LIVE

ШҚО-дағы су қоймалары мен гидротехникалық нысандардың 80 пайызы ескірген

  • Бейсенбі, 12 Қазан 2017 20:45

Аймақта жалпы 100-ден астам су тоспасы болса, олардың табаны бірде-бір рет тазаланбаған.

Батпақты шөгіндіге толған кейбір тоғандардың тереңдігі 2-3 метрге де жетпейді. Көктемде қар суы қосылғанда, ернеуінен асып, етектегі елге қауіп төндіреді. Сондықтан аймақтағы гидролог-мамандар су тоғандарының тағанын тазалау жұмыстарын дереу қолға алу керектігін айтады.

Өңірдегі су қоймаларының көбі 1990 жылдардан бастап жекеге берілген. Тек соңғы 5 жылда ғана бірқатары мемлекетке қайтарылды. Қазір аймақта республикалық меншікте 70, ал облыстың басқаруында 61 су қоймасы бар. Гидролог-мамандар осы су тоспаларының жағдайына назар аудару керек екенін айтады. 

Сансызбай Мұңғылбаев, «Шығыс Су Қоймалары» МКМ бөлім басшысы:

– Міндетті түрде құбырдың алдын тазалап, судың астындағы балшықты алып тастау керек. Жыл сайын батпақ көбейіп келеді. Өте қауіпті нәрсе. Болашақта су қоймасын жауып қалады.

Техникалық мүмкіндігі 800 мың текше метр су сақтауға есептелген Аблакетка су қоймасының түбіне қазір шамамен 2 метр батпақ жиналған. Ортасының тереңдігі 7 метр болатын жасанды көл бүгінде 2-ден 4 метрге дейін азайған. Бұл көлдегі балықтың көбеюіне де кері әсерін тигізе бастады. 

Тимур Шақпантаев, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:

– Әрбір нысанның жұмысына жауапты мекеме оның техникалық жағдайына, басқа да ерекшеліктерін бақылауға міндетті. Яғни су өткізу жолы балықтың шығынға ұшырамай, өсіп-өнуіне сәйкес болуы тиіс. 

Облыстағы ең кіші су қоймасына 20 мың, ал ең үлкеніне 7,5 миллион текше метр су жиналады.

Аймақтағы су қоймаларының көбісі 25-30 бұрын салынған. Олардың техникалық жағдайы зерттеліп, жөндеу жүргізіледі. Алайда мамандар су тоспаларының тағанындағы батпаққа алаңдап отыр. Облыстық маңыздағы 61 нысанның табаны салынғаннан бері бүгінге дейін бірде-бір рет тазаланбаған.

Мамандардың есебінше, 61 су қоймасын жөндеп, тағанын тазалау үшін 6,5 миллиард теңге қажет. Мұндай қомақты қаражатты облыстың қазынасы көтермейтіндіктен, атқарушы билік өкілдері ел бюджетінен бөлу жөнінде өтініш жасамақ. 

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.

Сайттың толық нұсқасы