LIVE
Сейсенбі, 17 Қазан 2017 15:15

Еуроодақ Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшейтті.

Люксембургте өткен кездесуде Еуропалық одақ елдерінің сыртқы істер министрлері Солтүстік Кореяға мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауға тыйым салуға келісті. Сондай-ақ ел экономикасына инвестиция құюға қойылған шектеу мерзімі ұзартылып отыр. Аударылатын қаржы көлемі 15 мың еуродан 5 мыңға дейін азайтылып, осы мемлекеттің азаматтарына жұмыс визасын созбау туралы келісілді.

Түркияда төтенше жағдай тағы 3 айға ұзартылады

Түркия үкіметі елдегі төтенше жағдайды тағы 3 айға ұзарту туралы шешім қабылдады. Ұсыныс парламенттің мақұлдауына жіберілген. «Бұл қадам террорлық ұйымдармен белсенді күресіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталып отыр», – деп хабарлайды түрік елінің премьер-министрінің орынбасары Бекир Боздақ. Демек былтыр төңкеріс әрекетінен соң 3 ай мерзіміне енгізілген төтенше жағдай осымен төртінші мәрте ұзартылатын болды. Алайда елдегі оппозициялық партия мен Еуроодақтағы белді саясаткерлер ресми Анкараның бұл шешімін қатаң сынға алып жатыр. Олар елдегі төтенше жағдай демократия құндылықтарына нұқсан келтіріп отырғанын алға тартуда.

Сейсенбі, 17 Қазан 2017 11:37

Португалия мен Испанияда алапат орман өрті салдарынан қаза тапқандар саны 35-ке жетті.

Португалияның Азаматтық қорғаныс қызметінің мәліметінше, қызыл жалын 32 адамның өмірін жалмаған. Тағы 50-ден астамы жарақат алды. Жалпы ел аумағында 30 өрт ошағы тіркелген. Отты ауыздықтауға 5 мыңнан аса маман жұмылдырылды. Аталған мемлекет Еуроодақ пен Мароккодан көмек сұрап отыр. Ал Испанияның автономды қауымдастығы Галисияда үш күндік аза тұту жарияланды. Мұнда тілсіз жау 4 адамның өмірін қиған.

Сейсенбі, 17 Қазан 2017 09:59

Британ аралдарында «Офелия» дауылы соқты.

Ұлыбритания мен Ирландияда табиғи апат салдарынан кемінде 3 адам қаза тапты. Ирландия жағалауында желдің күші сағатына 176 шақырымға жетті. Елде мыңдаған үй жарықсыз қалды. Билік қауіптің ең жоғары деңгейін жариялады. Эдинбург, Манчестер, Белфаст және Дублин әуежайларында әуерейстері кейінге шегерілді. Ел астанасында көлік қозғалысы тоқтатылды. Ал Англия мен Уэльс тұрғындары ерекше құбылысқа куә болды. Мұндай аномалияны лондондықтар да бақылады. Дауыл салдарынан аспанды қызыл мұнар кеуледі. Метеорологтардың айтуынша, оған Сахара шаңы мен Пиреней түбегінен келген күл себеп.

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.

Сайттың толық нұсқасы