LIVE
Сейсенбі, 17 Қазан 2017 20:48

Қытайдан Қырғызстанға тасымалданатын тауар көлемі күрт өскен. Биыл 2015 жылмен салыстырғанда 143 пайызға артыпты. Бұл мәліметті Мемлекеттік кірістер комитеті жариялады. Ал Қытайдан Қазақстанға келетін тауар көлемі азайған. Есесіне көрші елдерден заңсыз жолмен жеткізілетін тауар ауқымы артыпты. Контрабандалық жолмен келетін тауарлар ел экономикасына орасан зор зиян келтірері айтпаса да түсінікті.

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші:

-Расында да Қырғызстаннан келетін контрабанда салдарынан отандық жеңіл өнеркәсіп тұралап тұр. Қазір жергілікті өнім ішкі сұраныстың небәрі 10 пайызын ғана қамтиды. Қалғаны сырттан келеді.

Бүгінде Қазақстан кәсіпорындары төл өнімін Ресей, Беларусь елдеріне экспорттауда. Өйткені онда  бәсеке төмен. Ал ішкі нарықты  жалған бренд жаулады. Кәсіпкерлер жасанды тауардың Қазақстанға Қырғызстаннан әкелінетінін жақсы біледі. 2015 жылы Қырғызстан Кедендік Одаққа кірген кезде Қытайдың «сұр» экспортына  жол ашылды. Оған дейін де Қытай тауарлары ел нарығында саудаланды. Алайда мұндай жөнсіздікке  жол берілген емес. 

Ғазизат Имақова, саятаттанушы: 

- Қырғыз  тарапынан өзінің ғана сауда-саттығын, өзінің ғана айналымын, көлеңкелі болса да, өз айналымына қызмет ету деген амбиция бар. Бұл деген шын мәнінде біздің де сауда-саттығымызға нұқсат келтіріп тұрған мәселе. Өйткені қазір қарайтын болсаңыз, тауар айналымында өте көп сапасыз тауар жүр. Оның бәрі тексеруден өтпеген. Тіпті денсаулыққа нұқсан келтірен тауарлар бар.

Сарапшылардың пікірінше, Қырғызстанның «Дордой» базарында саудаланатын киім-кешектің 80 пайызы – Қытай тауарлары. Олардың дені қырғыз тауар өндірушілерінің жапсырмасымен Қазақстанға, Ресейге және Өзбекстанға қайта экспортталады. Жергілікті кәсіпкерлер «көрші елдерден заңсыз жолмен тасымалданатын тауарларға  тыйым салынса, отандық кәсіпорындардың өрісі кеңейеді» деп сенеді.

Алтын Дәулетбаева, шұлық фабрикасының бас технологы:

-Тек қана Қытайдан келмейді. Көршілес Республикадан Қырғызстан мен Өзбекстаннан келеді. Соларды контрабанда жолыменен, жасырын жолдарменен көп алып келеді. Соның барлығына тиым салынса, біздің Отандық өнімдерімізді көбейтсек базардағы бағада төмендейді. Әрі өнімдеріміз көбейер еді. 

Шұлық фабрикасы жылына 25 миллион түйір тауар өндіруге қауқарлы. Қазірдің өзінде айлық көрсеткіш – 700 жұп. Кәсіпорын жуырда төл өнімін Ресей мен Кореяға жөнелтіпті. Келер жылы Еуропа нарығына шығаруды көздеп отыр. Жалпы, отандық кәсіпкерлер өндіріс орнын сақтап қалу үшін, өнім бағасын түсіруге мәжбүр болды. Бұл өз кезегінде салық түсімдердің төмендеуіне алып келіп отыр. Ал әділ бәсекелестік болған жағдайда отандық кәсіпкерлер нарықтың сұранысын толықтай қамтамасыз ете алатындығына сенімді.

Сейсенбі, 17 Қазан 2017 19:17

Ішкі нарықтағы АИ-92 маркалы бензиннің қорын қалыптастыру үшін еліміз Ресейден 100 мың тонна жанармай импорттайды. Бұл көлем тұтынушылардың осы айдағы сұранысын жабуға жеткілікті. Үкімет отырысында Энергетика министрі осындай жаңалықпен бөлісті. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, көрші елдің ірі мұнай компаниясымен тисті келісім жасалып та қойған.

Маңғыстау облысындағы жанармай құю бекеттерінде кезек жоқ. Себебі жергілікті көліктердің 70 пайызға жуығы газбен жүреді. Ол түсінікті. АИ-92-нің аймақтағы қазіргі бағасы 158 теңге болса, сұйытылған газдың бір литрі 45 теңге тұрады. Нәтижесінде газға сұраныс артып, бірер күнде бағасы 5 теңгеге қымбаттаған. Жергілікті атқарушы орган өкілдері қазір мәселені жіті назарға алдық дейді. 

Бекмұрат Жүсіпов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

-«ҚазМұнайГаз өнімдерінің» газ құю станциялары біздің облысымызда бар. Сол станцияларда кезектің көбеюі байқалды. Оның себебі оларда газ бағасының 5 теңгеге арзан болуы. Әрине кез келген адам өзінің қаражатын үнемдеуіне байланысты сол станциядан өзінің автокөлігіне газ құюға тырысады. Бірақ бүгінгі таңда барлық станцияларда газдың бағасы бірдей. Қазір кезектердің азайғанын өздеріңіз көріп отырсыздар.

Батыс жақ газбен амалдап жатса, басқа өңірлерде бензин тапшылығы орнамас үшін Ресейден тағы 100 мың тонна АИ-92 сатып алынды. Оның 50 мың тоннасы елге осы аптаның аяғында жеткізіледі. «Енді ай соңында импорт пен ішкі өнімнің нарықтағы үлесі есептелгеннен кейін, бензин бағасын қайта қарау мүмкіндігі туады», - дейді энергетика министрі.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

-Қарашада импорттың үлесіне қарағанда қазақстандық бензиннің үлесі көбейеді. Болжам бойынша қараша айының екінші жартысында бензин бағасы төмендеуі мүмкін. Қаншаға екенін қазір айту қиындау, бірақ төмендеуі мүмкін. 

Бензин тапшылығы шешілгеніне қарамастан, бағаны көтерген жанармай құю станциялары қатаң жазаланып жатыр. Мәселен бұдан бұрын себепсіз баға шарықтатқандарға қатысты әкімшілік істер қозғалып, қомақты айыппұлдар салынған.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:

-Мұнай өнімдері бойынша 2016 жылдан бастап, 2017 жылдың сәуір айына дейінгі кезеңді жіті тексердік. Нәтижесінде баға мәселесіне қатысты заңбұзушылықтар анықталып, сотқа жіберілді. Әкімшілік айыппұлдардың сомасы 607 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ қайтарып алынатын монополиялық кіріс көлемі 350 миллион теңге болды.

Ал Семей жақта көмір тапшы болып жатыр. Қатты отынды тиеуге жүздеген жүк көлігі тізілген. Жүргізушілердің сөзінше, күніне көмір қоймасына 5 вагон, яғни 300 тонна отын ғана жеткізілетін көрінеді.

Оңдасын Жанұзақов, қала тұрғыны:

-Көмір алуға келгеніме бір аптадан астам уақыт өтті. Маған бар болғаны 5 тоннасы қажет. Менің кезегім енді келді деген кезде көмір бітіп қала береді. Қоймаға күніне 5 вагон ғана әкелінеді. Бұл өте аз. Түске дейін бәрі бітіп қалады.

Үкіметте көмір мәселесіне қатысты тиісті ведомство өкілдері жауап берді. Айтуларынша, тапшылық пен бағаның көтерілуіне алып-сатарлар кінәлі. Көмір қабылдау бекеттерінде қара отын өзіндік бағасымен яғни орта есеппен 5 мың теңгеден сатылса, делдалдар оған тасымал және өзге қызметтер үшін құн қосып жатыр. Ал тапшылық мәселесі тек бағаны көтеру үшін сылтау дейді үкіметтегілер. 

Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

-Қазір қара отынның бағасы мен тапшылығына  қатысты 13 өңірдегі 107 кәсіпорында тексеріс жүргізіліп жатыр. Заңбұзушылықтар анықталса, тиісті жаза қолданылады.

Жалпы жыл басынан бері «Қазақстан темір жолы» 78 миллион тонна көмір тасымалдаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 миллион тоннаға көп.  Компания жыл соңына дейін 103 миллион тонна көмір тасымалдамақ. Бұл іске қазір 5 мың ашық вагон жұмылдырылса, тасымал көлемін ұлғайту үшін вагондар саны биыл 8 мыңға дейін жеткізілмек. 

 Жиын қорытындысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ішкі нарықты мұнай өнімдерімен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері Мемлекет басшысының жеке бақылауында екенін атап өтті. Салаға жауапты министр мен атқарушы органдарға мәселені жіті назарда ұстап, тапшылыққа жол бермеуді тапсырды.

Авторлары: Жұрағат Баман, Ерсін Мұхамбеталин

Сейсенбі, 17 Қазан 2017 18:22

Еліміздің мемлекеттік шекарадағы кедендік тексерулерін күшейтуіне бірнеше себеп бар. Ең негізгісі көлеңкелі бизнестің жолын кесу. Бір ғана Қырғызстаннан әкелінетін тауарлар дұрыс рәсімделсе, еліміздің қазынасына түсетін салық мөлшері 9 пайызға артады екен. Еуразиялық Экономикалық одақ елдері осы көлеңкелі бизнес салдарынан жылына 300 млн АҚШ долларынан қағылады екен.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

-2016 жылғы мәліметтерге сүйенсек, Қырғызстанның қытайлық импорты 1 жарым миллиард долларға тең болды. Ал Қытай тарапы бұл көрсеткішті 5,6 миллиард долларға тең деп көрсеткен. Яғни 4 миллиард доллардан астам айырмашылық бар. Қырғыз билігі импортталатын тауарлардың кедендік құнын төмендеткен соң осындай күрделі жағдай туындады.   

Ардақ Теңгебаев, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы: 

-Ер адамның бір жейдесінің кедендік құны Қазақстанда бір данасы үшін 5,45 долларды құрайды. Ал дәл сол жейде Қырғыз Республикасының көлемінде 0,44 долларға тең. Сонда 5,08 есеге төмен болып отыр. Тағы бір айта кететін жағдай, әйелдер етігінің бір данасы Қазақстанда 28,85 долларды, Қырғызстанда дәл осы етік 2,74 долларды құрайды. Яғни баға 100,5 есе төмен көрсетіліп отыр.

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.

Сайттың толық нұсқасы