LIVE
Дүйсенбі, 16 Қазан 2017 23:18

Шымкенттік режиссер Жорабек Мұсабаев «Абылайхан» атты көркем фильмнің түсірілімін аяқтады.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқау болған туынды негізінен Оңтүстік Қазақстан облысының таулы аймақтарында түсірілген. Фильм 2 бөлімнен тұрады. Кинокартинада Абылайдың рөлін жас актер Сардар Мұсабаев сомдапты. Фильмді түсіруге шығармашылық топ 2 жыл уақытын жұмсаған. Режиссер әрі сценарий авторы тарихи драмаға қажетті материалдарды кітаптан алыпты. Сол себепті жазушы Ілияс Есенберлин мен Қазыбек Тауасарұлының танымдық шығармаларын жата жастана оқығандығын айтады. Фильм қазір өңделу үстінде. Келер жылдың сәуір айында көрерменге жол тартады. Көктем шыға киноның екінші бөлігі түсіріле бастайды.

Жорабек Мұсабаев, режиссер:  

- Мендегі Абылайхан сәл басқашалау. Себебі көп жерде тарихи өзгешеліктер өте көп. Әркім әрқалай жазады. Әр тарихшы өзінің бағытын көрсеткісі келеді. Менің де мұнда өз бағытым бар.

Сенбі, 14 Қазан 2017 18:28

Атырау қаласының күніне арналған жаңа мəдени нысан ретро-саябақтың ашылу салтанатында «Дос Мұқасан» ансамблінің ескерткіші таныстырылды.

Ретро-саябақ өткен ғасырдың 50-жылдарындағы неоклассикалық стильде жасалған. Негізгі аумағы Жайық өзенінің жағалауы мен аллеялармен емін еркін, жаяу демалуға арналған.

«Атырау тұрғындарынан қосымша демалыс орындарын салу жөнінде ұсыныстар түседі. Жаңа рекреациялық аумақтар жасау жұмыстары жалғасады. «Жеңіс саябағын» үлкейту, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы Жайық өзенінің жағасынан саябақ жасау жоспарда бар. Басқа да жобалар жүзеге асады, біз сіздердің қолдауларыңызға сенеміз», – деді тұрғындарына облыс əкімі Нұрлан Ноғаев.

Ретро-саябақ құрылысы 2015 жылдың ақпанында басталған. «Теңізшевройл» ЖШС «Игілік» əлеуметтік-инфрақұрылым бағдарламасы аясында салған саябақ Жайық өзенінің жағасында Тұрғындар қалашығы ықшам ауданында орналасқан. Жаңа демалыс орны классикалық стильде жабдықталған. Амфитеатр, мейрамхана, көрме павильоны, музыкалық субұрқақ, жасанды тоған бар. Бейнебақылау жүйесі мен радиоторап орнатылған.

Саябақта «Дос Мұқасан» музыкалық ансамбліне ескерткіш қойылды. Оның ашылуына ансамбль мүшелері арнайы келіп қатысты. Жоба бойынша алаңдағы 3,5 гектар жерге 750 ағаш отырғызылды. «Игілік» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 250 млн АҚШ доллары игеріліп, 130 жоба жүзеге асты. Соның нəтижесінде дəрігер, мұғалім жəне техникалық қызметкерлерге 1 000-нан астам жұмыс орны құрылды.

«Ретро-саябақ Атырау қаласының тұрғындары үшін ғажайып демалыс орны боларына сенеміз», – дейді ТШО компаниясының бас директоры Тэд Эдчисон.

Ақпарат көзі: inform.kz

Сәрсенбі, 11 Қазан 2017 16:25

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры қолдауымен Қазақ деректі киносы күндері ашылды.

Еліміздің белгілі режиссерлері мен шығармашылық университеттердің студенттері қатысқан Қазақ деректі киносы күндерінің ашылуы салтанатында «Қазақфильм» киностудиясының «Деректі кино және киношежіре» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Әсет Ерназаров жақында ғана Екатеринбург қаласында өткен  ХХVІІІ «Ресей» деректі кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы «Өмірді сүйетін кейіпкердің образын көрсете алғаны үшін» атты жүлдесін «13 шақырым» фильмінің режиссері Владимир Тюлькинге табыстады.

-Екі ай бойы әр сәрсенбі күндері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қорының кинозалында еліміздің деректі кино мэтрлары, сонымен қатар жас режиссерлер түсірген деректі кинолар көрсетіледі. Деректі фильмдер прокатқа шықпайтындықтан, заманауи Қазақстанның өзекті мәселелері жөнінде баяндайтын отандық документалистердің соңғы екі жылда түсірген жұмыстарын көріп, танысуға бірегей мүміндік туып отыр, – деді Әсет Ерназаров.   

Қазақ деректі киносы күндерінің ашылуында  Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған «Өйткені жақсы көремін», «Түстердің үйлесімділігі» және «Наири» атты жас режиссерлердің жұмыстары көрсетілді.

Сонымен қатар мәдени іс-шара барысында «Қазақфильм» киностудиясы шығарған басқа да деректі фильмдер көрсетіледі.

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.

Сайттың толық нұсқасы