Хабар телеарнасы

«Junior Eurovision 2018» балалар ән байқауына ұлттық іріктеу басталды

«Junior Eurovision Song Contest» халықаралық балалар ән байқауы. Биыл беделді конкурста Қазақстанның да жас әншісі қатысады. Бұл – «Хабар» Агенттігінің Еуропалық тарату одағымен ұзақ жылдар бойы жүргізген келіссөздерінің жемісі.

Ерлан Игісінов, «Хабар» телеарнасының директоры

- «Хабар» үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Өйткені біз, өзіміз жалғыз Қазақстан аумағында ән байқауының ұйымдастырушысы болып табыламыз. Айта кету керек, «Хабар» Агенттігі – осы ересектер мен балалардың «Eurovision» ән сайысын өткізетін Еуропалық хабар тарату одағының қауымдастырылған мүшесі.

Ел намысын абыроймен қорғайтын жезтаңдай жас әншіні мыңдаған талант иесі арасынан Қазақстанның танымал мәдениет қайраткерлері, музыканттары мен әншілері таңдамақ. Ал іріктеу кезеңге қатысу үшін өтінімдер http://khabar.kz сайтында қабылданып жатыр.

Ерлан Игісінов, «Хабар» телеарнасының директоры

- Бүгіннен, яғни тамыздың бірі күнінен бастап 31-не дейін қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Біздің арнаның сайтында барлық арнайы талаптар жазылған анкета бар. Ал өтінімдерді қабылдау науқаны аяқталғаннан кейін, қыркүйектің 7-не дейін құрамында атақты әншілер, музыканттар мен музыкалық продюсерлер бар қазылар алқасы финалистерді анықтайтын болады.

Ән байқауына кез келген қазақстандық бала қатыса алады. Бастысы жас ерекшелігі 9 бен 14 аралығында болуы қажет. Сонымен қатар телеарнаның сайтына жеке ақпараттарыңыздан бөлек, фотосуреттеріңіз бен авторлық әнді жүктеу міндеттеледі.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері

- Орындайтын әні бұрын-соңды еш жерде орындалмаған авторлық ән болуы керек. Өзіне арнап жазылған, бәлкім балалардың өздері жазған ән болуы мүмкін. Әннің ұзақтығы 2 минут 45 секундтан 3 минутқа дейін болуы керек. Бұдан аспауы керек. Әнге қойылатын тағы бір талап ән қатысушы елдің тілінде болуы керек, яғни қазақ тілінде. Ал 40 пайызы ағылшын тіліне дейін болуы керек. Және европоп стилінде болған ән дұрыс. Бұл байқаудың негізгі талабы.

Конкурстың ұлттық іріктеу сынында барлық қатысушылардың мүмкіншіліктері бірдей. Тек шын талант иесі ғана жүзден жүйрік шығады. Ел намысын абыроймен қорғауға Минскке аттанатын жезтаңдай әншіні «Хабар» арнасының көрермендері тікелей эфирде дауыс беру арқылы таңдайды. Ал ол қыркүйек айының соңында болады.

Авторлары: Риат Шони, Аманжол Байгазин