LIVE

Ертіске қауіп жоқ

  • Сейсенбі, 08 Тамыз 2017 19:45

Бірер күн бұрын омбылық ақпарат құралдары: «Ертіске сынап құйылды», – деп дүрліккен еді.

Бұл деректі біздің мамандар жоққа шығарды. Айтуларынша, өзенге жағалай қонған Қазақстанның Павлодар және Ресейдің Омбы облыстарына улы металдан төнген қауіп жоқ.

Бұрынғы химиялық зауыттың аумағына бөтен адамдарға кіруге тыйым салынған. Дегенмен сала мамандары біздің арна түсіру тобына рұқсат берді.

Мен тұрған жер сынап төгілген №2 ошақ деп аталады. Кеңес дәуірінде бұл жерде химиялық зауыттың сынапты электролиздеу құрылғысы орнатылған цех болған. Бүгінгі күнге дейін цехтың конструкциялары толық жойылды. Ал жердің астында ауыр металдың 700 тоннасы қалған.

1976 жылдан бергі уақытта Павлодардың Солтүстік өндірістік аймағындағы бұрынғы химиялық зауыттың орнына сынап төгілген. Көзге көрінбейді. Қоршаған ортаға да таралмайды. Себебі 1998 жылы қоршаған ортаны қорғау шаралары күшейтіліп, 2000 жылдары сынаптан арылу технологиясы табысты қолданылған. Бұл тарихи бейнежазба біздің арна мұрағатында сақтаулы тұр.  

Зауыт аумағында ластанған алты ошақ бар. Барлығы оқшауланып, саз балшықпен бекітілген. Топырақтың сыртқы қабаты бетонмен жабылған. Сынап төгілген жерлер, ауасы мен топырағы, жерасты сулары, оған жақын маңдағы Былқылдақ көлі мамандардың жіті бақылауында.

Қуаныш Игембаев, зертханашы-техник:

 - Қазір біз жердің астынан суды аламыз. Сосын шыны ыдысқа құямыз. Сосын әрі қарай зертханаға апарамыз.

Ұңғымадан алынған су тек шыны ыдысқа құйылуы керек. Кейін зертханалық жағдайда тексеріледі. Соңғы 15 жылда үздіксіз жүргізілген мониторинг сынап мөлшерінің шекті нормадан аспағанын дәлелдеді. Демек Ертісті бойлаған Қазақстанның Павлодар және Ресейдің Омбы облыстарына қауіп жоқ.

Артур Ахметов, сынап мониторингі жөніндегі сарапшы:

- Ертіс сынаппен ластанды деген мәлімдеме негізсіз. Себебі улы металл сыртқы ортадан оқшауланды. Саз балшықпен бекітілген сынап жердің астында тағы жүздеген жыл сақталады. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

Дәулет Есмағамбетов, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары:

- Ластанған аумақта жыл сайын мониторг жүргізіледі. Нәтижесі көңіл көншітерлік. Мәселен, осы жерден бес шақырым қашықтықтағы жерасты суының құрамында сынап жоқ. 

Ғалымдар ластанған ошақтарды зерттеу барысында ұңғымадағы су құрамын тексереді. Мемлекеттік желіге тиесілі 10 және омбылық желідегі 30 су көзі бақылауға алынған.

60 жылдық тарихы бар бұл химиялық зертханада судың құрамы 46 көрсеткіш бойынша зерттеледі. Сонымен қатар тіршілік нәрінің құрамында кездесетін сынаптың мөлшері сарапқа салынады. Айта кетерлігі, соңғы ондаған жыл ішінде облыстың жерасты және жерүсті сулары құрамында сынап мөлшері нормадан аспаған.

Юрий Косолапов, гидрогеолог:

- Соңғы жылдары аумақтағы жерасты суларының қозғалуы тіркелмеген. Яғни Ертіске ағатын тіршілік көзі таза. Құрамында зиянды зат жоқ.

Өңірде су ресурстарына жауапты мекеме сынаптан арылудың арнайы тұжырымдамасын әзірледі. Соған сәйкес қоршаған ортаны қорғау шаралары күшейтіледі.  

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.

Сайттың толық нұсқасы