LIVE

Алматыда картоп бағасы қымбаттап кетті

  • Бейсенбі, 12 Қазан 2017 21:44

Қазір қаланың бірқатар базарында халық жиі тұтынатын дақылдың бір келісі 150 теңгеден сатылып жатыр.

Ал іріктеліп алынғандары 170-180 теңгеден саудалануда. Картоп өнімділігі еліміздің әр өңірінде әртүрлі, бірақ ішкі сұранысты өтеуге жететінін айтады Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері. 

Базар нарқын жақсы білетін алматылықтар биыл картоптың жылдағыдан ерте қымбаттап кеткенін айтады. Баға күзден бастап өссе, қыс пен көктемде қалай болар екен? Тұрғындарды толғандырып отырғаны осы. 

Жәния Досымбекова, қала тұрғыны:

– Амал жоқ, алып жатырмыз. Зейнеткер болсам да, 150 теңгеден 100 келі алып жатырмын.

Базардағы сатушылар келісіне көп ақша қоспайтынын айтады. Айтуларына қарағанда, картоптың көтерме бағасы қымбаттап кеткен. 

Сатушы:

– Алтын Ордада көтерме баға 140-145 теңгеден. Сонымен қатар таксиіміз бар. Анау-мынауды қосқанда, 150-155 теңге. Сонда біздің қосатынымыз 10 теңге ғана. 170-180-тен сатып жатырмыз.

Бағаның өсуін қалалық әкімдік өнімділіктің төмендігімен және картоптың көрші елдерге сатылуымен байланыстырып отыр. Қаланы картоппен қамтамасыз етіп отырған Алматы облысы биыл 721 мың тонна өнім жиған. Соның 140 мың тоннасын облыс халқы тұтынады. 

Қаланы қамтамасыз етіп отырған тағы бір көрші облыс – Жамбыл өңірі. Аймақтағы «Зылиха» шаруа қожалығы былтыр картопты 37-42 теңге аралығында сатса, биыл кеткен шығынды өтеу үшін 80-90 теңгеден өткізіп жатыр. 

Керімқұл Бегалиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Картоптың ұрықтарын Голландиядан әкеліп отыратын болса, шаруа ол ұрықты өсіріп, мол өнім алғаннан кейін бәсекеге қабілетті болады да, өнімнің көптігінен бағалар түседі.

Ал Павлодар облысының шаруалары биыл 485 мың тоннадан астам картоп жиған. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есеге көп. Өңірдің сұранысын өтеу үшін соның алтыдан бірі ғана жеткілікті. Қалғаны өзге облыстар мен көрші елдерге сатылады. Биыл Ташкент павлодарлық картопқа жылдағыға қарағанда бірнеше есе артық тапсырыс беріпті. Қоймаларын толтырып алған шаруалар өз өнімдерін ішкі нарыққа әлі шығармай отыр. Бірақ жыл басынан бері Павлодарда да картоптың көтерме бағасы 30 теңгеден 80-90 теңгеге дейін қымбаттаған. 

Олег Литвененко, шаруа қожалығының басшысы:

– Шын мәнінде қолдан жасап отыр. Соңғы екі аптада картоптың бағасы 30 пайызға өсті. Біз 90 теңгеден сатқанымызбен, Алматыдағы көтерме баға 115 теңгеден аспауы керек. 10-15 теңге жолына кетсе, 10-15 теңге делдалдың пайдасы болады. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері де алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Картоп егілетін алқап көлемі 2700 гектарға қысқарғанымен, биыл өнімнің жақсы екенін алға тартуда.

Айнагүл Өміртаева, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі:

– Статистика комитетінің мәліметіне сай, республика бойынша егілген картоптың 95 пайызы жиналып бітті. Фермерлер 3 млн 330 мың тонна өнім алды. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 710 мың тоннаға көп. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге толық жетеді және алаңдауға ешқандай себеп жоқ. 

Алматының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы бағаны ұстап тұру үшін жәрмеңке, базар мен сауда орындарына картопты тікелей жеткізу жүріп жатқанын айтады. Осы аптада Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін өткізіп, картопты 110 теңгеден сату жоспарланып отыр. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Нұржан Мергенбай, Тілеуқабыл Мыңжасар, Ақмарал Есімханова

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.

Сайттың толық нұсқасы