LIVE

«Хабар» агенттігі Қазақстанда алғаш рет детектив жанрындағы қазақ тілді телехикаяны түсіруде

Алматыда «Хабар» агенттігінің тапсырысымен детектив жанрындағы сериал түсіріліп жатыр.

Қазақстан кинематографы тарихындағы алғашқы шытырман оқиғалар телехикаясы «Тергеушілер» деп аталады. Картина биыл «Хабар» телеарнасында көрсетіледі деп жоспарланып отыр.

Қазақ тіліндегі алғашқы детективті түсірумен Adam Media Plus командасы айналысып жатыр. Телехикая қарапайым азаматтарды қорғау үшін басын бәйгеге тігіп жүрген полицейлердің күнделікті жұмысы жайлы баяндайды. Қазақстандық жобаға халықаралық команда жұмылдырылған. Фильмнің режиссері украиналық Ахтем Сеитаблаев.

Ахтем Сеитаблаев, «Тергеушілер» телехикаясының режиссері:

Детектив жанры көрермендер үшін қашанда қызық. Өйткені таразының бір басында қылмыскерлер, екінші жағында полицейлер тұр. Қылмыстың бетін ашып, күдіктіні құрықтау үшін ақыл-ой мен мол тәжірибе керек.

Әр серияда көрермендерді түрлі оқиға күтіп тұр. Телехикаяның басты кейіпкерлері аға тергеуші Кәмшат Мырзабекқызы бастаған тәртіп сақшыларының тобы. Майор Мырзабекқызын актриса Гүлшарат Жұбаева сомдайды. Оның бұл рөлге таңдалуы тегін емес. Гүлшарат – таэквондодан спорт шебері. Алдағы экшн-эпизодтарды түсіруде актриса татамиде үйренген әдістерін қолданатын болады.

Гүлшарат Жұбаева, актриса:

– Мен бұған дейін Ішкі істер қызметінде жұмыс істегім келген. Және аз ғана уақыт істеп те көргенмін. Жан-жағында болып жатқан әртүрлі жағдайға, оқиғаларға байланысты қатал болуға, екінші жағынан суыққанды қарауға тура келеді.

Телехикая 16 сериядан тұрады. Неміс франшизасының негізінде түсіріліп жатқан «Тергеушілер» сериалы биыл күзде көрермен назарына ұсынылады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Әбен Нарымбаев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.

Сайттың толық нұсқасы