LIVE

«Абзал жан»: Дәрігерлердің өмірі жайлы телехикая қыркүйекте көрерменге жол тартпақ

Қазақ киносының қоржыны тағы бір жаңа туындымен толығады.

«Хабар» телеарнасының тапсырысымен түсіріліп жатқан «Абзал жан» телехикаясы адам жанының арашасы – дәрігерлердің өмірін суреттейді. Сәби күтіп жүрген әйелдердің денсаулығындағы қиындықтар, дәрігерлердің ана мен бала өмірін сақтап қалудағы жанкешті әрекеті баяндалатын телехикаяны көрерменге таныс «Женский доктор» фильмінің қазақша нұсқасы десе болады. Шығармашылық топ украиналық әріптестерінен фильмді қазақстандық аудиторияға таратуға арнайы құқық алған. «Себебі ана мен бала өмірі қай қоғамда да маңызын жойған емес», – дейді фильмнің продюсері.

Николай Пак, «Абзал жан» фильмінің бас продюссері:

– Украиналық әріптестерден кеңес алдық. Киевте фильмнің үшінші маусымы түсіріліп жатқанда, біздің түсіру тобымыз сонда барып, тәжірибе алмасып келді. Себебі медицинаның ұңғыл-шұңғылын көрсететін мұндай фильм Қазақстанда әлі түсірілген жоқ. Ауруды емдеуді де, баланы өмірге әкелуді де шынайылыққа өте жақын етіп көрсетуге тырыстық.

Телехикаядағы басты рөл жас актер Қажымұқан Қалымбеттің еншісіне тиіпті. Сценарий желісі бойынша тағдырдың жазуымен баласынан айырылған әке өзінің білімі мен күш-жігерін ана мен баланың өмірін сақтауға арнайды. Бір қызығы, актер Қажымұқанның операция жасауда өмірлік тәжірибесі бар.

Қажымұқан Қалымбет, актер:

– Мектеп бітірген кезде мен Асфендияров атындағы медицина университетіне түскен болатынмын. Үш жыл оқып, фельдшерский алған соң, кетіп қалғанмын. Себебі мектеп кезден өзім өнерге жақын болғанмын. Бәрібір өнер тартып алды өзіне. Бірақ еш өкінбеймін. Ал мына жерде оның әжептеуір көмегі тиіп жатыр. Себебі кейбір терминологиялар, тілге сәл де болсын үйреншікті жағдай.

Фильмнің бірінші маусымы 32 бөлімнен тұрады. «Абзал жан» телехикаясының алғашқы бөлімі қыркүйек айында көрерменге жол тартпақ.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.

Сайттың толық нұсқасы