдық талқылауларға да жаңа серпін беріп, жаңа идеялар, жаңа ойлардың, жаңа бастамалардың көтерілуіне мүмкіндік туғызатын сияқты.

«Алдағы жұмыс жеңіл жағдайда өтпейтіні аян, бюджетке өзгерістер енгізу, әлеуметтік, экономикалық және дағдарысқа қарсы шараларды тың ұсыныстармен толықтырып, дер кезінде қабылдайтын адамдар керек. Себебі біздің бұл шешімдеріміз тек өзімізге ғана емес, маңайдағы елдерге, жалпы Орталық Азия аумағына әсер етеді. Ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы жақсарып, беки түссе, түбегейлі өзгерістер қабылдаудан да аянып қалмау керек», – дейді тәжірибелі сасаттанушылар.

Эдуард Полетаев, саясаттанушы

-Қазақстанға экономикалық әрі саяси тұрғыдан жаңару үшін нақты шешімдерді қабылдап, іске асыру керек. Ол үшін құқықтық негізде қолайлы жағдай жасалған. Сол арқылы модернизациялау үдерісі үдемелі қарқынмен жүреді.

Мәжілістің қазіргі құрамы өзінің халық алдындағы негізгі міндетін орындады деуге болады. Себебі, олар «Ұлт жоспарын» жүзеге асырудың құқықтық негізін құрды. Қабылданған 80-дей құжат бойынша әр реформаның жол картасы құрылды.

Бөріхан Нұрмұхамед, Ұлттық зерттеулер институтының директоры

-Қабылданған бірқатар заңдар Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуының жаңа кезеңіне жол ашады. Элитаның, басқару корпусының жаңаруы. Аталған жәйттер осындай шешім қабылдауға себеп болды, бір жағынан реформаларға серпін беру қажет. Екіншіден, болашақтағы тұрақтылық пен елдегі саяси жүйенің беріктігін ойлаудан туған қадам. 

«Әр тұрғынға пайдасы тиеді-ау деген шараларды дер кезінде, тіпті алды-ала жасап отыру үшін барлық құрылымдар өзара ақылдасып жұмыс істесе - нәтижесі ойлағаннан да керемет болады», – дейді қоғамдық ұйымдардың өкілдері. 

Азат Шәуеев, «Мемлекеттік тілді дамыту қоры» ұйымының директоры

-Әлемге біз Қазақстанның жаңағы мобильді ел екенін, күннен күнге дамып келе жатқан ел екенін тағы да дәлелдей түсеміз.

Аманжол Қошанов, Экономика ғылымдарының докторы, академик

-Мұнда жүйелілік бар. Бұл облыстарда, орталық республикалық деңгейде халық энергиясын біртұтас бір жүйеге салу үшін жаңа кадрлар керек. Осы тұрғыдан алғанда біз қазақ зиялы қауымы бұл ұсынысты қолдаймыз.

Жанаргүл Құсманғалиева, Саясаттанушылар конгресінің төрайымы

-Біз дағдарыстың жаңа толқынына дайын болуымыз керек. «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» осы қиындықтарды еңсеруге бағытталған бағдарлама. Ал оны іске асыру үшін барлық жерде Үкімет пен Парламенттің үйлесімді жұмысы қажет.

Осындай маңызды тіпті тарихи кезеңде ел жағдайын одан әрі жақсарту үшін халыққа қызмет ететін азаматтарға мол жауапкершілік те жүктелетіні жасырын емес.

Есіркеп Сайлыбаев, Алматы қаласының тұрғыны

-Алдыңғы Парламент те көп жұмыстар істеді. Көп заңдар қабылдады. Жаңа жоспарлар істеу керек. Қазақстанның экономикасын көтеру керек. Халықтың хал ахуалын жағдайын көтеру керек.

Қойлан Қапалбаева, зейнеткер

-Жаңа Парламент мүшелері келсе бәрін жаңадан бастайды ғой. Халық тоқ болса бәрі жақсы болады, бәрі тыныш болады.

Көкшетаулық хирург Серік Аяғанов облыстық аурухананың бас дәрігері, оған дейін Сенат депутаты болып, «Денсаулық сақтау кодексін» әзірлеген жұмыс тобына жетекшілік етіпті. 

Серік Аяғанов, Көкшетау қаласының тұрғыны

-Мәселелерді уақытында шешу керек. Екіншіден, мәслихат сайлауы да бірге болатындай болып отыр. Бұның өзі біраз бюджеттік шығынды азайтады. Сондықтан, оны қолдаймыз. Бұл еліміздің болашағына өте тиімді  және пайдалы болады.

«Жаһандық дағдарыс жағдайында әр сәттің қадірін біліп, уақытты бағалау қажет», – дейді қарағандылық мұғалімдер.

Гүлзада Төлеп, Қарағанды қаласының тұрғыны

-Бұл Парламент мүшелері ұзақ уақыт бойы қаншама заң қабылдады. Биылдан бастап жалақымыздың өсіп жатқанына және біздің әлеуметтік жағдайлардың жақсарып жатқанына, халқымыздың әл-ауқатының артқанына бұл депутаттардың да үлесі бар деп санаймын.

Шет елдік сарапшылар да бастаманы құптайды. Мәселен, Вашингтондағы Ғаламдық қауіпсіздік институтына қарасты Энергетика, табиғи ресурстар және геосаясат орталығының директоры Ариэль Коэн: «Мерзімінен бұрын сайлаудан бас тартудың қажеті жоқ, керісінше, бұл – экономикалық қиындықтарды уақытылы әрі оңай еңсеріп, елдегі тұрақтылықты сақтап қалудың тиімді жолы», – дейді.

Ариель Коэн, Энергетика, табиғи ресурстар мен геосаясат орталығының директоры

-Әлемде жүріп жатқан дағдарыс ешкімге оңай тиіп тұрған жоқ. Мұнай мен табиғи байлықтардың бағасы құлдырап, тіпті Ресей, Австралия, Оңтүстік Африка, Канада мен Бразилия сияқты елдерге кесірін тигізіп жатыр. Сондықтан Қазақстанның жаңа Парламент құрамын жасақтап, мерзімінен бұрын сайлау өткізу бастамасы нағыз қолдауға тұрарлық.

Қазақстанда Мәжіліс сайлауы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін деген хабар АҚШ-тың іскерлік астанасы Нью-Йорк экономистерін де елең еткізді. Қаржы сарапшылары бұл ұсыныс дер кезінде жасалған және өте дұрыс деп санайды.

Дэвид М. Валера, экономист

-Елдің мүддесін қорғайтын жаңа құрамды Парламентпен бірге жаңа міндеттерді орындауға деген ұмтылыс та түсінікті. Соңғы онжылдықтарда сіздердің мемлекеттеріңіздің басшысы түрлі жағдайлардан елді алып шыққанына қарап, осы жолы да солай боларына сенімдіміз.

«Әр мемлекет ел дамуы үшін батыл қадамдарға баруы тиіс. Осы тұрғыдан, мерзімінен бұрын Парламент сайлауын өткізу орынды», – дейді италиялық геосаясаттанушы Алессандро Лундини. 

Алессандро Лундини, Италия жоғары Геосаяси зерттеу институтының ғылыми қызметкері

-Қазір Қазақстан үшін басты мақсат – жақында ғана айтылған реформаларды жүзеге асыру. Оның іске асуы бірнеше жылды қамтығандықтан экономика мен институционалдық жүйені сол уақыт аралығында қайта жандандыру керек. Сонда Қазақстан тұрақтылықты сақтап қалады деп есептейміз. 

«Ұлт жоспарын» заңдық тұрғыда сауатты жүргізу маңызды. Ресейдің Стратегиялық жоспарлау және болжау институтының жетекшісінің ойы осыған саяды.

Александр Гусев, Ресейдің Стратегиялық жоспарлау және болжау институтының директоры

-Президент белгілеп берген 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыруға кірісу керек. Яғни бұл саяси науқанды өткізу, қазіргі әлемдік дағдарыспен дер кезінде әрі тиімді түрде күресу қажеттілігінен туындап отыр деп ойлаймын.

Сонымен Мәжіліс депутаттарының өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуды сұрап Елбасына жолдаған Үндеулері – жыл басының ең басты саяси оқиғасы деп бағаланып отыр халық арасында. Енді осының нәтижесі ретінде, ең басты экономикалық оқиға қандай болары да өз қолымызда.

Авторы: Ақбөпе Бәкір

6 Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіровтің "Жеті күн" бағдарламасына берген сұхбаты

Дархан Әбдуахит, тележүргізуші

-Әлеуметтік желілерді қарасаңыз, Қазақстанда соңғы жылдары сайлау өз уақытында өтпейді, бәрі мерзімінен бұрын ұйымдастырылады деген уәждер бар. Бірақ, уақыт – сыншы. Ерте қамдануымыздан ұтылған тұсымыз болды ма?

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Біз өткен жолымызға қарасақ, ұтылмақ түгілі жеңдік. Себебі әрбір мерзімнен тыс өткізген сайлау бізді жеңіске, жеміске әкеп тіреп тұрды. Сонымен қатар, заңгер ретінде айтам, біздің Конституциямызға және сайлау жөніндегі заңға сүйене отыра жасаған шешімдер болды. Біздің соңғы Үндеуіміз де осыдан шығып отыр. Конституцияның 44-ші және 55-ші бабына сүйене отыра, Конституциялық сайлау жөніндегі заңымызға сүйене отыра осы Үндеуімізді паш етіп отырмыз. 

Дархан Әбдуахит, тележүргізуші

-Яғни, заңдық тұрғыдан ешқандай алшақтық жоқ?

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Толық заңға сүйеніп отырмыз. Әрбір тұсты заңға сүйеніп жасадық. 

Дархан Әбдуахит, тележүргізуші

-Ал сайлау өткізу қажеттілігі неден туындап отыр?

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Бұл сайлау – ерекше сайлау. Мен ойлаймын, тарихи сайлау. Бесінші шақырылымдағы мәжіліс өзінің тарихи миссиясын орындады деп Үндеуде айтып кеттік, біздің миссиямыз Елбасы Н.Назарбаевтың елге жариялаған Ұлт жоспарының заңдық тұрғыдағы іргесін қалап бердік. Болашақ бағдарлама осыны ары қарай жандандыру керек.

Дархан Әбдуахит, тележүргізуші

-Дәл қазір Парламент сайлауын жергілікті мәслихат сайлауымен қоса өткізу ұсынысы қаншалықты ұтымды? Бәрі бір мезетте қарбаласып кетпейміз бе? 

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Жергілікті жерде өзін көрсете алған, ел үшін маңдай терін төгіп, көңілін аямай жұмыла жұмыс істеп жүрген азаматтар елдің көз алдында. Сайлауды бүгін өткіз, ол сайлауды бес айдан кейін өткіз, сол азаматтар келеді егер оларға сенім артатын болса. Бұл екі сайлауды бірге өткізген кезде біз үлкен ұтыста боламыз. Өйткені дауыс берген кездегі біздің күніміз бір болады, екі бюллетеньді қатар саламыз, сайлаушыларға дауыс бер деп үгіттеу жұмысын жүргізген кезде бәрі қатар жүргізіледі, біреуді жұмысынан алаңдату бұл да азаяды.

Дархан Әбдуахит, жүргізуші

-Екі науқанды қатар өткізіп алып, нақты жүмысқа кіресіміз, ия ...

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

-Біздің мақсатымыз, біздің ойымыз, екі науқанды бірге өткізіп, жұмыспен шұғылдансақ, осыны халық күтіп отыр. 

Дархан Әбдуахит, тележүргізуші

-Партиялардың дайындығы қандай деп ойлайсыз? 

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Бір қағидат бар ертеде қалыптасқан, «әрбір саяси партия келесі сайлауға дайындықты өткен сайлаудың ертеңінен бастайды» деген. Сондықтан саяси күреске дайын партиялар олар 2012 жылдың қаңтарынан бастап дайындалуы керек еді. Күресеміз деген, өзінің күшіне сеніп отырған партиялар олар өздерін көрсете алса, халық өз дауысын берсе, Парламентке келеді деп ойлаймын. 

Дархан Әбдуахит, тележүргізуші

-Негізі дайныдық жүрді ғой, «Ауыл» партиясының, «Бірлік» партяисының жаңарулары осыған дәлел емес пе?

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Өткен уақытта бірсыпыра партиялар бірікті, бірсыпыра партиялар өздерінің уставтарын, бағдарламаларын қарастырды, жаңғыртты. Соған қарағанда партиялар қазіргі болар сайлауға өз дайындық жұмыстарын өткізді. 

Дархан Әбдуахит, тележүргізуші

-Айтылмай қалған әңгіме қалды ма қандай да бір ...

Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Конституцияда көрсетілгендей, сайлауды жариялау, кезекті болсын, кезектен тыс болсын, ол тек қана Елбасының жеке өзінің ғана құқығы. Сондықтан біздің үндеуіміз Елбасына арналды, халыққа жолданды. Егер Елбасы біздің негіздерімізбен келісетін болса, біз оған сенеміз, олай болатын өз шешімін Елбасы айтады. 

Дархан Әбдуахит, тележүргізуші

-Рахмет. Аз сөйлессек те, саз сөйлестік деп ойлаймын. Сау болыңыз!

7 Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жаңа өзгерістер

Ұлт Жоспары – елді ұшпаққа шығаратын құжат. Заңнамалық негіз қалыптасты, қаңтардың бірінен бастап нақты іс жүзіндегі жұмыс басталды. 

Мәселен, «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң күшіне енді. Соған байланысты тестілеу тәртібі өзгерді. 

Тестілеу бағдарламасында мемлекеттік тіл мен заңнаманы білу талабы қалды. Кандидаттың жеке қасиеттерін бағалау қосылды. Бұрын әр заңды білу жөнінде шекті мәндер болатын. Тек былтырдың өзінде тест тапсырушылардың 34 пайызы осы шекті мәннен сүрінді. Жаңа ережеге сай, үміткер жалпы сұрақтардың санынан айқындалған межеде дұрыс жауап белгілеуі тиіс.

Нақтырақ айтсақ, мәселен, үшке бөлінген тестілеудің бір бағдарламасында 135 сауал болатын болса, соның кем дегенде 95-нен қателеспеуі керек. Заңнан сүрінбегендер ғана, екінші кезең – жеке қасиеттерді бағалауға қатыса алады. Сосын тестке жазылу жеңілдетілді. Үйде отырып, «Электронды Үкімет» арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына барып тест өтетін уақытқа бір күн қалғанға дейін өтініш берсеңіз болды.

Тағы бір жаңалық, конкурстың өзі қазір екіге бөлінді. Мысалы үшін, бас маманның орны босаған жағдайда әуелі мекеменің өзінде ішкі конкурс өтеді. Білімі мен біліктілігі сай келетін қызметшіні ең алдымен  әріптестердің арасынан іздеу әлдеқайда әділ секілді. Үміткер шықпаса, барлық мемлекеттік мекемелер арасында, ал ол жерден де лайықты адам табылмаған  жағдайда жалпы конкурс өтеді. Міне, осындай жаңалықтар көп. Қорыта айтқанда, мемлекет қызмет жүйесі дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. 

Әли Көмекбаев, ҚР МҚІМ Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры 

-Қазіргі тәсіл басқаша.«Б» корпусы қызметкерлерінің жалақысы өсті.

Ерсұлтан Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Бонустар беру мәселесі осы заңда бірінші рет кіргізіліп отыр. 

Нұржауһар Нұрмұхан оқуын тәмәмдаған соң ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорында тәжірибе жинақтады. Сөйтіп мемлекеттік қызметке жұмысқа тұруға бекінді. Сынаққа келіп төрт жыл бойы білгенін, жадына түйгенін тексерді. Тәжірибесі мен алғырлығы көмектесіп сыннан сүрінбей өтті. 

Нұржауһар Нұрмұхан, мемлекеттік қызметке үміткер

-Бір жағынан қызықты және таза жұмыс. Және қызметтік өсу бар. Сол себепті мемлекеттік қызметке жұмысқа тұру мақсатында, тест тапсыруға келдім. Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін жастарға жеңілдіктер өте көп беріледі. 

Иә, жеңілдіктер жоқ емес. Қаңтарда күшіне енген «Мемлекеттік қызмет» туралы заңда қызметкерлерді қолдау тағы қарастырылған. Жаңадан қолданысқа енген құжатта тестілеу тәртібі де өзгерген. 

Әли Көмекбаев, ҚР МҚІМ Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры 

-Баяғыда мысалыға 10 заңды алсақ, 10 заңнан тест өткізсе әр заңға шек қойылатын да, әр заңнан 10 сұрақтың 7 сұрағына дұрыс жауап беру керек еді. Ал қазіргі тәсіл басқаша, бүкіл заңдарға 70 пайыз жауап беру керек. Бір заңда 7 сұрақтан аз тапсырса, басқа заңнан көптеу тапсыру керек. 

Білімі мен қабілетінің қарымды екенін көрсеткен жастар ашық конкурсқа қатысады. Байқауда бағы жанғандар «Б» корпусының қызметкері атанады. Тапсырылған жұмысты тиянақты атқарып, бейнетімен ерекшеленсе бір жылдан кейін дәрежесі де артады. 

Әрине заң бойынша министрлік өкілдері қызметкерлерге жылда бағалау жүргізіп, атқарған жұмысын сараптайды. Ал «биографиясы» емес «географиясына» қарап таңдаудың тамырына балта шабылады. Дәлірек айтсақ конкурстық комиссия жұмысқа қабылдау тәртібіне қатаң қарайды. 

Әлихан Бәйменов, Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабының басқару комитетінің төрағасы 

-Осы мемлекеттік органның ішінде тәжірибе жинақтаған адамдар бірте-бірте лауазымға жетеді. Ал ашық конкурстың артықшылығы ішінен адам табылмаса, өзі пісіп дайын болып жүрген ғалым, инженер, дәрігер мұғалім мәдениет қайраткері осылардың да едәуір лауазымға келуіне мүмкіндік береді.  

Лауазымды адам мен қызметкерлердің әдептілігі де қадағаланады. Жұмыс уақытындағы тәртібі, әріптестерімен қарым-қатынасы және қызметтен тыс уақыттағы жүріс-тұрысы ескеріледі. Осы талаптарды қызметкер орындамаса, жұмыстан босап немесе қайта мемлекеттік қызметке қабылданбауы мүмкін. Сондай-ақ саяси қызметтегі басшылардың көмекшісі, кеңесшісі және баспасөз хатшыларынан өзгесі командалық көшке ілесе алмайды.  

Әли Көмекбаев, ҚР МҚІМ Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры 

-Бір әкім басқа облысқа келсе мысалы, бос лауазымға ол келген облысының адамын тарта алмайды. Бастысы сол облыстағы қызметкердің арасынан іздеу керек үміткерлерді, заңда сөйтіп белгіленген. 

Биыл «Б» корпусындағы мамандардың жалақасы 30 пайызға өсті. 

Әли Көмекбаев, ҚР МҚІМ Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры 

-Қызметкер заң бойынша кәсіпкерлікпен айналыса алмайды ғой. Оның бір ғана негізгі табысы бар – айлық. Егер оны қысып отырсақ айлығы нан, шәй алуға жетпей жатса ізденеді ғой. Қызметтен кеткісі келеді. Сол себептен 30 пайызға көтерілген деген жақсы көмек. 

Әрине қызметкерге жәрдем, оның жұмысына бір дем берері анық. Сондықтан мемлекет бұл қолдаумен тоқтамайды. 2017 жылдан бастап қызметтің нәтижесіне байланысты қосымша төлемақы тағайындау жоспарланды. 

Ерсұлтан Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын оның өзінің істеген еңбегінің нәтижесіне байланысты, мемлекеттік қызметкердің әр 3 ай сайын істеген еңбектерінің қорытындысын шығарып, жылдың аяғында бонустар беру мәселесі осы заңда бірінші рет кіргізіліп отыр. 

Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде бар. Сондықтан мемлекеттік қызмет туралы заңды түзген мамандар барлық дамыған елдердің құжаттарын зерттеп, зерделеді. Нәтижесінде озық елдердің 30-дығына кіру жолында заман ағымана сай осы заңды жазды. 

Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдардың докторы, профессор

-Мен Германияда болдым, сонда байқағаным бұларда әр адамның мүмкіндігіне, өтіліне, қабілетіне, айналысып отырған ісіне, іскерлігіне, білімділігіне қарап айлық белгілеп отырады екен. Бұл өте тәуір нәрсе. 

Ал Қытай елінде жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығы қазір жоғары. Жыл сайын көрші мемлекетте 6-7 млн адам университет бітіретін болса соның 50%-дан астамы мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасуға ұмтылады. Өйткені оларда қызметке келетін адамды сынақтан өткізетін кезде, оны қабылдаушы мекеме де, комиссия мүшелері де білмейді. Ынталы азаматтың тек қана жеке құпия сандары болады. Барлық тексерістен өткен соң, кім екені анықталады. Сондай-ақ жемқорлық, таныс арқылы өтуге жол жоқ.  

Хоу Лиянь, Мемлекеттік «Қытай-құрылыс» компаниясының кеңсе басшысы 

-Мен өзім қазір жұмыс істеп отырған жұмыс орнымның тәжірибесіне сүйеніп айтатын болсам, бізде айлық көлемінің 60%-ы ғана беріледі, қалған 40% жалақы қызметкердің жұмыс істеу ынтасына берілген баға бойынша және аттестациядан өткізу арқылы беріледі. Егер жақсы нәтиже көрсетсеңіз еңбекақыңыз еселеніп, 110-120 % өсіммен аласыз. Ал егер жұмысың өнімсіз, аттестацияда нашар ұпай жинасаңыз айлықтың 60 пайызын ғана місе тұтасыз. 

Сәкен Сейітханұлы, тілші 

-Міне дамыған елдердің бұл тәжірибелері нәтиже әкелген. Мамандардың айтуынша біздің елде де «Мемлекеттік қызмет туралы» заң аясында қызмет қарқыны күшейеді. Сәйкесінше елдің дамуы да жеделдейді. Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ: «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек». 

Авторы: Сәкен Сейітханұлы

8 Үкіметтің дағдарысқа қарсы жаңа бағдарламасы қабылданбақ

АТап басып айту қиын, бірақ мұнай бағасы 20 долларға құлдырауы ықтимал. Сарапшылар осындай болжамға көшті. Қазақстан Үкіметі де әдеттегідей жағдайды бақылауында ұстап отыр, бірақ қара алтынның әлемдік бағасы барреліне 20 доллар болған жағдайда, қайтпекпіз? 

Сценарийлік болжам келесі аптада Үкіметте талқыланады.

Сол жиында бюджетті оңтайландыру жайы да қаралмақ. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «қатаң шешімдер қабылдануы мүмкін» дегенді айтып қалды. Бірақ, әлеуметтік шығыстар, «Нұрлы Жолға» жұмсалатын ақша, ал «Нұрлы Жол» дегеніміз ең әуелі қарапайым халықтың қамы, сол күйінде сақталады.

Өткен жылдық өсім 1,2 пайыз болған, бұрнағы уақытпен салыстырғанда әрине көп емес, бірақ ілгерілеу бар деген сөз. Мешін жылындағы Үкіметтің алғашқы әрекеті қандай болмақ? 

Мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы барреліне жиырма доллар тіпті одан да төмен құлдырауы мүмкін. Пессимистік болжам. Негізгі серістес елдердің өзінде экономика қарқыны бәсеңдеді. Оның біздегі нарыққа кері әсері аз болмай отыр. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары 

-Бүгінде Қытай экспорт пен инвестициялардан ішкі тұтынуды ынталандыру мен қызмет көрсету саласын дамытудың көшпелі кезеңінен өтуде. Бұл экономистердің болжамы бойынша орта мерзімдік перспективада Қытай экономикасының өсу қарқынының баяулауына әкеп соғады.  

Бауыржан Исабеков, экономист 

-Ресейге қолданылып жатқан санкциялар бізге өзінің теріс әсерін беріп жатыр. Бірақ соған қарамай өзіміздің экспорттық жұмыстарымызды басқа мемлекеттермен жүргізу арқылы оң нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз. 

Мәселен, өткен жылы Қазақстан экономикасының өсімі 2015 жылы 1,2 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы өндіріс көлемі 4,4 пайыз жоғарылады.

Өңдеу өнеркәсібі 0,2 пайызға артқан. Бұл металлургиядағы ілкімді істердің нәтижесі. Бірақ өндірістегі жағдай керісінше. Көлемі 1,6 пайызға, ал тау-кен өнеркәсібі 2,5 пайызға дейін төмендеп кеткен. Бұған мұнай, темір мен көмірге деген сұраныстың Қытай тарапынан азаюы басты себеп.  

Ерлан Әбіл, экономист 

-ЖІӨ осы жылғы өсу бағамы 1,2 пайыз деп жоспарланып отыр. Келесі жылға 2,1 пайыз деп жоспарлануда. Осыған қарағанда басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанның жағдайы нашар деп те айтуға болмайды. 

Үкімет әзірлеген жаңа жоспар бюджетті қайта қарауға емес, экономиканы жандандырудың нақты шараларын саралауға арналыпты. Қазына қаражатын үнемдеуде қатаң шаралар қабылдануы мүмкін. Шығыстарға тексеру жүргізіліп, қаржыландырудың тиімсіз бағыттары айқындалмақ. 

Ерлан Әбіл, экономист 

-5 институционалдық реформада нақты айтылған. Бұл қоғамдық бақылау мәселесі. Бюджетті бақылау, игеру негізінде халыққа есеп беру, тиімді басқару, жобалық менеджмент аясында жүргізу күшейе бастайды.  

Ең басты міндеттің бірі – халықтың әл ауқатын жақсарту. Сондықтан «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы мен әлеуметтік салаға бағытталған қаржылар қысқармайды. 

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі 

-Шығыстардың негізгі бөлігі - әлеуметтік төлемдер. 2015 жылға қарағанда 2016 жылы оның үлесі 39 пайыздан 40 пайызға дейін өсті. Ешқандай да әлеуметтік міндеттемелер қысқартылмайды.  

Айта кету керек, экономикалық тұрақтылықты қамтуға « Нұрлы Жол» бағдарламасы зор ықпалын тигізіп отыр. Былтырғы жылдың өзінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру көрсеткшінің 3,7 пайызға артуы соның дәлелі.   

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары 

-Өткен жылы экономикалық белсенділікті сақтауда «Нұрлы Жол» бағдарламасы негізгі роль атқарды. Оны іске асыруға 550 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Елбасы тапсырмасына сәйкес нақты міндеттер айқындалған. Біз оларды жүзеге асыруға кірісіп кеттік. 

Биыл дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға 225,5 млрд теңге қосымша резерв бөлінеді. Бұл ең бірінші кезекте жұмыспен қамтуға және «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыруға жұмсалады. 

Ерлан Әбіл, экономист 

-Бюджетте дефицит 1,6 пайыз деңгейінде. Бұл дефицитті өтеуге Ұлттық қордан қаржы алуға тура келетін шығар, бірақ бюджеттің ішінде де 225 млрд теңге резерв қарастырылып отыр.

Үкімет мүшелері Ұлттық қордың қаржысын игеруге асықпайды. Бірақ белгілі бір көлемде одан қаржы алуға тура келетінін жасырмайды.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі 

-Нақты шектеулер мен көрсеткіштер бар. Біз оларды қатаң сақтаймыз. Және Ұлттық қордан қаржы алатын кезде сол талаптарды ұстанамыз. Мәселен биыл Ұлттық қордың қолданыстағы тұжырымдамасы бойынша тек 8 млрд доллар көлеміндегі қаржыны кепілдендірілген трансферт қаражаты түрінде аламыз.

Бауыржан Исабеков, экономист 

-Ұлттық қордан алдыңғы жылы 1,8 трлн теңге түскен екен. Біз соның 1,7 трлн теңгесін жаратқан екенбіз. Сондықтан Ұлттық қорға нөл түсім болмағанның өзінде де үлкен үнемшілдікпенен, ысырапшылдыққа жол бермей Ұлттық қорды болашақ 3-5 жылдағы дағдарысқа қолдану мүмкіндігіне қалдырып отыр. Өзіміздің стратегиялық мақсаттарымызды орындау үшін бұл өте дұрыс қадам деп санаймын. 

Экономиканы жандандыруда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыны жұмсау, экспортты ынталандыру мен кәсіпорындарға жеңілдіктер жасау көзделген. Бұған қатысты нақты шешімдер әзірге жасалмаған. Дағдарысты еңсерудегі жаңа жоспар алдағы аптада Үкіметте бекітілмек. Ал ел дамуының макроэкономикалық болжамдары екі айдан кейін белгілі болады.  

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Серік Қоңырбаев

9 Автонесиелендірудің екінші кезеңі жалғасуда

Амал жоқ, біраз шығыстарды оңтайландыруға тура келді. Бірақ әлеуметтік маңызы бар деген көп жоба жоспар бойынша жүзеге асатын байқап жүрміз. Соның бірі – отандық автокөліктерді төмен пайыздық үстемемен несиеге беру бағдарламасы. Жалғасын тапқан бағдарламаға Ұлттық қордан алынған қаржының 11 миллиард теңгесі жұмсалады. 

Халықтың қалтасын қақпайтын, өндірісті қолтықтан демейтін несиелендірудің талаптары өзгерді ме? 

Биыл «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты аясында «Қазақстанның даму банкі» Ұлттық қор қаражатынан қазақстандық көлік құрастыру кәсіпорындарын қолдауға 11 млрд теңге бөлді. 2015 жылы осы мақсатқа 15 млрд теңге жұмсалған еді. Биылғы транш есебінен - 4 мыңға жуық отандық көлік сатылуы тиіс, былтыр 6 мың авто өз иесін тапқан. 

Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Несиеге өте үлкен сұраныс. Бұл бағдарма келесі жылдары да жалғасын табу керек. Өйткені біз халыққа жеңіл несие берсек, халыққа да жақсылық қыламыз, сосын автопромдарға да үлкен көмек.

Тұтынушыларға Kia, Toyota, Chevrolet, Skoda, Hyundai сынды брендтердің 37 үлгісі ұсынылады. Олардың толық тізімі «Қазақстанның даму банкі» сайтында жарияланған. 

Жеңілдетілген автонесие Халық, Еуразиялық, Ресей Сбербанкі мен БанкЦентрКредит банктері арқылы 3 жылдан 5 жылға дейін теңгемен беріледі. 

Жалпы бұл бағдарлама бойынша несие алуға ниет білдірушілер көп. «Биыл қозғалтқыш көлемі шағын көліктерге ерекше сұраныс артады», – дейді сарапшылар.

Шалқар Нұртілеуов, Халықаралық фирмалар желісінің автомобиль-логистикалық дамыту бағытындағы директоры

-Енді біздің болжам бойынша 2016 жылы қазақстандық тұтынушылар арзан көлікті сатып алады деп отырмыз. Арзан көлік болса оның қозғалтқыш көлемі де кішкентай болады. Мысалы қазіргі ең трендмейкер дейміз, бестселлер дейміз ол бестселлер көліктер 2 литрға дейінгі көлемдегі қозғалтқышы бар көліктер.

Отандық көліктердің бағасы 3 млн теңгеден басталып, 6-7 млн теңгеге жетеді. Темір тұлпар құнының 30 пайызын алдын-ала төлеген күннің өзінде, банктың әдеттегі 16-17 пайыздық үстемесі есебінен қомақты қаржыңыздан қағыласыз. Ал, отандық көлікті жеңілдетілген 4 пайыздық үстемемен алар болсаңыз, айтарлықтай үнемдейсіз. Сақтандыру және автокөлікті кепілге рәсімдеу шығындарын қосқанның өзінде - жылдық үстеме 7,5 пайызға жетпейді. 

Жалпы осы бағдарлама аясында қолданыстағы отандық көліктер үлесін біртіндеп ұлғайту көзделіп отыр. Қазір елімізде 4 млн жеңіл көлік тіркелген. Оның жартысынан астамының 19-20 жылдық тарихы бар. Германияда бұл көрсеткіш 8 жыл. Бүгінде елімізде мың адамға 252 көліктен келеді екен. 

Жан басына шаққанда жеңіл автокөліктердің саны бойынша Алматы, Астана, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары көшбасында тұр. 

Осы орайда, назар аударуға тұрарлық тағы бір ақпарат. Автомобиль құрастыру саласына тікелей және жанама қатысы бар өндіріс орындарында 4 жарым мың қазақстандық жұмыс істейді. Былтыр автоөндірістен қазынаға салық ретінде 1,5 млрд теңге түскен. Демек, отандық өнімді таңдау арқылы, отбасылық бюджетімізді үнемдеп қана қоймай, ел табысын ұлғайтып, көлік өндірісінің өрісін кеңейтуге атсалыса аламыз.

10 Транзит тынысы кеңейеді

Елімізде «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызға ие 7 мың шақырым автокөлік жолдары жаңартылады. Ақы алу жүйесі енгізіледі, жолдан түскен пұл, бұл шамамен 2022 жылға қарайғы есеп бойынша, 41 миллиард теңге болмақ, сол қаражат автомагистральдерді күтіп ұстауға жұмсалады.

Қазір «Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізі» жобасы басталды. Азиядан Еуропаға жүк жеткізу жеңілдетіледі. Дәліздің екі бағыты бар, әуелі - Қазақстан арқылы Ресейге, сосын Ресейден кәрі құрылыққа өтеді. Екінші жол – Қорғастан Ақтауға, одан әрі Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия боп кете барады. Түпкі нәтиже – жүк жеткізу құны екі есеге арзандайды.

Ұлт Жоспарында нақтыланған жүк тасымалы мен транзитті дамыту мәселесіне арнайы үңілуді жөн көрдік. 

-Көлік логистикасы – түсім қандай?

Дәурен Сәбитов, ҚР ИДСМ транзиттік саясат және көліктік логистика департаментінің директоры

-ЖІӨ-дегі көлік саласының үлесі 5-6 пайызды құрайды.

-Әуе жолының әлеуеті қандай?

Тимур Тілегенов, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті басқарма жетекшісінің міндетін атқарушы 

-Негізгі жүк ағыны Азия мен Еуропа арасында...

Нұрбек Әмиша, тілші

-Қазақстан – Еуропа мен Азия арасындағы ірі логистикалық хабқа айналуды көздейді. Мәселен, Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізі осы жылы толық пайдалануға беріледі. Жезқазған-Бейнеу, Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолы – Қытайдан Еуропаға жүк жөнелтудің төте жолы. Ақтау және Ланьюнган теңіз порты да қос құрлықтың қатынасына жан бітірді. Қазақстан онымен қоймай, әуе жолы арқылы да өңіраралық орталыққа айналуды жоспарлап отыр. 

Еуразиялық трансқұрлықтық көлік дәлізі. Қазақстанның жағырапиялық орналасу реті осы мүмкіндікті пайдалануға үндейді. Әлгі біз айтқан ірі жобалар сол мақсаттан туған. Елімізде жоғары жылдамдықты автомагистральдер салынуда, темір жолдарға түрен түсті, авиамаршруттар ашылуда.

Бүгінгі таңда 65 елді біріктіретін жаһандық желі Қытай, Қазақстан және Ресейді басып өтеді. Алдын ала болжам бойынша, Қытай мен осы Жібек жолының бойындағы мемлекеттердің сауда айналымы 2,5 трлн долларға жуықтайды. Қазақстан маңызды магистральдің жиегінде отырып, логистика, қызмет көрсету арқылы да табыс табады. Еуразиялық транзиттік желі құрлық пен су жолын да қамтиды. Жалпы ұзындығы – 11 мың шақырым. 

Дәурен Сәбитов, ҚР ИДСМ транзиттік саясат және көліктік логистика департаментінің директоры

-Қытайдың жүгі Қазақстан арқылы Еуропа, Ресей, Орта Азия мемлекеттеріне өткен. Соны есепке ала отыра, контейнерлік тасымалдардың жоғарылауы бізге паромдық кешен салу сияқты алдымызға тапсырмалар қойып тұр. 

Ақтау – Қазақстанның теңіз қақпасы. Қазір мұнда Құрық паромдық кешенін салу жұмысы қызу жүруде. Ұлы Жібек Жолының жүгі осы айлақ арқылы Парсы шығанағына жөнелтіледі. Яғни, тоғыз жолдың торабы. Құрық портының кеңейтілуі ТРАСЕКА және «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі арқылы жүктің өту қабілетін 25 млн тоннаға дейін ұлғайтады. 

Қыдырберді Беков, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары

-Құрық портын дамыту бағытында жасалып жатқан жобалардың бірі – «Шетпе-Жетібай-Ақтау» магистралі. Бұл да өз кезегінде біздің өңірдің тасымалының ұлғаюына септігін тигізетін жобалар.

Көліктік дәліздің екінші ұшы Қытайдың іргесіндегі «Қорғас-Шығыс Қақпасы» арнайы экономикалық аймағына ұласады. Ақтау және Ланьюнган порттарының арасы 2,5 мың шақырым. Қазақстан осы порт арқылы Тынық мұхитына шығады. Құрлықтағыға қарағанда су жолы уақыт пен ұзындықты 3,5 есе қысқартады. 

Дәурен Сәбитов, ҚР ИДСМ транзиттік саясат және көліктік логистика департаментінің директоры

-Ланьюнган портының маңызы өте жоғары. 2015 жылы ол жерде Қазақстан арқылы 42 мың контейнер жүк өтті осы бағытта.

Қазақстанды халықаралық хабқа айналдыруды көздейтін жобалардың бірі – Жезқазған-Бейнеу, онан әрі Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолы. Бұл маршрут қазір өз жұмысын бастап кетті. Ал, Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізі арқылы жүк көліктері Ланьюнганнан Үрімшіге, Қорғас арқылы Алматыға, онан әрі Ақтөбе жолымен Қазан, Мәскеу, сосын Санкт Петерборға жөнеледі. Теодор Каплан, Қазақстан көлік тасымалдаушылар одағының бас хатшысы

Қазірде Қазақстан мен Қытай арасында 5 автокөлік жолы қиылысады. Бұл Орталық Азия мен Еуропаны қосады. Екінші бағыт – Орталық Азия, Ауғанстанға қарай бет алады. Бүгінде Қытайдан мыңдаған рейстер автотранспортпен тасымалданады. Әрі қарай Өзбекстан, Түркіменстан, Түркия, сосын Еуропаға кетеді. Үшінші бағыт, ТРАСЕКА, жүк Ақтау және Баку порттары арқылы, әрі қарай авто және темір жолдармен Еуропаға бет алады. 

Айтпақшы, еліміз аумағындағы автобандар енді ақылы болады. Бұған дейін «Астана-Шучинск» жолы ғана әр шақырымға тиын-тебен алып отырған еді. Қазақстан бойынша барлығы 23 мың 600 шақырым автожол бар болса, оның 7000 шақырымынан төлем ұстап қалып отыру жоспарланып отыр. 

Ержан Төреқұлов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ корпоративтік даму жөніндегі басқарушы директоры 

-Ақылы жолдардың ұзындығын барлық бағыттар бойынша 211 шақырымнан 7000 шақырымға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл талап әзірге жүк көліктеріне қойылады. Түскен қаржы сол жолды жөндеуге кетеді. Мәселен, Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізінің белгілі бір бөліктерімен де енді көлік жүргізушілері ақша төлеп өтетін болады. 

Қазақстан қарым-қатынас жолының мүмкіндігін қалт жібермейді. Ол үшін авто жолдарды күтіп-баптайды. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 7 мыңнан астам автокөлік жолы қайта жаңғыртылады. Мұны Елбасының өзі айтып отыр. 2022 жылға қарай жол жүруден түскен алым 41 млрд теңге болады. Қазір Астана-Алматы, Астана-Теміртау және Астана-Павлодар жолы салынып жатыр. Келесі жылы Астана-Петропавл желісі аяқталады. Оңтүстіктегі Алматы-Қапшағай жолының құрылысы да мәреге таяу. 

Қазақстан әуе нарығын күшейтуді көздейді. Биыл Астана-Түмен, Минск, Гонконг, Ұлан-батыр, Прага, Алматы-Тегеран бағыттары ашылады. Еліміздің ірі әуе компаниялары ИКАО-ның «қара тізімінен» шығарылды. Аспан нарығында жүк айналымын арттыру – басты бағыт. Қымбат, есесіне тез. 

Тимур Тілегенов, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті басқарма жетекшісінің міндетін атқарушы 

-Алматы қаласында үлкен авиациялық хаб құру жоспарланған. Әуежай құрылған кезде халықаралық стандартқа сай, тиісті инфрақұрылыммен хаб құрылады. 

Астана – көліктік логистиканың орталығы. Жаңа вокзал жұмысын бастағанда келер жылы бас қаладан тікелей Үрімшіге дейінгі күнделікті пойыз бағыты ашылады. Демек, қай тұрғыдан алғанда да Қазақстан қатынасты кеңейтуге күш салып отыр. 

Авторлары: Нұрбек Әмиша, Арман Данышбаев

h3