LIVE

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің мәлімдемесі

  • Бейсенбі, 12 Қазан 2017 17:41
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің мәлімдемесі primeminister.kz

Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі С. Исаковтың 2017 жылдың 11 қазанында Facebook әлеуметтік желісінің жеке парақшасында қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасындағы ағымдағы жағдай бойынша өзінің Қазақстан Республикасының Президентімен келіссөздері туралы ақпаратына қатысты бірқатар БАҚ-тың сауалдарына байланысты ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі ресми түрде мәлімдейді.

Біріншіден, Сочиде (РФ) Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының аясында Қазақстан Президенті мен Қырғызстан Премьер-Министрінің келіссөздері өткізілген жоқ.

С. Исаков мырзаның жеке Facebook парақшасында орналастырылған фотосуретте расталғандай, оның біздің Елбасымызға жақындап келуі ғана орын алды.

Екіншіден, Қазақстан Президентінің «шекарада туындаған барлық мәселелерді шешу бойынша Қазақстан Үкіметіне тапсырма бергендігі» туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

Ақиқатында, Үкіметке аталған мәселе бойынша үкіметаралық консультация өткізу туралы тапсырма берілді.

Бұдан бұрын қазақстандық БАҚ-та хабарланғандай, қазіргі кезде Қазақстан Республикасының ҰҚК Шекара қызметі қазақстандық ІІМ, мемлекеттік кірістер және көліктік бақылау комитеттерімен бірлесе отырып, еліміздің мемлекеттік шекарасының барлық периметрі бойынша, оның ішінде қазақстандық-қырғыз аумағында да жоспарлы шекара операциясын жүргізуде.

Шекарадан өтетін жеке тұлғаларды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеруді күшейту шаралары қолданыстағы заңнама шеңберінде қазақстандық және шетелдік азаматтардың құқықтарын шектеусіз жүргізілуде.

Шекараны кесіп өту үшін ешқандай шектеу немесе тыйым салынып жатқан жоқ.

Жоспарлы шекара операциясының басты мақсаты – шекаралық кеңістіктегі құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу, террористік, контрабандалық және басқа да қылмыстық әрекеттерге қатысы бар тұлғаларды анықтау, шекара тәртібі мен көші-қон заңнамасының сақталуын тексеру.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Шекара қызметі Қырғызстан Президенті сайлауына дайындық және оны өткізу кезеңінде шекаралық бақылаудың күшейтілген тәртібіне көшті.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі бұрмаланған ақпараттың таратылуына ресми түрде түсінбестік білдіреді және өзінің шынайы ақпарат беру мәселесінде кез келген БАҚ-пен ынтымақтастыққа ашықтығын растайды.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.

Сайттың толық нұсқасы