Хабар телеарнасы

Түркістанда Б. Саттархановты еске алуға арналған турнир басталды

Түркістанда Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы 22-ші халықаралық турнир жалғасуда.

200-ден астам былғары қолғап шебері 13 салмақ дәрежесі бойынша кім мықтыны анықтап жатыр. Жарыстың екінші күні шаршы алаңға қыздар көтерілді. 50 келі салмаққа дейінгі бұрымдылардың боксы тартысты өтті. Өйткені бұл салмақта елімізде бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан дәл қазіргі уақытта кім топ жарады деген сауалға бірден жауап айту қиын.

Халықаралық турнирдің бас төрешісі Ержан Оспанбаев жарыс деңгейі жылдан-жылға өсіп келе жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, Түркістан төрінде өтіп жатқан турнир 4 сәуірге дейін жалғасады.

Көркем Берікқызы, турнирге қатысушы: 
- Бұл жекпе-жекте бауырдан ұрудың арқасында жеңіске жеттім. Әрине, бұның бәрі өзімнің бапкерімнің арқасында және осындай жоғары деңгейде өтіп жатқан Б.Саттарханов ағамызды еске алуға арналған турнирінде бокстасқаныма қуаныштымын. Бұйырса 1 орын алуға тырысамын.