Хабар телеарнасы

Жеті күн 21.01.2017

Сюжеттер
1. Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады 2. Араб кәсіпкерлерінің Қазақстанға инвестиция құюға қызығушылығы күшті 3. Астана процесі: Қазақстан қашанда өз миссиясына берік
4. Сот жүйесіндегі кадрлық жұмысты одан әрі жетілдіре түсу керек 5. Әкімнің есебі нені шешеді? 6. Қайрат Келімбетов: Экономиканы әртараптандыру үшін көп инвестиция тартуымыз керек
   
7. Универсиада кезінде 7 мыңнан астам полицей Алматыдағы тәртіпті қадағаламақ    

1. Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады

Иә, біліп отырсыз, бұл – «Бурж әл-Араб» қонақүйі. Оның кереметтілігін әдемілігімен де, биіктігімен де өлшеуге болар?! Бірақ ең басты ғажайыбы – жасанды аралда орналасуы. Оны жағалаумен 280 метрлік көпір жалғап тұр. 

Осы бір ғана ғимарат арқылы Дубайдың, ауқымдырақ айтсам, Біріккен Араб Әмірліктерінің даму деңгейін бағамдай беріңіз?! 

«Әрине, бағалы мұнайының арқасы», – деп өзімізді ақтап алсақ, ешкімнің ештеңесі кетпейді. Алайда жетістікке жетудің жолы – қара алтын да ғана емес, маркетингте екенін білсек, шіркін?!

Мәселен, «Араб мұнарасының» ұшар басындағы мына алаңқай. «Көлік кептелісін көңілім қаламайды» дейтіндер тікұшақпен бірден осында ұшып келеді.

Дубайлықтар тап осы жерде «жаға ұстатарлық» жарнама жасады. 2005 жылы үлкен теннистің тарландары Роже Федерер мен Андре Агасси алаңқай үстінде кездесу өткізді. Осылайша «Бурж әл-Араб» әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының басты жаңалығына айналды. Бұл, сөзсіз, Дубайдың даңқын асырды. Сөйтіп, солай қарай туристер ағылды, тиісінше қазынаға қаржы құйылды.

Елбасының «Астананы» бренд ретінде қалыптастыруға айрықша көңіл бөлуінің астары, міне, осында. «Болашақтың қаласын» құрамыз деп белді бекем будық. Мақсат мығым, жоспар жойқын. Ал имиджді көтеруде кімнен үлгі аламыз? Әрине, сенімді серіктес Біріккен Араб Әмірліктерінен. Осы және өзге мақсаттарды жүзеге асыруды міндет етіп қойған Нұрсұлтан Назарбаев апта басында Абу-Дабиге ресми сапармен барды. 

Бірнеше келелі кездесу өткізіп, екі ел арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған келісімдерге қол қойды. Құжаттардың қай-қайсысы болсын, сіз бен біздің өмірімізге өзгеріс әкеледі. «Қандай» дейсіз бе? Оны келіссөздерге куә болған тілшіміз Сәкен Сейітханұлы тарқатады.

Ел Президентін Біріккен Араб Әмірліктері басшылығының жылы қарсы алуынан-ақ сапардың сәтті басталғанын аңғардық. Тіпті әуежайда шағын кеңес өткізілді.

Көп кідірмей Нұрсұлтан Назарбаев әл-Мушриф сарайына келді. Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Елбасына зор құрмет көрсетті.

Кеңейтілген құрамдағы кездесуде көп істің көбесі сөгіледі. Мұнда қос тарап та ұстанымдарын барынша ашық ұсынады. Бұл ретте екі елдің мүдделері бір арнада тоғысты. Сауда-экономика, инвестиция, энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынасты ширатады.

Сәкен Сейітханұлы, тілші

-Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет Біріккен Араб Әмірліктеріне келіп, екі елдің қатынасын нығайтуға күш салды. Нәтижесі көңілге қонымды. Өткен жылдың 11 айындағы көрсеткішке көз салсақ, алыс-беріс 326 миллион долларға жеткен. 2015 жылмен салыстырғанда 216 миллион долларға артық. Осыған қарап-ақ, Араб елдері ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінің бізбен қарым-қатынасы алдыңғы қатарда тұрғанын көреміз. Бұл байланыстың биігі емес. Алдағы уақытта серіктестікке тағы серпін қосылады.

Сөзімнің маңызын кеңейтілген кеңес соңындағы келісімдер айғақтайды. Екі елдің министрлері ЕХРО көрмесіне қатысты, инвестициялық даму және туризм салаларын қамтитын маңызды құжаттарға қол қойды.

Осы уақытқа дейін әмірліктер Қазақстанға 2 миллиард доллар инвестиция салған. Құйылған қаржы күшімен 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын ашылды. Ауыл шаруашылығы, металлургия және энергетиканың түрлі бағыттары бойынша. Болашақта инвестициялық жобалар еселене бермек. 

«Калатрава Грэйс Корпорэйшн» басшылары Елбасымен кездесіп, екі ірі құрылысты қолға алатынын жеткізді. Оның бірі жабық  сулы-жасыл бульвар болса, екіншісі «Астана спорт сити» орталығы.

Калатрава корпорациясы – жылжымайтын мүлікке, инвестиция салып жүрген әлемдегі ірі компанияның бірі. Мекеменің төрткүл дүниеде тұрғызған ғимараттары сәулеті және сапасы жөнінен алдыңғы орында. 

Енді дәл осы іргелі орталық, біздің елге ақша салады. Бұл ел экономикасы дамуына ықпалын тигізеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүйелі жоспары аясында 25 жылда елге 265 миллиард доллар инвестиция тартылған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Қазақстан – аграрлық мемлекет. 40 миллион гектар өңдейтін жері бар. 200 миллион мал жайылатын жері бар. Өнімнің өңдеуі сүтті, етті, теріні, жүнді, көкөністі өңдеу мәселелері кеңіп келеді. Сондықтан бұған да инвестиция тартуға мүдделіміз. Біріккен Араб Әмірліктері кәсіпкерлерін сіздерді машина жасау мәселелеріне, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мәселелеріне шақырамыз.

Әмірліктердің іскер топ өкілдері жиында Қазақ еліндегі мүмкіндіктерден құлағдар. Мәселен, инвесторлар елде кәсіп ашса, корпоративтік табыс және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Қазақстанда 10 арнайы экономикалық және 20 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Экономикалық аймақтар үшін тиісті жеңілдіктер жасалған және рұқсат беру рәсімі оңтайландырылған. Мемлекет индустриялық аймақтарда қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді. Қазақстанды Араб Әмірліктерінің индустриялық аймақтар жұмысы жөніндегі тәжірибесі қызықтырады. Біз осындай аймақтарды Біріккен әмірліктер компанияларының басқаруына беруге дайынбыз.

Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады. Жасалған жағдайдың бірі деп осыны айтсақ болады. Оның сыртында Инвестициялар және даму министрлігі 300-ге жуық қызмет түрін бір терезе қағидаты бойынша іске асырады. Сайып келгенде кәсіпкер құжат тасу тауқыметін тартпайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Абу-Даби тақ мұрагері Шейх Мұхаммед мырзамен болған келіссөздерде нақты жұмыс істеп, биылғы жылы жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп сенеміз. Екі жақтан да мемлекетаралық комиссия бар бізде. Жұмыс істейтін болса, біз бұл жылы жаңадан үлкен-үлкен бастамаларды салатын боламыз. Мысалы, қазіргі уақытта нақты жобалар мұнай, газды өңдеуден үлкен-үлкен жобалар бар. Туризм жөніндегі біздің жобаларымыз бар Каспий теңізінің жағасында және Қазақстанның әдемі жерлерінде туризмді дамытуда сіздердің тәжірибелеріңіз өте үлкен.

«Инсайд» порталының мәліметінше, Біріккен Араб Әмірліктері әлемдегі туризм саласы дамығын үздік үш елдің қатарына кіреді. Тек Дубай қаласына жылына 10 миллионнан аса адам саяхаттайды екен. 

Төбесін күн сүйген ғимараттарымен аты шыққан Араб елі енді біздің елде де істерін жалғайды. Тек туризм емес, өндеу өнеркәсібі саласына да ықылас танытып отыр.

Сәкен Сейітханұлы, тілші  

-Біріккен Араб Әмірліктер елінің кәсіпкерлері Қазақстанда іс қылуға дайын. Олар ұстанымдарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздесудерінде жеткізді. Бизнесмендер бұл қадамдарының жемісті болатынына сенеді. Өйткені Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғайды. Бұл үлкен нарыққа апарар төте жол.

Абдулла Нассер Әл-Мансури, Әл-Нассер холдингі және компаниялар тобының төрағасы

-Екі елдің басшылары бірқатар бағытта жоспар түзді. Оған жету үшін компания төрағасы ретінде мен тартынып қалмаймын. Ауыл шаруашылығына инвестиция құюға біздің ниетіміз бар. Өйткені Қазақстан осы салаға бейім. Нақтырақ айтсам, ауа райы қолайлы, жері құнарлы, жайылымы мол. Сондықтан осы саланы дөңгелетуге болады деп білемін.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынының негізгі тармақтары арқылы экономикалық жоспарды танытты. Даму үшін барлық бағытта әрекет жасалып жатқанын жариялады. 

Жиын соңында Араб кәсіпкерлері мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, индустриялық бағдарламалар өз алдына өркендеп келе жатқанын жоғары бағалады.

Хуссейн Жасим Әл-Нуайси, Al Nowais Holding компаниясының төрағасы

-Қазақстан табиғи ресурстарға бай екенін білемін. Оның ішінде сіздерде химиялық шикізат және ауыл шаруашылығы өнімдері көптеп шығады. Қолда барын Қазақстан алдағы уақытта ұқыпты ұқсатуға күш салмақшы. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасынан соны байқадым. Осы жолдан таймаса елдеріңіз алға қойған мұраттарына айқын жетеді.

«Астана қаржы орталығы». Бас қалада жүзеге асып жатқан ілкімді жоба. Нью-Йорк, Сингапур, Лондон, Дубай қаржы орталықтарының озық үлгілері негізінде жұмыс істейді. 

Ал бұл – «Абу-Даби глобал маркет». Біріккен Араб Әмірліктері еліндегі ең  ірі қаржы орталығының бірі. Құнды құжаттарға ақша салады, сауда қызметімен айналысады, жүк тасымалы жүйесін реттейді. Бізбен байланыс ортуға ниетті компанияға сапар аясында Елбасы аялдады.

Мұнайлы ел астанасының абыройын асқақтатқан мекемемен әріптестікті ширатуға біз де мүдделіміз. Өйткені «Астана қаржы орталығы» әлемге танылсын десек, дамыған ұйымдардың қолдауы шарт. 

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков, Хасен Омақұлов, Алмас Омарғалиев, Президент телерадио кешенінің көмегімен 

2. Араб кәсіпкерлерінің Қазақстанға инвестиция құюға қызығушылығы күшті

Бұл бірінші емес, бұған дейін Елбасы бірнеше мәрте Бірікен Араб Әмірліктеріне сапармен барған. Нәтижесінде әріптестіктің әлі артты. Әсіресе Араб кәсіпкерлерінің Қазақстанға инвестиция құюға қызығушылығы күшті. 

Бір ғана дерек  Астанада бой көтеріп жатқан – «Абу Даби Плаза». Екіжақты бірлескен жобаның жалпы құны – 1,6 миллиард доллар. 

Бұйырса, мұның ішінде  өмір сүруге қажеттінің барлығы болады. Құдды, өз алдына бір әлем» дерсіз?!

Біздің елде «Кәсіп қылып, нәсіп табамын» дегенге кедергі жоқ. Қолдау көп. «Жел сөз» деп жеңіл қарасаңыз, сырт көз сыншы. Дүниежүзілік банк келтірген дерек те бар. «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақ елі 35-ші орында. Бұл Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың жемісі.

Байқаған боларсыз, Нұрсұлтан Назарбаев шетелге іссапармен барғанда үнемі инвесторлармен кездеседі. Сондай-ақ халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат бергенде әрдайым инвесторларға қаратып, сөз жолдайды. Мәселен, өткен жылдың қарашасында «Блумберг» журналистерімен болған әңгімелесуді еске түсірсек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Я благодарен за беседу. Конечно, давая интервью «Блумбергу», прежде всего, я хотел обратиться к инвесторам, у которых деньги есть и не знают куда поместить. Пусть приедут в Казахстан. И вкладывают свои деньги, и зарабатывают свои деньги вместе с нами. Мы обеспечиваем стабильность контрактов, стабильность наших законов.

Әлемдік деңгейдегі жетекші компанияларды жіпсіз байлаудың жолы бұл. Яғни қазақстандық маркетинг.

Ал енді Мемлекет басшысының Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған сапарының екінші бөлігіне ойыссақ. Ол үшін алдымен жоғары деңгейдегі кездесулердің куәгері болған тілшіміз Сәкен Сейітханұлын студияға шақырамыз.

Жүргізуші: 

-Қош келіпсің! Қарайғанға ұқсайсың. Соған қарағанда Біріккен Араб Әмірліктері жаққан сыңайлы.Әңгіменің әлқиссасын әсерден бастайықшы. Абу-Даби сені несімен таңғалдырды?

Сәкен Сейітханұлы, тілші 

-Иә, сөзіңіздің жаны бар. Біріккен Араб Әмірліктері елінде қазір қыс мезгілі. Ауа температурасы +22-24 градусты көрсетіп тұр. Дәл біздегі мамыр айы секілді. Сондықтан қараюға тура келді. Ал алған әсерімді айтар болсам, Біріккен Араб Әмірліктері елінің астанасы Абу-Даби зәулім ғимараттары мен таза көшелері көз тартады. Онымен бірге халықтың бір-бірімен қарым-қатынасын да атап өтпей кете алмаймын. Олар бір-біріне сыпайы және адамгершілікпен қарайды. Дегенмен, біз әлем елдерін ауыз көпіртіп мақтағанымызбен бәрібір өз елімізге жетпейді. Қанша суық болғанымен. Астана өзіме қашанда ыстық. 

Жүргізуші: 

-Жұмыс кестесі қаншалықты қауырт болды? Яғни Елбасы кездесулерінен дер кезінде ақпарат беріп үлгердіңдер ме?

Сәкен Сейітханұлы, тілші

-Жұмыс кестесі өте тығыз болды. Бірінші күннің өзінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 4 кездесу өтті. Дер кезінде мәліметтерді жеткізіп отырдық. Ал екінші күні 10-шы Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммиті өтті. Саммит аясында да Елбасы екі кездесу өткізді. Екі сағаттық айырмашылыққа қарамастан, біз мәнді мәліметтерді дер кезінде жеткізіп отырдық. 

Жүргізуші: 

-Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен мүдделес. Олай дейтініміз, қоршаған ортаға зиян келтірмей өмір сүрудің жолын іздегендердің қатарында олар да бар. Біз алдағы жазда «Болашақтың энергиясы» атауымен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткіземіз. Ал күні кеше Абу-Дабиде дәл осындай атаумен саммит ұйымдастырылды. Ол жиынға Нұрсұлтан Назарбаевты құрметті қонақ ретінде шақырған. Демек, әлем үшін қазақстандық бастамалар маңызды болғаны ғой. Көзбен көріп, құлақпен естіген адам ретінде түйгеніңді айтсаң?

Сәкен Сейітханұлы, тілші

-Елбасының әр бастамасы қолдауға ие деп айтсам артық айтқандық болмас. Президенттің жалпақ жұртты атомсыз әлемге үндеуін батыс пен шығыстың баспасөздері жарыса жазғанын жақсы білесіз. Бұл жолы да 10-шы Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитіне келушілер бізден салмақты ұсыныстар күтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемде ядролық қару, соғыс, терроризмнен бөлек тағы бір түйінді түйткіл барын айтты. Ол – экологияның былғануы. 

Жүргізуші: 

-Ендеше, сөзіңді сүйекті етейік. Тілшіміз Сәкен Сейітханұлы әзірлеген келесі бейнематериал назарларыңызда.

Біріккен Араб Әмірліктері елінде жыл сайын дәстүрлі түрде «Болашақтың энергиясы» саммиті өтеді. Бұл жиыннан әлем көшбасшылары мен үкімет басшылары сырт қалмауға тырысада. Өйткені баламалы энергия көздерінен туындаған тың технологиялар осы жерде таныстыралады. 

Осы жолы да 10-нан аса мемлекеттен келген компаниялар өз жаңалықтарымен бөлісті. Соның бірі күннен энергия алатын тақтайшаларды тазалайтын аппарат. Қондырғы әсіресе Араб елдеріне ауадай қажет. Өйткені жел тұрса құм суыратын елде көп ретте айналарды тазарту үшін қол күшін қолданады. Сондықтан жапон өнертапқыштарының бұл құралы сұранысқа ие болмақ. 

Ел Президенті бұл саммиттің бас қонағы. Абу-Дабидің тақ мұрагері Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Қазақ елінің көшбасшысын осы жиынға арнайы шақырған еді. Тектен-тек емес, әрине. Елбасы жаһанды жасыл технологияға үндеген бірден-бір тұлға. Сол себепті болса керек, қоршаған ортаны қорғау үшін баламалы энергия көздерін дамытушы компанияларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың энергиясы» марапатын тапсырды.

Қазақстан дамушы ел ретінде жел, су энергиясын қолға алды. Қазіргі уақытта бірқатар өңірінде бұл бастама табысты жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта таза технологиялық жобаларға басымдық арта түседі. Өйткені таза әрі арзан қуат экономика мен экологияға оң әсірен тигізеді.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-В 2015 году впервые инвестиции в возобновляемые источники энергии и энергоэффективность сравнялись с уровнем вложений в нефтегазовый сектор. Это большой вызов для традиционного уклада экономики, основанного на потреблении ресурсов. Сегодняшний Саммит внесёт  значительный вклад в понимание новых трендов в сфере энергетики и их влияния на наше будущее.

Дамыған және дамушы елдердің бұл бағытты ұстанғаны заңдылық. Себебі төрткүл дүниенің таза ауасы ластанып барады. Мәселен, соңғы 40 жылда жер бетінде халық саны 4 миллиардтан 7 миллиардқа өсті. Сәйкесінше электр энергиясын өндіру көлемі 250 пайызға артты. Бұл жаһандық жылынуға әкелді. 

100 жылда атмосфераға бұрын-соңды болмаған 4 есе көп көмірқышқыл газы шығарылды. Салдарынан жер бетіндегі температура Цельсий бойынша 0,6 градусқа артып, мұхиттардың деңгейі соңғы 50 жылда 25 сантиметрге көтерілді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Нам остро необходим сценарий обеспечения безопасного энергоэкологического состояния планеты. В идеале, он должен предполагать минимальное повышение температуры планеты – не более чем на 1-2 градуса. XXI век должен стать эпохой прорывных решений в области энергетики.

Машиналардың будақтаған көк түтіні де бүгінде ауаны ластап жүр. Әлемдегі көліктердің 70 пайызынан жылына 35 миллиард тоннадан асатын көмірқышқыл газы бөлінеді. Осыны ескерген жұрт автоөнеркәсіпті жаңа технологиямен шығаруға көшті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Электромобили сегодня набирают все большую популярность и доступность. Многие мегаполисы мира переходят на чистый общественный транспорт. Недавно я узнал, что эмират Абу-Даби изучает возможность постройки линии Hyperloop. Этот вакуумный поезд может развивать скорость до 1200 километров в час. Эмират Дубай работает над внедрением беспилотного такси. В прошлом году мы в Казахстане начали собственное производство электромобилей и намерены расширять его.

Қазіргі күні жаһан жұрты жаппай жасыл технологияға өтуге талпынып отыр. Алайда ядролық қарудан бас тартпай, бұл қадамның маңызы болмайды. Барша халықты бейбіт өмірге үндеген Елбасы үлкен мінберден әлемді тағы бір мәрте атомсыз болуға үндеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Наша страна с самого начала обретения независимости продвигает план по безъядерному мирному сосуществованию. Мы отказались от обладания четвертым по мощности арсеналом атомного оружия на планете. Казахстан является приверженцем использования мирного атома.

2020 жылы Дубай қаласында дүниежүзілік ЕХРО көрмесі өтеді. Әмірліктер халқы әзірлікті бүгіннен бастады.Болашақта шикізаттың таусылатынын ескеріп, экономикасын әртараптандыруға көшті. 

Дәлірек айтсақ, күннен, желден және судан электр көздерін алып, оны пайдаға асыруға қадам басты. Бұл Қазақстанның қолға алған қағидасымен ұқсас. Тіпті саммиттің атауы бір – «Болашақтың энергиясы».

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-«ЭКСПО-2017» покажет, каким технологическим потенциалом сегодня располагают самые развитые страны, и куда движется мировая энергетика. На сегодняшний день 112 стран и 18 международных организаций уже подтвердили свое участие.

Көрмеде Қазақстанның павильоны алыстан көз тартады. Көлемі жөнінде біздікі оқ бойы озып тұр. Бәрі саммит тақырыбына сай. 

Саммит аясында Елбасы Халықаралық баламалы энергия көздерін дамыту агенттігінің басшысы Аднан Аминмен кездесті. 

Ұйым төрағасы жаңа технологияны дамытушы елдерге бағыт көрсетіп, табиғи қуатты пайдалану жөнінде баға беру жұмысы сәтті жүзеге асып жатқанын, сондай-ақ компанияға тіркелген 141 мемлекетке барлық кеңес онлайн жүйеде жетіп отырғанын айтты. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктері еліне жасаған сапары сәтті болды. Бұлай айтуға негіз жоқ емес. Бекіген 8 құжат соған дәлел. Нақты ұсыныс пен кесімді сөз инвесторларға қанат бітірді. Енді олар қазақ экономикасына қаржысын құйып, табысын еселеуге ниетті. 

Кезекте кәсіпорындар мен фабрикалар салу тұр. Бұл дегеніміз мыңдаған жаңа жұмыс орындары.

Сәкен Сейітханұлы, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев Президент телерадио кешенінің көмегімен

3. Астана процесі: Қазақстан қашанда өз миссиясына берік

Оныншы дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінде айтылған Елбасы сөзін тағы бір елеп өтсем. 

Мұны ерекшелеуден бұрын, «ескерту» деп ұғынған жөн. «Соңғы қырық жылда адамдар саны 4 миллиардтан 7 миллиардқа өсті. Тиісінше, электр энергиясын өндіру көлемі 250 пайызға артқан». 

Ал электр қуатының қазіргі қайнар көзі – көмір жағатын станса. Демек, халық саны көбейген сайын көмірқышқыл газы атмосфераны алқымнан алып, тынысын тарылтуда. Салдарынан таудағы мұздықтар еріп, мұхиттағы су көтеріліп келеді. Осыдан жарты ғасыр бұрынғы мөлшермен салыстырсақ, тіземізге жетіпті. Әлгі фантастикалық фильмдерден көріп жүргеніміз, осы шығар, бәлкім?! 

Елбасының алаңдаушылық танытуы да, сондықтан. Әрдайым қауіппен күресте жаһан жұртын жұдырық болып жұмылуға шақырады. 

Бірақ «қатердің алдын алайын» деп асыққан жұрт шамалы. Ресурс тапшылығы туындаған сайын тілдесуден гөрі, тіресу басым. Бір елдің тағдырын талан-таражға салып, тараптардың тартысуы, кәдімгі – «тренд». 

Сирияға қараңызшы. Содырлар сойқаны «сүйкімді мемлекеттің сүйкімін» кетіріп, сұрықсыз етті. Басқаны былай қойғанда, мына бүлдіршіндер не жазып еді?!

-Сендер не істеп отырсындар?

-Нан қиқымын жинап отырмыз. Адамдар тамақтың қадірің мүлдем білмейді, көшеге тастай салады. Қараңызшы, біз қанша жинап қойдық және жерде әлі қаншамасы шашылып жатыр. Неге адамдар осыны мұқтаж жандарға бермейді, далаға тастай салғанша? 

-Сен нені қалар едің?

-Мен жағдайдың тынышталғанын қалаймын. Сонда біз тойып тамақ ішер едік.

Бұл екі бала Дамаскіде туған. Аналары азық іздеп, қыр асып кеткен, содан жоқ. Ал әкелері болса, құжатынан айырылып, құрып отыр. Анығы, Үкіметтен берілетін азын-аулақ ауқатты да ала алмайды. Дегенмен, балақайлар «барға» қанағат қылады. «Бар» деп тұрғаным – жерге шашылған нанның қиқымы.

Сүрінгенге сүйеу, қиналғанға демеу болу қазақтың қанында бар қасиет. Елбасы осынау тектілігімізді өткен аптада тағы бір паш етті. Оттың ортасында қалған халыққа 500 тонна азық-түлік жібергеніміз естеріңізде болар?!

Қайырымдылық керуенімен «Хабар» арнасының түсірілім тобы да Сирия жеріне барып қайтты. 

Тілшілеріміздің айтуынша, ол жақтағы жағдай біз теледидар арқылы көріп жүрген көріністерден әлдеқайда қорқынышты әрі аянышты. Қазақстандық көмекке қол жеткізгенде еңкейген жұрттың еңсесі бір көтерілгендей болыпты. Алғыстарын жаудырып, Астанадан үмітті екендерін жеткізіпті.

Тек қараша халық ғана емес, Башар Асад бастаған билік те Қазақстанға қарайлап отыр. 19 қаңтар күні Сирия Президентінің «Твиттердегі» парақшасында мынадай жазба жарияланды. «Астана келіссөздері әртүрлі сириялық партиялардың өз ойларын ашық жеткізетін форум болады деп сенеміз».

Сонымен қатар осыдан бір апта бұрын, Башар Асад «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында «Астана процесі соғысты доғарып, қарсы тараптардың ымыраға келуіне түрткі болады», – деп біздің елден үмітті екенін жеткізген.

Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры

-Астана процесі Сирия төңірегіндегі бейбіт келісімге жаңа бір серпін берді. Осы арқылы Астана процесі өзінің бір ықпалын жасады деп айтуға болады. Ең басты мақсат – Сириядағы жаппай соғысты, адам өлімін тоқтату. Себебі қазіргі уақытта Сирия дағдарысы, қақтығысы дейміз. Бұл шын мәнісінде үлкен аймақтық катастрофа. Себебі қаншама адам қырылып жатыр. Қаншама босқын босып жүр.

Сирия ахуалын реттеу бойынша халықаралық кездесу 23 қаңтар күні Астанада өтеді деп белгіленді. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. 

Келелі кеңеске Ресей, Түркия, Иран, Сирия және Таяу Шығыстағы өзге де мүдделі тараптар қатысады деп жоспарланған. Сондай-ақ Бірікен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гуттериш «Астана процессін қолдайтынын» мәлімдеді.

Дүниежүзілік қауымдастық атынан Қазақстанға Бас хатшының арнайы өкілі Стаффан де Мистура бастаған делегация келеді. 

Ал күні кеше АҚШ билігін қолына алған Дональд Трамптың, болмаса «Ақ үй» әкімшілігінің бұл жиынға қатысу-қатыспауы, әзірге беймәлім. Бастысы «Кремль» тарапынан ұсыныс жасалды. Жалпы елордада өтетін келіссөздерден күллі ел үмітті. 

Федерика Могерини, ЕО Сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі

-Мүдделі тараптар бір келісімге келіп, нақты шешімдер шығаруы мүмкін. Астанадағы пікір алаңы арқылы қазіргі жағдайды жақсартуға мүмкіндік бар.

Джордж Велла, Мальтаның Сыртқы істер министрі

-Сириядағы атыс-шабысты тоқтату арқылы нақты шешім шығара аламыз. Бұл елдің болашағы Қазақстан Астанасында өтетін жиыннан кейін белгілі болады.

Сириядағы жағдайды реттеудің ашық алаңы ретінде Астананың таңдалуы нені білдіреді? Бұл, енді, сөзсіз мойындау. Қазақ билігінің даналығын мойындау. Яғни Тәуелсіздіктің ширек ғасырында қалыптасқан шыншыл саясатымыздың жеңісі.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы жеті жылдан бері халықаралық қауіпсіздік ісіндегі ең өткір деген мәселелер Қазақстанда талқыланған. Және оның басым бөлігі табысты аяқталыпты. Мәселен, Иранға қылбұрау қойылғанда Қазақстан арағайындық қылды. Дабырмен емес, сабырмен шешті барлығын.

Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының Президенті

-Қазақстан әрдайым бізге жақын болды. Иранның «алтылықпен» ядролық келіссөздерінің екі раундын өткізуге көмектесті. Енді бірлескен жалпыға ортақ іс-қимыл жоспары аясында қолұшын созып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев әр мемлекеттің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін және барлық мүдделі тараптарды жақындастыруға септігін тигізетін дипломатиялық әдістерді қолданады. Нәтижесінде кез келген қақтығыс қарусыз шешіледі. 

Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымыздың бір сыры осындай көрегенділікті әлем елдерінің көре білгендігінен.

23 қаңтардағы кездесуде «Сириядағы соғысқа нүкте қойылмаса да қарсыластар бейбітшілікке қарай қадам жасайды», – деп күтілуде. Бұл деген бір үстелдің басында жинала алмай жүргендер үшін – үлкен жеңіс.

Ал енді келісімге келуге кімдер қарсы? Башар Асад билігі қандай мәселелерді қарастырудан қашып отыр? Егер бұл жиынға Дональд Трамп қатысса, жағдай қалай өзгермек? Көп сауалдың жауабын тілшіміз Әсем Қабылбек іздеп көрді.

Әсем Қабылбек, тілші

-Астана Сирияға қатысты бейбіт келіссөздер жүргізуге дайын. Отырыс 23-ші қаңтарға белгіленіп отыр. Кездесу қандай форматта өтеді және делегация құрамында кімдер болмақ? Көптің көкейіндегі басты сұрақ осы. Астанада өтетін бейбіт келіссөздің кезекті сатысында Шам еліндегі қантөгісті тоқтату жайы талқыланбақ.

Бейбіт келісім алаңы ретінде неліктен таңдау Астанаға түсті? Алдымен осыған аз-кем тоқталсақ. Біріншіден, биыл Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше. Екіншіден, еліміздің халықаралық қауымдастық алдында арағайындық рөлі артты. Медиаторлық қасиет саясатта маңызды рөл атқарады.

Дүрдараз Түркия мен Ресейді татуластырған Қазақ елі Сириядағы соғысушы күштерге келіссөз алаңын ұсынуға лайықты. Қазақстан ядролық қаруға байланысты Иран мен алтылық арасындағы мәміле кезінде өз төрін ұсынғаны белгілі.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәмілегерлік жолында атқарған міндеті аз емес. Таулы Қарабақтағы кикілжің мен Украина дағдарысын реттеуге атсалысты.

Қазақстанның бітімгерлік беделі жоғары. Әрдайым зор сенімге ие. Бейтарап аумақта өзара ымыраласуға Сириядан бөлек 3 мемлекет мүдделі. Олар: Түркия, Иран және Ресей. Біздің ел Анкара, Тегеран және Мәскеумен сенімді серіктес. Бәрімен теңдей қатынас орнатқан. Арағайындық – асыл қасиет. Сарыарқа төрінде өтетін келіссөзден үміт көп.

Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры

-Бейбіт өмірге жол ашудың әрекетін іздестіруге үлесімізді қосу біз мұсылман ел ретінде де біз үшін бір сауапты іс әрекет шын мәнісінде. Бұл үлкен гуманитарлық миссия.

Жиынға Ресей, Иран, Түркиядан арнайы өкілдер қатысады. Бұған Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшыларын қосыңыз. Сирия басшысы Башар Асад та келуі мүмкін. Әзірге шараға қатысатындардың аты-жөні құпия. 

Башар Асад Астанадағы келіссөзде Президенттің отставкаға кетуі мен сайлау мәселесі қозғалмайтынын шегелеп айтты. Қазақстан Сирия Үкіметі мен оппозициясын бетпе-бет жүздестірмек.

Шам еліндегі қарулы топтардың басым бөлігі елордаға келуге қарсы емес. Жалпы саны – 50 жуық адам. Тек делегацияны кім бастап келетіні жұмбақ. Ресей мен Түркия Ақ үйдің жаңа басшысын шақыруды ұмытқан жоқ.

Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы

-Вашингтон Астананың бейбітшілік орнату жолындағы бастамасын қолдайды. Мұндай қантөгіс екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болған емес. Сирия дағдарысын шешу жолында Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен БҰҰ арнайы өкілі Мистурамен ақылдастық. Астанадағы жиын Женевадағы келіссөзге оң әсерін бермек.

Қазақстан қашанда өз миссиясына берік. Қауіпсіздік кеңесінің шартына сай бейтарап саясат ұстанып, жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту жолында аянып қалмайды. Мақсат біреу. Құты қашқан елде қарулы қақтығысты тоқтатып, ымыраға келу.

Олжас Сүлейменов, қоғам қайраткері, ақын

-Бұл процестің өтуінің өзі үлкен жеңіс. Себебі түрлі топтардың бір үстелдің басына жиналып, келіссөз жүргізуге келіскенінің өзі үміттендіреді. Астанада бас қосатындар бір шешімге келеді және әр тараптың мүддесі ескеріледі деп ойлаймын.

Дүйсенбі күні төрткүл дүниенің назары тағы Астанаға аумақ. Себебі мұндай бейбіт келіссөздер 2015 жылдың мамыр айында өткен еді. Жиын Сирия түйткілінің түйінін тарқатпаса да, қарама-қайшылықтың басын ашты. 

Саясаттанушылардың айтуынша, Шам жеріндегі қарулы қақтығысқа 80 елден 40 мың содыр қатысуда. Сыртқы күштердің ықпалы басым. 

Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры

-«Сирия оппозициясы» ол шын мәнісінде шартты ұғым. Бұл әртүрлі қарулы топтардың шартты бір жиынтығы. Бұл жерде екі, үш, ондаған емес бірнеше ондаған әртүрлі қарулы топтар. 

Шам еліндегі азаматтық соғыс БҰҰ-ның бас ауруына айналғалы қашан. Өткір мәселені бірлесіп шешу жолында Қазақстанға сенім артады. 

Бас хатшы Антониу Гутерриштің пікірінше, Астанадағы жиын бір шетінен 8 ақпанда Женевада жоспарланған кеңеске дайындық іспеттес.

Фархан Хак, БҰҰ Бас Хатшысы ресми өкілінің орынбасары

-БҰҰ Сириядағы жағдайға байланысты барлық келіссөзді қолдайды. Астанада болатын басқосудың маңызы зор. Ол жоғары деңгейде өтеді деп сенеміз және БҰҰ арнайы өкілі Стаффан Де Мистура басшылығымен баратын делегация оған елеулі үлес қосады деп ойлаймын. 

Таяу Шығыстағы текетірестің тоңы жібігенін тілейтіндердің бірі – Иран. Парсы елінің көздегені - Батысқа арқа сүйеген оппозицияны Сириядан мүлдем ығыстыру.

Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының Президенті

-Сириядағы мәселе демократиялық жолмен шешілуі тиіс. Және оған басқа елдер құрметпен қарап, солай қабылдауы керек. Астана Сирия дағдарысын реттеуде маңызды рөлге ие. Бастаманы өткізуге қолдау білдірген Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамын.

Тарихқа үңілсек, бұрын-соңды мұндай қантөгіс болған емес. Сириядағы азаматтық соғысқа әлемнің ірі елдері килігіп, тартысты сыртқы күштер тиімді пайдаланып жатыр. Шам еліндегі дағдарыс алапат шиеленіске толы.

Ерлан Қарин, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры

-Саясатта «Прокси уор» терминология бар. Яғни жанама соғыс. Тікелей емес. Яғни бір қарсылқан бәсеке екі мемлекет басқа бір елдің территориясында өзара есеп айырысады.

Түркияның іргесіндегі соғыс Анадолы жұртын мезі етті. Кезек-кезек оқ атады. Бірін-бірі кінәлап әлек. Бітпейтін тартыс. Түркия амалсыздан шекарасын бекітті. Іргесіндегі көрші елде тыныштық орнау үшін Астанадағы жиынның сәтті өтуін тілейді.

Ялчын Топчу, Түркия Президентінің Бас кеңесшісі

-Екі апта бұрын Астанада болдым. Кездесудің өтуіне қолғабыс етіп, қатысушы тараптарға келіссөз алаңын ұсынған Қазақстанға және түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевқа Халептегі жапа шеккен бүлдіршендер және жанын шүберекке байлап күнелтіп жүрген күллі Шам жұртының атынан, Латакияда қайғы-қасірет кешкен жергілікті түрікмен, күрд пен арабтардың атынан шексіз алғыс айтамын. Қазақстан қақтығысқа тікелей қатысы бар тараптарды толық жинамақ. Астанадағы келіссөздерде алғашқы кезекте тараптардың оқ атпау туралы келісімді сақтау, Сириядағы кескілескен қарулы қақтығыстарды тоқтатып, мемлекет басқару ісінде түбегейлі реформалық өзгерістерге бастайтын алғышарттар талқыланбақ. Бұл әлем үшін өте маңызды.

Астана келіссөзіне соңғы дайындық. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Мәскеуде әріптесі Сергей Лавровпен кездесті. 

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі

-Қазақстан Сирия дағдарысының шешімін табуына атсалысып келеді. Келіссөзге қатысатын қай тарап үшін болмасын Астана – талқылау өткізетін оңтайлы алаң. Бұл кездесудің басты жетістігі – оппозиция мен биліктің бір жерде пікір алмасуы. 

Сан ғасырлық тарихы бар Сирияның бүгінгі кейпі осы. Өзге мүдденің құрбаны мен құралына айналған қаңыраған елді мекендер. Алты жарым жылға созылған қанды қырғын қарапайым халықты әбден қалжыратты. Соғыста қаза тапқандардың 50 пайызы – балалар. 

2011 жылы Сирияда 22 млн халық тұрған. Жайлы тұрмыс іздеген жұрт жік-жікке бөлініп, босып кетті. Бұдан Кәрі Құрлық миграциялық қыспаққа ұрынды. Елде қалғаны амалдап күн көріп жатыр.  Барлығы бейбіт өмірді аңсайды. 

Осы айдың басында Қазақстан Сирия халқына 500 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Қазір Сирияның басым бөлігінде оқ атпау режимі орнаған. Ендігі жоспар – сол тәртіпті ұзартып, өзара ымыраға келу. Осылайша елдің ішкі мәселесін реттеуге жол ашылмақ.

Астанадағы келіссөз әдеттегідей жабық өтпек. Әлемнің басты қақтығысына айналған Сириядағы қарулы қақтығыс жуырда шешілетініне ешкім сенбейді. Насырға шапқан дағдарысты реттеуден бұрын ушықтыра түспеу аса маңызды. Оған дипломатиялық күш-жігер керек. 

Тараптар арасында тоң жібісе, Шам елі үшін тарихи бетбұрыс болмақ. Ал  келіссөздің Астанада өтуі бұл бір шетінен әлемдік қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімі. 

Әсем Қабылбек, тілші

-Астанада өтетін бейбіт келіссөздерге әлемнің бұқаралық ақпарат құрал өкілдері де қызу дайындық үстінде. «Қазмедиаорталығында» 300-ге жуық тілші жұмыс істемек. Журналистер осы жерде келіссөздің кей бөлігін онлайн трансляция арқылы тамашалап, шартарапқа хабар таратады.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Батырбек Ғаділбек, Ерсін Мұхамбеталин  

4. Сот жүйесіндегі кадрлық жұмысты одан әрі жетілдіре түсу керек

«Қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі». Елбасының бұл сөзін түйсікке салып, түсінгенге тағылым мол.

Алдағы дүйсенбіде Астанада жиналатын жұрт осыны ұқса, қатысушылардың барлығы ұтылмай, керісінше ұтқан болар еді. Әрине, «әділ сөздің зілі жоқ».

Әділдік дегеннен шығады, Қазақстан әлемдік заң үстемдігі рейтингінде Ресей мен Қытайдан алда келеді. Бұл жетістікке «бес институтционалдық» реформаның арқасында қол жеткіздік. 

«Ұлт жоспарының» өткен жылғы практикалық кезеңінде судьяларды іріктеу мен олардың біліктілігін арттыруға бағытталған жаңа жүйе қолданысқа енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсетті. Санмен ғана емес, бастысы сапамен. 

Дегенмен, тоқмейілсуге жол жоқ. «Сот жүйесіндегі кадрлық жұмысты одан әрі жетілдіре түсу керек». Елбасы Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасы Анатолий Смолинді қабылдап, осындай тапсырма берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Мы впервые создали автономный Высший Судебный совет, чтобы была полная объективность и невмешательство. Сейчас мы ведем отбор судей согласно новым правилам, новым законам. Что бы непосредственно автономно решать вопросы, касающиеся качество судей, подбор их, конкурс согласно новым законам.

Анатолий Смолин, ҚР Жоғары сот кеңесінің төрағасы

-Қаңтардың бірінен бастап біз жаңа форматта жұмыс жасап жатырмыз. Біздің жұмысымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға бағытталған. Нақтырақ айтқанда, 17-қадам, яғни судьяларды іріктеу талаптары мен тәртібін күшейту. Жаңа реформалар бойынша судья қызметіне кәсіби және өмірлік тәжірибесі мол азаматтар тағайындалады. Қазір судьялардың орташа жасы 35-ті құрайды. Бұрын 28-29 жастағы азаматтар болатын еді.

16 қаңтар – Қырғыз ағайын үшін қаралы күн. Бішкек қаласының түбінде жүк тасымалдайтын ұшақ апатқа ұшырап, үйлердің үстіне құлаған. Салдарынан бірнеше тұрғын мерт болды.

Осы қайғылы оқиғаға орай Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша қырғыз жұртына көңіл айтты.

5. Әкімнің есебі нені шешеді?

Аймақтардағы атқарушы биліктің жұмысы қауырт. Жазылған мен атқарылған істі түгендеп, дұрысы теңдеп әлек. Себебі әкімдердің ел алдында есеп беруі басталды. Әуелі ауыл, аудан басшылары атқарған жұмысынан халықты құлағдар етеді. 

Құмар Ақсақалов, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары

-Егер 2013 жылы ең көп сұрақ жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту бойынша қойылса, қазіргі кезде Елбасының бағдарламалары арқасында жұмыс орындарының жаппай қысқартылуына жол берілмеді. Сондай-ақ соңғы 4 жыл ішінде жалпы 600 мың жаңа жұмыс орындары құрылды. Бүгінгі таңда өткен жылдың қорытындылары бойынша талдау көрсеткендей, халықты толғандыратын негізгі мәселелер мыналар болып табылады – тұрғын үй беру,  тұрғын үй-коммуналдық мәселелер, жұмысқа орналастыру, аумақтарды абаттандыру, жол салу және жөндеу.

Байқасаңыз, жұртшылықпен жүздесудің мазмұны мен форматында жыл сайын өзгеріс бар. Бұрын тұрғындардың арыз-шағымы арнайы жәшіктерге жинақталатын.  Қазір ауылдағы ағайын көкейдегі ойларын алдын ала кеңесіп, ортақ мәселелерді талқыға салуды жөн деп біледі. 

Халықтың әкімге айтары даулы мәселе, көпе-көрнеу арыз емес, елдің жайын қайтсек жақсартамыз дегенге саяды. Ал ақпараттық қамтудағы жаңалық биыл облыстар мен ірі қалалар әкімдерінің есептері интернет ресурстар арқылы онлайн режимде көрсетіледі.

Сонымен өңірдегі әкімдер өткен жылды қалай қорытындылады? Алдағы жоспарлары қандай? Жауапты кезең жайлы әріптесіміз Бағдат Бектұрғанқызы баяндайды.

Ауыл әкімдерінің халықпен есепті кездесулері. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы және бүгінгі көрінісі. Пешпен жылытылатын клубтағы жиын, соңы дауға ұласатын кездесулер артта қалғалы қашан. Әкімге жеке басына қатысты арыз-шағымын, өкпе-назын айта келетін ағайынды көрмейсіз қазір. Керісінше елге ортақ мәселелерді ортаға салып, ұсыныс айтатындар көп.

Экологиялық тоқырауды артта қалдырып, жаңаруға бет алған Арал. Аудандағы ең шалғай және ірі ауылдардың бірі – Сексеуіл кенті. 12 мыңға жуық халқы бар. Былтыр «Сексеуіл-Жезқазған» теміржолының салынуына байланысты   теміржолшыларға арнап 20 тұрғын үй пайдалануға берілген. Кәсіпкерлік қанат жайып, балабақша мәселесі толық шешілген. Халықтың ендігі өтініші – тозығы жеткен су құбыры мен жолдарды жаңарту. 

Ауызсу тәулігіне 3-4 сағат қана беріледі. Кейбір үйлер тасымалданатын суды сатып алуға мәжбүр. Бұл мәселе «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында алдағы көктемге дейін толық шешіледі.

Жолмырза Мырзағұлов, Сексеуіл кентінің тұрғыны

-Осы көктемде береміз деп айтып жатыр. Салды, жақсы салды. Трубалары да сапалы. Тереңдетіп 2 метрден астам қылып салып жатыр. Соған қарағанда суымыз жақсы болады деген ойдамыз.

Мырзагүл Рысалдықызы, Сексеуіл кенті әкімінің міндетін атқарушы

-Кентте 73 көше бар. Соның орталығы ең ұзын көшесіне 82 бағаны орнатылып, жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Енді биыл 2017 жылы жарықтандыру жұмысы жалғасбақшы. Жол қатынасы Арал мен екі ортадағы жол қатынасының асфальттау жұмыстарына қаржы бөлініп, ол да шешімін таппақшы.  

Ал Атырау облысындағы Доссор кенті ауызсу және көгілдір отынмен толық қамтылған. Енді тұрғындар: «Көшелер жарықтандырылса», – дейді. 

Гүлжамал Шөкетова, Доссор кентінің тұрғыны

-Бізде арғы бетте Сағытжанов, Ауқатов көшелерінде жарық жоқ. Балалар таңертең сабаққа шығады, өзіміз жұмысқа шығамыз. Жер көк мұз, жүре алмаймыз. Көшеде мүлде жарық жоқ.

Жарылғасын Исмағұлов, Доссор кентінің әкімі

-Трансформатор тұйықталып, кешегі боранда көп нәрсені істен шығарып жіберді. Бюджеттен 4 млн ақша қаралып, тендерден ұтқан адам келіп, іске кіріседі деп отырмыз.

Әкімдердің айтуынша, ауылдағы оң өзгерістің бірі бизнеске бет бұрғандар көп. Ақтөбе облысындағы елді мекендерде мал бордақылау алаңдары салынбақ. 

Нұржан Әшімов Аққұдық ауылдық округінің әкімі

-Біздің округтің 5 ауылында да мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып отырған азаматтар аз емес. Соның арқасында мал басы көбейді. Бүгінде 3443 ірі-қара, 3771 қой-ешкі, 754 жылқы бар.

Аққұдық ауылдық округіне қарасты 5 елді мекен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында орналасқан. Бизнесті жандандыруға сеп болатын бір бұл ғана емес, ауылға газ желісінің тартылуы да біраз көмек болғалы тұр.  

Қостанай облысының Озерный елді мекенінде соңғы жылда мал басы бір жарым есеге өсіпті. Төрт түлікті асылдандыруға ден қойғандар мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрмекті ұйғарған.  

Эльмира Ысқақова, Озерный ауылының әкімі

-Көптеген мәселелер республикалық, аудандық бюджет есебінен оң шешімін тапты. Оның сыртында жергілікті шағын және орта бизнес құрылымдарының да әлеуметтік салаға көрсетіп отырған көмегі зор екендігін айта кеткен жөн.

Ауылдық жерлерде халыққа қызмет көрсету орындарын ашу бизнестің көзіне айналды. Бұған инфрақұрылымның дамуы зор мүмкіндік беріп отыр. Қостанай облысындағы елді мекендерді газдандырудағы ең басты нәтиженің бірі де осы.

Қайрат Ахметов, Қостанай ауданының әкімі

-Облыс әкімі «ТранГазАймақпен» меморандумға отырды. Біз сол келісімге кіру жөнінде ұсыныспен шығып отырмыз. Қазір елді мекендерді газдандыру кезең-кезеңмен іске асып жатыр.

Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласы аз уақытта іргесін кеңейтіп үлгерді. Былтыр 251 ғимарат бой көтерді. 

Ауданға қарасты Сайын Шапағатов селосында ішкі су жүйесі қолданысқа берілген. Биыл Ақшұқырда резервуар мен су құбырларын тарту қолға алынады. Жолдарды қалпына келтіруге бюджеттен 100 млн астам қаржы бөлінген. 

Темірбек Асауов, Түпқараған ауданының әкімі

-Алдыңғы жылы Ақшұқыр елді мекеніндегі орталық жолды жасадық. Былтыр Сайын елді мекеніндегі орталық көлік қатынасы, қоғамдық көлік жүретін жолды жасадық.

Ырзабек Қабақов, Ақшұқыр ауылының тұрғыны

-Тәуелсіздік жылдары электрлендіру, газдандыру және су мәселесі толықтай шешілді деп есептеуге болады. Ауыл өсті. Енді жедел жәрдемді шешу жөнінде, күндізгі емделетін орындарды көбейту жөніндегі мәселе шешілуге тиіс. 

Көпшілік жедел медициналық көмек сапасын жақсартуды сұрайды. Ақшұқырдағы жедел жәрдем мамандары көршілес елді мекен тұрғындарына да қызмет көрсетуі тиіс. «Сондықтан шақыртулар көбейген тұста бір көлік аздық етеді», – дейді. 

Әкім таяу күндері бұл мәселе шешіледі деп уәде берді. Орындалуы уақыт еншісінде.   

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы аймақтағы тілшілердің көмегімен 

6. Қайрат Келімбетов: Экономиканы әртараптандыру үшін көп инвестиция тартуымыз керек

Әрбір қазақстандық мемлекеттің тұрып жатқан елді мекенінің даму тетігін, жетістігін, жоспарын көзбен көріп, білуі тиіс. Ал ол қалай жүзеге асады? 

Ол үшін Елбасы «Ұлт жоспарында» атап көрсеткендей, қоғам өкілдері, ел азаматтары бюджет қаржысын бөлуге белсенді араласулары қажет. Демек, бұрынғы дәурен бітті. «Бармақ басты, көз қыстыға» жол жоқ! Халық өз қаржысын өзі қадағалайды. Жақтасаңыз да, жақтырмасаңыз да – осы. Даму керек өйткені. Жергілікті өзін-өзі басқарудан ұтқанымыз бен ұтарымыз қайсы? Келесі «Жеті күнде» жіліктейміз.

Ал қазір әлемдік экономика жайында әңгіме етсек. Осы аптада Швейцарияда дәстүрлі Давос экономикалық форумы өтті. 

Төрт күнге созылған жиынға 90 мемлекеттен 2 жарым мыңға жуық сарапшы қатысты. Бұл қатарда Инвестициялар және даму министрі бастаған Қазақстан делегациясы да бар. Біздің тарап баламалы энергия көздерін өндіру бойынша өнімді пікір айтты. 

Мұндағы мәртебелі, дұрысырағы құпиялы қонақ – Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин. Олай дейтініміз, аспан асты елінің басшысын Давос сонау 1979 жылдан бері күтіпті. Бұл жолы төбе көрсетуінің төркіні неде?

Клаус Шваб, Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы

-Болашақта Қытай маңызды мемлекетке айналады. Себебі адамзат бірполярлық әлемнен көпполярлылыққа беттеп келеді. Қытай төрағасы форумға елдің геосаясат пен геоэкономиканы іске асыру мүмкіндіктерін айқындауға келді.

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің форумдағы ойын орағытсақ, сауда соғысты емес, сенімді серіктесті қалайды. Дау жоқ, әрине. Бұл ретте Бейжің Вашингтонмен қарым-қатынасты күшейтуді көздеп отыр. 

Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы

-АҚШ жаңа Президенттің келуімен ішкі саудаға көбірек көңіл бөлуді жоспарлауда. Ал Қытай сыртқы сауда байланысына басымдық беріп отыр. Қолдампаздық саясаты жабық, қараңғы бөлмеде тығылып отырумен тең. Мемлекеттер өз пайдасын ойласа да, бұл жүйе өзге елдерге зиян тигізбеуі тиіс.

Кеше, яғни 20 қаңтар күні америкалықтар 45-ші Президентті ұлықтады. Сөйтіп Дональд Трамп ресми түрде қызметке кірісті. Біреу жақтайды, енді біреу даттайды. Бірақ маңыздысы ол емес. Маңыздысы Ақ үйдің жаңа қожайыны жүргізетін саясат әлемдік экономикаға қалай ықпал етпек?

Давоста талқыланған басты тақырыптың бірі осы. Әрине, болжам көп, нақты жауап жоқ. Дональд Трамп кеңесшісінің сөзіне сенсек, АҚШ  алдағы уақытта сауда-саттықты арттырады. Ал Ұлыбритания Еуроодақтан шығуға құштар, шындығын айтқанда мәжбүр.

Филип Хэммонд, Ұлыбританияның Қаржы министрі

-Біз Еуропалық Одақпен еркін сауда аймағы жөнінде көпжақты келісім жасағымыз келеді. Осылайша сауда, қызмет көрсету мен бизнес іркілмей жұмыс істей беруші еді. Жақын арада еуропалық әріптестермен келіссөздерге кірісеміз. Біздің қатынастарымыздың қалай өрбитінін содан кейін бірақ айтуға болады.

Ал енді Қазақстанның қарқынын сөз етсек. Сауда-саттығымыздың 50 пайызы Еуроодақ елдерінің еншісінде, ал 20 пайызы Ресей мен Қытайға тиесілі. 

Иә, дәл сіз ойлағандай, менде де сауал туындаған. «Көршілес елдермен экономикалық қарым-қатынасымыз неге төмен?» Жауапты «Астана» қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов айтты. «Блумбергке» берген сұхбатында. 

«Себебі Қазақстанға құйылатын инвестицияның басым бөлігі батыстан». Бірақ әлгі 20 пайыздық көрсеткіш «Ұлы Жібек жолы» жаңғырғанда жақсарады. Қазірдің өзінде аспан асты елінің алып нарығымен жұмыс жүріп жатыр. 

Kaznex Invest-тің мәліметінше, өткен жылы біздің елден Қытайға 4,1 миллиард доллардың 331 түрлі тауары жөнелтіліпті. Бұл әзірге. Өйткені биыл «Астана» қаржы орталығы жұмысын бастайды. Ұйым Еуразия мен Еуроодақтың нарығына қызмет көрсетпек. Осылайша «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы жүйелі жүзеге асады. Бұл жайында Қайрат Келімбетов  Гонконгте өткен оныншы Азиялық қаржы форумында мәлімдеді.

Қайрат Келімбетов, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы

-Болашақта ең мықты халықаралық сауда біздің еуразиялық экономикалық одақта болады және басқа Азия елдерінде болады. Соның ішінде Қытай, Гонконг, Сингапур, Малайзиядан инвестициялар тартуымыз керек. Сол туралы біздің Елбасымыз өзі жұмыс басқарады. Сондықтан менің ойымша, ендігі 5-10 жыл ішінде біздің экономиканы әртараптандыру үшін көп инвестиция тартуымыз керек. Қаржы орталығы оған жақсы қаржылық платформа болады.

«Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең-кезеңмен бейімделіп келеді. Бұл бізге ішкі қарама-қайшылықтардың ушығуына ұрынбай, саяси тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретін басты фактор». Елбасы сөзінен ой түйсек: «Ақырын жүріп, анық басқанның, еңбегі еш кетпейді». Дәлелі, міне, экономикамыз қуатты, саясатымыз тұрақты. Мұны Дүниежүзілік банктің вице-президенті Сирил Мюллер де растады.  Назарларыңызда эксклюзивті сұхбат.

Алена Горбачева, тілші

-Ең алдымен біздің арнамызға сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымызды айтамыз. Әңгімені Doing Business рейтингінен бастасақ. Қазақстан өзінің осы рейтингтегі көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. Сіз инвестиция тарту жөніндегі еліміздің жетістіктері туралы не айта аласыз? Әлде әлі де кедергілер бар ма?

Сирил Мюллер, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі вице-президенті

-Сіздерге шақырғандарыңыз үшін рахмет. Қазақстан шынында да рейтингтегі көрсеткіштерін жақсартты. Соңғы мәліметтер бойынша, әлем бойынша 35 орында. Былтырғы жылдан бері Қазақстан бірден 16 сатыға көтерілді. Меніңше, бұған бизнес климаттың жақсаруы, заңдардың өзгертілуі, көптеген рәсімдеулердің жеңілдетілуі септігін тигізді. Ендігі басты мәселе – осы өзгерістердің инвесторлар мен бизнес жүргізу үшін тиімді болуы. Біз де осыған баса назар аударып отырмыз. Осы үдерістердің ел азаматтары мен кәсіпкерлеріне және инвесторларына барынша ыңғайлы болуына көмектесуге тырысып жатырмыз.

Алена Горбачева, тілші

-Инвестициялар демекші, олар әртүрлі. Қазақстан үшін мұнайдың маңызы әлі де зор екеніне қарамастан қазір өзге салаларға да инвестициялар тартып келеміз. Осы орайда, сұрай кетейін, сіздің пікіріңізше, мұнайдың қазіргі бағасы қаншалықты әділ?

Сирил Мюллер, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі вице-президенті

-Қалай айтсам екен, әділ деген онша дұрыс емес теңеу сияқты.

Алена Горбачева, тілші

-Айтайын дегенім, қазіргі бағасы нарықтағы жағдайды қаншалықты көрсетеді?

Сирил Мюллер, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі вице-президенті

-ОПЕК-ке мүше елдердің таяудағы келісімі мен соңғы айдағы бағаның өзгеруі мұнайға сұраныс пен ұсыныс көлемі біртіндеп реттеліп келетінін көрсетеді. Сондықтан менің ойымша, қазіргі баға әлемдік нарықтағы нақты құны және қазір жағдай айтарлықтай тұрақты деуге болады. Сондай-ақ бізге, әрине, қара алтын бұрынғы бағасына қайтып оралады. Яғни бірнеше жыл бұрынғыдай 100 доллардан астам болады деп күтудің керегі жоқ. Сондықтан нарықтағы жағдайдың көрсеткіші ме дегенге келсек? Иә, солай. Қазір мұнай нарығында қобалжу жоқ.

Алена Горбачева, тілші

-Жаңа ғана өзіңіз атап кеткен ОПЕК келісімі мен Қашағанның іске қосылуы сынды шаралардың теңгеге қандай да бір әсері болады ма?

Сирил Мюллер, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі вице-президенті

-Меніңше, Қазақстан үшін бұл жақсы кезең. Себебі мұнай бағасы біраз көтерілді. Қазақстаннан шығарылатын шикізаттық емес экспорттық өнімдердің барлығы әлемдік нарықта бәсекеге барынша қабілетті болып келеді. Ал бұл теңгеге оң әсер етеді. Яғни қазір Қазақстанның мұнай бағасының көтерілгенінен пайда тауып, оған қоса экономикалық өсімнің басқа да көздерін дамытуға мүмкіндігі бар. Уақыт өте өсімнің негізгі көзі  мұнайға қатысы жоқ сектор болуы мүмкін.

Алена Горбачева, тілші

-Сіз мұнайға қатысты емес секторлар деп айтып қалдыңыз, Қазақстан экономикасының қай салалары анағұрлым тартымды деп ойлайсыз?

Сирил Мюллер, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі вице-президенті

-Қазір экономиканың көптеген секторлары трансформацияға ұшырап жатыр. Мысалы, Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндіру саласының әлеуеті зор. Бұған қоса, Қазақстан білім беруді, оның ішінде технология, математика, жалпы ғылымды дамытуда айтарлықтай табысқа жетіп отыр. Қазақстан ғаламдық сандық экономиканың бір бөлшегіне айналып, онда зор мүмкіндіктерге қол жеткізуі ықтимал. Сіздер экономиканың ауыл шаруашылығы сынды дәстүрлі секторларынан және айтарлықтай жаңа технологиялық салада да табыс таба аласыздар. Бұны болашақта дамыту үшін сіздерде қажеттінің барлығы бар. Жақсы білім алған жастар жақын арада еңбек нарығына араласады. Ал егер олардың жаңа және дәстүрлі экономиканың талаптарына сай екеніне сенімді болсақ, ол Қазақстан үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады. Яғни елдеріңіз басқа да салаларды бағындыра алады.

Алена Горбачева, тілші

-Дүниежүзілік банк Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларға қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы. Неге осы саланы таңдадыңыздар және болашақта Дүниежүзілік банкті қазақстандық экономиканың тағы қандай секторлары қызықтыруы мүмкін?

Сирил Мюллер, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі вице-президенті

-Бұл саланы біз экономиканың бір секторы ретінде таңдап алдық деп айта алмаймын. Дәлірек айтсақ, бұл белгілі бір мақсатқа қол жеткізудегі шаралардың бірі. Ал мақсат – Қазақстанды Батыс пен Еуропаны жалғау процесіне араластырып, Қазақстанды үлкен аумақтың экономикасының бір бөлшегіне айналдыру. Жолдар құрылысы жерге асфальт салу ғана емес қой, бұл ең алдымен, қалалардың арасына жаңа бағыттар ашу, шалғай аудандардың тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер. Сондықтан мен жолдарды  даму құралы деп есептеймін. Мұнымен қатар, біз Қазақстанда сандық экономика алғышарттарын, бизнес жағдайын жақсарту және өзара әрекет ету мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Мәселе тауарларды Қытайдан Батысқа жеткізуде ғана емес, мәселе Қазақстан үшін үстеме ақы қандай болатынында және сіздердің елдеріңіз үшін қандай жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынында.

Алена Горбачева, тілші

-Сұхбат беруге келісіп, бізге уақыт бөлгеніңізге рахмет! 

7. Универсиада кезінде 7 мыңнан астам полицей Алматыдағы тәртіпті қадағаламақ

2017 жыл Қазақстан үшін жеңісті жыл болғалы тұр. Қай жағынан алғанда да, ұпайымыз артады. Биыл, бірнеше халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырамыз. Солардың бірі – спорттық сайыс. 28-ші Қысқы Дүниежүзілік Универсиада Алматыда өтеді. 

Дүбірлі доданың басталуына тура бір аптада қалды. Дайындық деңгейі қалай? Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде неңдей шаралар қолға алынбақ? Шетелдік меймандарды қандай сый күтіп тұр? Тілшіміз Жансая Қожахметованың шолуында.

Жансая Қожахметова, шолушы

-Ішем шай, көңілім жай. Бұл сөзді Қазақстанға Қысқы Универсиадаға келген қонақтар айтады. Иә, шалыс естімедіңіздер. Алматыға 55 елден келетін спортшыларға 700 000 кесе сүтті шай дайындалады.

Қазақ халқының қонақжайлылығының белгісі ретінде. Тұла бойды жылытып, сергектік сыйлайтын сусынды арнайы тартылған демеушілер ұсынып отыр.

Демеуші демекші, олардың қатарға қосылуына қаржының қысқаруы себеп. Алғашында Ақ Универсиаданың бюджеті 32 млрд теңге болса, 2015 жылдың күзінде 2 есеге қысқарды.

Қаражаттың қысқаруы Қысқы ойындардың жақсы өтуіне кедергі жасамайтынына сенейік. 

Айтпақшы, дүбірлі додаға 2 мыңға таяу спортшы қатысып, әр елдің үкілеп қосқан саңлақтары спорттың 12 түрінен күш сынамақ. Биатлон, керлинг,  коньки,  шаңғы қоссайысы,  шаңғымен жарыс,  шаңғымен тұғырдан секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайбалы хоккей, шорт-трек те бар. 

Ескере кету керек, еліміз егемендік алғалы бері қазақстандық спортшылар бүкіләлемдік студенттер арасында өтетін Универсиадаға 12 рет қатысып, 44 медаль жеңіп алған.

Жаман емес, меніңше. Ал биылғы байрақты бәсекенің басталуына бір апта уақыт қалды. Ұйымдастырушылар: «Шараға тас-түйін дайынбыз», – деп отыр. Тіпті жеңімпаздарға берілетін медальдарды да таныстырып үлгерді. Ою-өрнекпен әсемделген 86 жиынтық медаль теңге сарайында құйылса керек.

Бүкіл әлем көз тігетін айтулы жарыс жеңімпаздарының жүлдесі де жария етілді. Мәселен, 3-ші орынға 1 млн 600 мың теңге, 2 орынға 3 млн 300 мың, ал бірінші орынды қанжығасына байлағандарға 4 млн 900 мың теңге көлемінде сыйақы қарастырылған. 

Оған қоса, Универсиадаға 3 мыңға тарта шетелдік және өзіміздің елдің еріктілері атсалысуға білектерін сыбанып әзір тұр.

Дүбірімен дүйім жұртты ұйытып келе жатқан 28-ші Бүкіләлемдік Ақ Универсиада барысы телекөрсетілімдер арқылы әлемнің 80 мемлекетіне таралып, 1 млрд-тан астам көрермен тамашалайтын болады.

Қауіпсіздік шараларына да аса мән беріліп отыр. Мәселен, Универсиада кезінде Алматыдағы тәртіпті 7 мыңнан астам полицей қадағаламақ. 

Сондай-ақ спорттық нысандар жіті тексеріліп, онда жұмыс істейтін 11 мың қызметкердің лаңкестік ұйымдарға қатысының бар-жоғы тексерілген. Сондықтан биатлоншылардың бабы мен шаңғышылардың шеберлігіне куә болмаққа келген көрермендер қауіпсіздік үшін қам жемесе болады. 

Хош, көрген адамның сағынышында, көрмеген адамның қиялында жүретін ару Алматының 2017 жылғы Қысқы Универсиадаға бүгінгі дайындығы осындай.