Хабар телеарнасы

27 тамызда балалар жарақатын азайтуға бағытталған шара басталады

Елімізде 27 тамызда балалар жарақатын азайтуға бағытталған жедел-профилактикалық шарасы басталады. Әкімшілік полиция комитетінің айтуынша, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері полицияның ерекше бақылауында. Жыл басынан бері 64 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал кәмелетке толмағандарды қабылдаған 1 мың 500-ге жуық ойын-сауық мекеме басшысына қатысты іс тіркелді. Қазір Ішкі істер органдарында 4 мыңнан астам жасөспірім есепте тұр.

Лейла Әліпбаева, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
-Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Жаңа оқу жылының жақындағанына байланысты полиция бөлімшелерінің патрульдік маршруттары білім беру ұйымдарына барынша жақын болады. Еліміздің барлық өңірлеріндегі мектепке жақын орналасқан жол белгілерінің, бағдаршамдардың жұмысқа жарамдылығы толық тексеріледі.