Хабар телеарнасы

Тоқаев: Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда

Сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам. Президент Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында мемлекеттік қызметшілердің келбетін осылай сипаттады. Сондай-ақ олар әрдайым бастамашыл және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет деді. Әсіресе жастарға көп сенім артатынын айтты.  

Қай салада болсын ұжым жастармен толығып, құрам жаңарып отыруы заңдылық. Олар әдетте қызметті төменгі сатыдан бастайды және орын босаған сәтте ғана жұмысқа алынады. Саяси реформадан кейін бұл қағидаға ресми түрде түзету енгізілді. Мәселен партия­лардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйел­дер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді. Ол 30% деп көрсетілді. Бүгінгі Мәжіліс және мәслихат депутаттары сол тәртіппен жасақталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады.

Президент билік құрылымдарына аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керек дей келе бұл саясат алдағы уақытта да жалғасын табады деді. Ал қызметке келген шенеуніктер мен басшылар қоғамның мұң-мұқтажын тыңдап, дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мен қазақ елінің жастарына сенемін. Сондықтан олардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданды. Президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен кәсіби жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады.

Жас екен деп шетінен басшылық қызметке тағайындау болмайды. Өткен аптада ғана 30 мың үміткердің арасынан оқ бойы озып шыққан 50 резервшінің тізімі жарияланды. Дені - шетелде білім алып тағлымдамадан өткен магистрлер мен тәжірибелі мамандар. Енді олар өз саласы бойынша елді өркендетуге ниетті.

Фарида Төлеубаева, президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- Лауазым мен мансап бұл жерде маңызды емес. Сондықтан қай жерге шақырса, қай жерде менің пайдам тие алады деген жерге барып, осы еліміз үшін жұмыс атқарамыз. Халықта туындап отырған басты мәселелердің бірі интернет мәселесі, байланыстың сапасы мәселесі. Сондықтан біз алдымен осы цифрландыру саласын дамыту жолында міндетті түрде байланыс, ифрақұрылымға мән беруіміз қажет деген ойдамын.

 Дәл осындай іріктеу бұған дейін де өткізілген болатын. Резервке алынған 350 адамның 270-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға жұмысқа орналасыпты.

Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы