Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысында жарық кестемен беріліп жатыр

«Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы» жөндеу жұмыстары апта соңына дейін аяқталады. Мамандар брифинг өткізіп, журналистердің сұрағына жауап берді. Тамыздың 11-13 күндері Ақтаудағы жылу электр станциясында 2 энергоблок істен шыққан болатын. Соның салдарынан қазір Маңғыстау облысындағы елді мекендер мен кәсіпорындарға электр қуаты шектеумен беріліп жатыр. Жалпы МАЭК 545 мегаватт тоқ өндіре алады. Ал қазір қанша мегават тоқ беріп тұр?

13 тамыз күні «Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы» №1 энергоблок істен шықты. Бұл жаз басталғалы бергі 2-ші апат. Ал №3 энергоблоктың авариялық жөндеуде тұрғанына 3 тәуліктен асты. Қазір кәсіпорындағы 3 электр станциясының біреуі ғана өз жұмысын жалғастыруда. Сәйкесінше, өндірілетін энергия көлемі де аз. Осыған орай ертеңнен бастап Ақтау, Жаңаөзен қаласы мен 5 аудан 3-тен 5 сағатқа дейін тоқтан ажыратылатын болды. Бұл туралы тұрғындарға бір күн бұрын ескертіледі.

Жұмабай Қарағаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:
-Шектеуді біз барлық елді мекенге қарастырып жатырмыз. Тұрғындарға ертеңгі күннен бастап, бір күн бұрын айтылады. Шалғай ауылдар болсын, толықтай кестесі болады. 3 сағаттан 5 сағатқа дейін деп отырмыз. Біздің жоспарымыз бойынша МАЭК аптаның соңында 3-ші блокты іске қосуды жоспарлап отыр. Егер толықтай режимге шықса, барлық шектеулер алынады.

Мұрат Иғалиев, энергокомбинат бас директорының бірінші орынбасары:
-Авария болған энергонысанды өз қаражатымызға жөндеп жатырмыз. Мамандар мен қажетті материалдар жеткілікті. Жалпы үшінші энергоблок әр 4 жыл сайын күрделі жөндеуден өтіп тұрады. Яғни кестеге сәйкес 2024 жылы жасалады. Бұған дейінгі жөндеуге 1 млрд 200 млн теңге жұмсалды. Қазір нарық бағасы өзгерді. Соған сай сметалық есептеулер жасалады.

Елді мекендерде тоқты «тиімді өшірудің» түрлі амалдары қарастырылып жатыр. Электр қуаты таңғы 7-мен түнгі 11 аралығында, яғни ең жоғары жүктеме кезінде ажыратылады. Мамандар осылайша аудан-қалада мүлдем тоқ болмай қалуының алдын алмақшы. Ал әлеуметтік және денсаулық сақтау мекемелері тәулік бойы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Аптап ыстық қазіргі жағдайға кері әсерін тигізуде. Сала мамандары тұрғындарға тоқты үнемдеу қажеттігін ескертті.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев